Жаңалықтар

Бас жүлде – қарағандылықтарда

Қарағандылық «Айналайын» мен Бұқар жыраулық «Балдәурен», «Шұғыла» хореографиялық ансамблі Өзбекстанда өткен Nauryz Fest халықаралық байқауынан жеңіспен оралды.

Қарағанды қаласының №1 Балалар өнер мектебінің «Айналайын» ансамблі байқаудың Бас жүлде иегері атанды. Топтық би аталымында ұйғыр, андижан полькасы, тәжік биін билеп, үздік атанды. Сонымен қатар, Нұрсая Балтабай мен Даяна Досова «Бұхара» биі мен «Арманға апарар жол» композициясын орындап, қос бірдей Бас жүлдені иеленді. 

– «Айналайын» ансамбліне өткен жылы 20 жыл толды. Біз байқауға Өзбекстанға кіші, орта және жоғары топтарымызды алып бардық. Сондай-ақ бізде дуэттер мен жеке нөмірлер болды. Бес Гран-При мен үш І орын иелендік. Қазылар алқасы әртүрлі елдердің ең мықты ұжымдары жиналғанын атап өтті. Оларға ең үздігін таңдау қиынға соқты, – дейді Доскей ауылындағы «Мирас» балалар өнер мектебінің «Балдәурен» хореографиялық ансамблінің жетекшісі Қанипа Имашева.

Ұжым қазылар алқасының мүшелерін «Қара жорға» ұлттық биін орындаумен тәнті етті. Осы нөмір үшін ансамбль Бас жүлдемен марапатталды.

– Биыл «Балдәурен» хореографиялық ұжымына 10 жыл толады. Орта топта 14 қатысушы бар. Олар көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Менің тәрбиеленушілерімнің жеңісі – көп жылдық табанды дайындықтың, жаттығудың нәтижесі. Жалпы, біз сапардан ұмытылмас тәжірибе алдық. Мұндай жарыстарда балалар кәсіби тұрғыда өседі, – деп атап өтті Қанипа Имашева.

Бұқар жырау ауданының «Руханият» балалар өнер мектебінің «Шұғыла» ансамблінің есебінде екі бірдей Бас жүлде бар. Ұжым өзбек биі «Байрам» және қазақ биі «Домбыра думан» үшін марапатталды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button