Бастамаға қолдау білдірді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жалпыреспубликалық «Атамекенім» акциясын жария еткені баршаға жақсы мәлім. Аталмыш акция Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндетті тікелей жүзеге асыру тетігі болып табылады.
Түпкі меже – әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық жасау мәдениетін жүйелі негізде дамыту. Облыстық кәсіпкерлер палатасының Қаражал қалалық филиалы осынау маңызды науқан шеңберінде барынша әлеуетті әрекеттерді қолға алып, тындырымды істерді жүзеге асыруда. Айталық, Жәйрем кентіндегі жеке кәсіпкерлермен мақсатты кездесу барысында акцияның қоғамдық сипаттағы маңыздылығы мен қажеттілігіне қатысты кең көлемді түсініктеме берілді. Қатысушылар назарына науқанның бастапқы кезеңінде атқарылған іс-қимылдардың нәтижелері туралы дәйекті мысалдар мен олардың жұртшылыққа жағымды әсер еткенін айғақтайтын деректер ұсынылды. Әңгіме түйінінде кент аумағындағы кәсіпкерлер қауымы бағалы бастаманы толыққанды қолдайтындарын мәлімдеді.
– «Атамекенім» акциясы әлеуметтік жауапкершілік мәселесінде бизнестің бағалы бастамаларын кедергісіз ілгері бастыруға бағытталған, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалы директорының міндетін атқарушы Меруерт Мұқашева. – Қайырымдылықтың негізгі шарты – көмектің атаулы түрде көрсетілуі, оның тиімділігі, бұлжымастығы мен кәсібилігі. Біз осы ұстанымға сүйене отырып, айтарлықтай көлемдегі жағымды жұмыстарды жүзеге асыра алатынымызға сенімдіміз.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ҚАРАЖАЛ қаласы.