Баспаналы болудың жаңа бастамасы
Мемлекет басшысы көпбалалы, толыққанды емес және табысы төмен отбасыларды, сонымен бірге, мүгедек балалары бар отбасыларды баспанамен қамтуды тапсырғаны белгілі. Жылдық 2-3% пайыздық мөлшерлемемен баспана алу – бұған дейін болмаған бастама.
Бұл мақсатқа бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын 50 миллиард теңге, ал, жүзеге асырушы ретінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі анықталды. Қаржы республикалық бюджеттен сәуірден бастап беріледі. Ал, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі несиенің жаңа түрін беру жолдарын тездетіп әзірлеп, халыққа ұсынуы қажет. Осы санатқа жататын облыс тұрғындарын баспанамен қамту үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп отыр.
Қуат ТӨЛЕУХАНОВ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары:
– Бұл бағдарлама бойынша кімдердің баспаналы болатындығын жергілікті әкімдік анықтайды. Негізінен, үй кезегінде тұруы және көпбалалы отбасы болуы керек. Бұл ретте отбасында баспананың жоқ екендігі, отбасы құрамы, жан басына шаққандағы орташа табысы қаралады. Отбасының жиынтық табысы оның әр мүшесі үшін ең төменгі кедейшілік шегінің 1,5 есе көлемінен аспауы тиіс. Біздің банк беретін несиелік тұрғын үйлерді 2 пайызбен және бастапқы 10 пайыз жарнаны төлеу арқылы алуға болады.
Бұл ретте айта кететін тағы бір жайт, табысы төмен отбасыларда бастапқы жарна көлемін төлеу үшін облыстық бюджеттен тағы 1 млрд. теңге бөлінген. Оны сертификат ретінде бастапқы жарна үшін қолдануға болады. Бұл – көпбалалы отбасылар үшін берілген тағы бір мүмкіндік. Тұрғын үй несиесі 18 жылға беріледі. Ол 15 млн. теңгеден аспауы шарт. Яғни, осы сомадан аспайтын салынып жатқан жаңа үйлерді, екінші нарықта сатылымға шығарылған үйлерді не болмаса жер үй сатып алуға болады. Аймақта көпбалалы отбасылар үшін арнайы салынған тұрғын үй жоқ. Қазір бой көтеріп жатқандары әуелде басқа бағдарлама бойынша жоспарланған. Ал, бұл бағдарлама өткен айдан бастап қолға алынды.
Облыстық бюджеттен қарастырылған қаражат жалпы өңірлерге бөлінеді. Сонда облыс орталығы үлесіне 500 млн. теңгедей тиеді екен. Бұл облыс көлемінде 150 отбасыны баспаналы етуге мүмкіндік береді. Бізге берілген мәліметке сүйенсек, 1200-ден астам көпбалалы отбасы үй кезегінде тұр.
Қуат Батырханұлының айтуынша, қазір жалға берілетін тұрғын үй көлемін арттыру турасында ұсыныстар жасалды. «Біздің ұсыныстарымыздан қайсы қабылданғаны, облыста қандай жобалар жүргізілетіндігі республикалық бюджеттік комиссияның отырысынан кейін белгілі болады» – дейді ол.
Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Елбасының 40 мың жалдамалы пәтер салу туралы тапсырмасы 2025 жылға дейін орындалатындығын айтқан болатын. Осы уақыт ішінде үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың барлығы баспанаға қол жеткізеді. Министрдің сөзінше, бұл жұмыс биылғы жылдың мамырынан басталмақ.
Жалдамалы тұрғын үй үшін несие берілмейді, сәйкесінше, коммуналдық төлемдерден басқа шығын шықпайды. Алайда, ол өз меншігің болмайды.
Облыста бүгінгі таңда «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері – 11 519, ал, көпбалалы аналардың саны – 12 670 екенін айта кеткен жөн.
Жансая Омарбекова