Жаңалықтар

Бас мүфти – Қарағандыда

Облысымызға арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қабылдап, аймақтағы діни ахуалды талқылады, ортақ жобаларды жүзеге асыруға келісті. Одан бөлек, Бас мүфти бірқатар іс-шараларға қатысып, аймаққа қарасты мешіт имамдарымен арнайы кездесті. Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданы Үштөбе елді мекеніндегі «Үштөбе» оқу-ағарту орталығының ашылу рәсіміне қатысып, Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 355 жыл толуына орай өткізілген республикалық конференцияға қатысып, баяндама оқыды.

Қарағанды облысында 128 мешіт бар. Өңірдегі мешіттерде 191 дін қызметкері жұмыс істейді. Біз имамдар форумында үнемі дін қызметкеріне қатысты құжат қабылдаймыз. Елордада өткен имамдар форумында «Зияткер имам» құжатын қабылдадық. Құжатты қабылдау­дағы мақсат – білімді, тәжірибелі, жан-жақты білім алған имамдарды іріктеп, ортақ мақсатқа жұмылдыру. Дін қызметкерлерінің жан-жақты білім алуына барынша жағдай жасап отырмыз. Бұл игі ісімізге әкімдік тарапынан да қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Одан бөлек, ҚМДБ Төрағасы ас беру мен зират көтеруде ысырапқа жол бермеуге үндейтін «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат ету мәдениеті» құжаттарын қоғамға барынша насихаттаудың маңызын атап өтті. Ал, аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы бұл бағытта қажетті қолдау жасалатынын жеткізді.

Наурызбай қажы Тағанұлы сапар барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен дін қызметкерлерімен бірге Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 355 жыл толуына орай республикалық конференцияға қатысты.

Конференция барысында Құран оқылып, Бас мүфти Бұқар Қалқаманұлының рухына арнайы дұға бағыштады.

Наурызбай қажы Тағанұлы аймаққа қарасты мешіт имамдарымен де арнайы кездесіп, имамдық қызметтің жауапты да сауапты тұстарына тоқталды.

– Имам – қоғамды тәрбиелеуші, ағартушы тұлға. Отаншыл, еңбексүйгіш, аманатқа адал, ата- анасын қадірлейтін иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқарар ролі ерекше, – деген ол имамдардың жан-жақты, білімді болуы – заман талабы екенін де айтып, облыс имамдарына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бас мүфти қатысқан тағы бір айтулы шара – Үштөбе елді мекеніндегі оқу-ағарту орталығының ашылу болды.

– Аллаға шүкір, қазір елімізде діни білім алғысы келетін азаматтар саны күннен күнге көбейіп келеді. Біз халық сұранысына сай, яғни жамағаттың рухани дамуына үлес қосу мақсатында жер-жердегі мешіт жанынан медреселер мен діни оқу-ағарту орталықтарын ашуға мән беріп отырмыз. Осы орталықтан ұлтжанды, отаншыл, имандылық жолды ту еткен шәкірттердің көп шығуын тілеймін, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Бас мүфти бастаған дін қызметкерлері оқу-ағарту орталығы ауласына бірнеше шырша көшетін отырғызды.

«Үштөбе» оқу-ағарту орталығында бір мезетте 150 шәкірттің тәлім алуына мүмкіндік жасалған. Ғимараттың ұстаздар бөлмесі, спорт залы, кітапханасы, дәрісханасы, асханасы, жатақханасы бар. Жалпы ауданы – 1700 шаршы метр.

Сонымен қатар, Бас мүфти «Әнет баба» мешітінде өткен бірқатар шараларға да қатысқанын айту керек. Соның бірі – «Дін мен дәстүр» және «Ізгі қоғам» бөлмелерінің ашылуы.

– Әр халықтың өзін танытатын салт-дәстүрі бар. Егер салт-дәстүрі жойылса, сол халықтың өзі де жойылары сөзсіз. Діннің мақсаты белгілі бір ұлттың дәстүрін, әдет-ғұрпын мансұқтау емес. Ислам діні бүкіл халықты дәстүрі мен құндылығын сақтау арқылы надандық соқпағынан алып шығады, – деген Наурызбай қажы Тағанұлы шара барысында бүлдіршіннің тұсауын кесіп, арнайы дұға жасады.

Сондай-ақ, екі жастың ақ некесін қиды. Шаңырақ көтерген жастарға Исламдағы отбасы құндылығы жайлы уағыз айтып, ақ некені бұзбауға шақырды.

Дәл осы мешітте Наурызбай қажы Тағанұлы жұма уағызын айтты. «Адал ризық және адал кәсіпкерлік» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Алла Тағала жер бетінде сансыз нығмет жаратып, оларды адамзат баласының игілігіне тарту етті. Әр уақыт пайғамбарлар жіберіп, адамзатқа ненің адал, ненің арам екендігін үйретті. Адам баласы бұл сынақ өмірде Жаратушымыздың біздер үшін адал еткен несібесінен пайдаланып, арам атаулыдан бойын аулақ ұстауы қажет. Қазақ қашан да адал ұғымына ерекше мән берген. Тарихқа үңілсек ата-бабаларымыз тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбей, адалдықты ұстанып, Алланың ақ жолынан жаңылмаған» дейді.
ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін Қарағанды жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Жансая ОМАРБЕК,

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button