ҚарағандыЭкономика

Баспана: қай бағдарлама тиімді?

«Өз үйім – өлең төсегім» деген мақалды бәріміз білеміз. Сол «өлең төсегіне» қол жеткізе алмай жүрген жандар қаншама?! Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаңа бағдарламалар әзірленіп, қолданысқа беріліп жатады. «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Нұрлы жер», «Баспана хит», «Қолжетімді баспана», «7-20-25» деп басталып, кейінгі «5-10-20» бағдарламасына тірелгенше жалғаса береді бұл тізім. Сонда да баспаналы болуды армандағандар қатары әлі де көп. «1 Евразия» арнасынан берілетін «BastyPrime» бағдарламасында елімізде үй кезегінде тұрғандардың саны 540 мың екені айтылды…

Жоғарыда аталған бағдарламалардың халық үшін ең тиімді болғаны қайсы? Бағдарлап қарасақ, жағымды пікірді көп жинағаны «Нұрлы жер» екен. Қазір бұл бағдарлама тоқтап тұр. Дегенмен, осы бағдарлама шарттарын «жіліктеп» көрелік.

«Нұрлы жер» арқылы үй алу үшін салынатын алғашқы жарна пәтер құнының 30 немесе 35 пайызын құрауы тиіс. Тұрақты табысыңызды растай алсаңыз – 30, ал олай болмаған жағдайда (ЖШС, ЖК ретінде) 35 пайызын салу керек. Осы ретте, «Мұның қара халыққа тиімділігі қайсы? 10 пайызын жинау қиынға соғып жүргенде, 30-35 пайыз тым артық емес пе?» – деген мазмұндағы күмәнді ойдың орын алуы әбден мүмкін. Бұның артықшылығы мынада – баспана алғандардың қарызының 30 пайызын мемлекет өтеп береді. Мәселен, пәтер алушы ай сайын 200 000 теңге төлеуі керек болса, сол соманың 60 мыңын мемлекет төлеп отырады. Пәтер иесінің үлесі – 140 мың теңге.

Дәл қазір тиімді ипотеканың бірі – «Бақытты отбасы». Бір ескерер жайт – бұл бағдарлама белгілі бір әлеуметтік топтарға (көпбалалы отбасы, толық емес отбасы немесе мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы) ғана бағытталған. Ол бойынша құны 15 миллион теңгеге дейінгі баспананың алғашқы 10% төлеп, рәсімдеуге болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі үндеуінде айтылған «5-10-20» бағдарламасына да тоқтала кеткен жөн. Бұл жердегі 5 – пайыз, 10 – алғашқы салым, 20 – жылға шаққандағы төлем кезеңі. Мұны екінің бірі рәсімдей алмайды. Тек, жоғарыда айтылған, үй кезегінде тұрғандар ғана пайдалана алады. «Пәтер құны қанша?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін ғой. Оны әр қаладағы нарыққа қарап есептеу керек. Мәселен, Алматыда шаршы метрі – 240 мың теңгеге дейін болса, Елордада шаршы метрі – 220 мың теңге шамасында. Ал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Түркістанда шаршы метрі – 180 мың теңгеге дейін.

Жалпы, байқастап отырсақ, баспана алуға арналған бағдарламалардың бастапқы жарнасы жыл санап төмендеп келеді. Сонда да мұқтаждық толастар емес. Бастапқы жарна қаншалықты төмендегенімен, оны жинақтау оңайға соқпауда. Бұл ретте елдегі инфляция деңгейін де ескерген ләзім.

Не істеу керек? Әрине, барынша үнемдеп, осы бағдарламамен үй алу үшін тынбай еңбек етіп, алғашқы жарна көлемін жинау керек. Бұл – мәселені шешудің төте жолы. Осы орайда, қонаққа баруды, той жасауды шектеп, соның арқасында қажетті қаржыны жинаған жандардың бар екендігін айта кету артықшылық етпейді.

Осы мәселе түйткілін түбегейлі тарқату үшін құжаттарға қойылатын талаптарды барынша жеңілдетіп, 60-100 мың теңге көлемінде еңбекақы алатын топтарға арналған жеке бағдарлама, 100-150 мың теңге алатындарға жеке бағдарлама түзуді ойластыру керек секілді. Әйтпесе, бүгінгі қалпымыз – қалып. Негізі, бұдан да қарапайым тәсіл бар. Ол – «Жалға берілетін пәтер» арқылы сатып алу. Алғашқы жарна ұғымын мүлдем алып тастап, пайыздық өлшемді сәл көтеруге болады. Мәселен, өтемақы 8-10 пайыз шамасында болса, төлем жасау кезеңін үйді сатып (жалға) алушының еңбекақы мөлшеріне лайықтап (15, 20, 25) ресімдесе, халықты баспанамен қамтамасыз ету жайы оңтайлы шешілер еді…

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button