Қаланың орталық көшесі – Бұқар жырау даңғылы бойында ауқымды абаттандыру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын аңғару қиын емес. Басты көшенің бойындағы жұмыстар мамыр айынан басталыпты. Мамандардың айтуынша, жоспар бойынша қыркүйекте аяқталуы тиіс.
Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаевтың айтуынша, абаттандыру жұмыстарын ел көлемінде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына қосқан үлес деуге болады.
– Бұқар жырау даңғылын абаттандыру бойынша жұмыстар аясында Бұқар жырау бабамыздың ескерткішінің маңайы абаттандырылды. Ескерткіштің өзі де, маңайы да тозып тұрған еді. Бүгінде бұл жердегі жұмыстар аяқталды. Қарағанды қаласы бюджетінен қаражат бөлініп, тастөсемі ауыстырылды, жөке ағаштары отырғызылды, ескерткіштің платформасы гранитті панельдермен жаңартылды. Жалпы, бұл жоба аясында Төлепов көшесінен Ермеков көшесіне дейін абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Ринат Мұратұлы.
Қазыбек би ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеубек Камалиев Бұқар жырау бабамыздың ескерткішінің жөнделіп, маңайының ажарлана түскеніне ризашылығын білдірді. Тілеубек Камалиұлы қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген даналығын еске алды.
Жалпы, аталған алаң Бұқар жырау даңғылын абаттандыру жобасының бір бөлігі болып табылады. Ең алдымен, жаяу жүргіншілер жолы жабынының болашақта тозуын азайтатын жол төсеміне қарай еңіс қалыптастыру арқылы тротуар жабынын ауыстырып, дренаж мәселесін шешу қажет болды. Алаңның стильдік мәніне сәйкес, енгізілген қызыл жолақтар жаяу жүргіншілерге арналған бағыттауыштарды білдіреді.
– Жөке ағаштары алаңның сәнін аша түсті, – дейді Руслан Қаржасбаев. – Енді, оларды күтіп баптау қажет. Арнайы қойылған орындықтар шойыннан соғылған. Сондай-ақ, қолданыстағы шамдар да алмастырылады. Даңғыл бойында орналасқан бизнес өкілдері де абаттандыру ісіне атсалысады.
Маманның айтуынша, абаттандыру жобасы тұтас Бұқар жырау даңғылымен жалғасты. Мәселен, қазір Кеншілер ескерткішінің маңайында да дәл осындай жұмыстар жүріп жатыр.
Аталған даңғыл бойындағы барлық жаяу жүргіншілер жолы бойынша жұмыстарды биыл аяқтау жоспары тұр. Қазірдің өзінде 50-ге жуық ірі жапырақты ағаш отырғызылды.
Жансая ОМАРБЕК,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz