Жаңалықтар

«Барыс жылы туған асау балықпын…»

Әкем Ақсұңқар мен анам Һалифаның аруағына

(ғұмырбаяндық эссе)

Сурет автордың жеке мұрағатынан

(Жалғасы. Басы газеттің №21, №27­ ­санында)

Қайран әкем
Әкем – Ленин мен Сталинге жан-тәнімен берілген коммунист. Үш әйел алған. Менің шешем – соның соңғысы. Үшеуінен де үш қыз көрген. Тұлабойы тұңғыш ұлы мен екем. Еркелетіп, бетімен жібергені содан болуы керек? Сол еркеліктен алпыстан асқанша, есімді жинай алмай қойдым. Басыма Гегель, Фейрбахтар мен Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиндердің шығармаларын үйіп қойып, «ЦК-ның Бас хатшысы боласың» деп өсіріп еді.
1960-1961 жылдары сурет сала бастадым. Бұл – Фидель Кастроның заманы. Есіктен төрге дейін шашылған Фидельдің суреттері. Хрущевке карикатура саламын. Өйткені, оны әкем мысқылдап отырады. Бір күні Ақсұңқар соның біреуін көріп қойып: «Сен мені партиядан шығарасың!» – деп, суреттерімді отқа жағып жіберді. Сталиншіл коммунист еді.
«Бүгінгі кедейлігің түк те емес; ата-бабаңда сөз ұстаған шешен, көш бастаған көсем болса, соның шапағаты сенің жеті атаңа жетеді!» – деуші еді марқұм! «Сен кедейді бай қылам деп ойлама», – деп еді бірде, – Сен түгілі, қылышынан қан тамған совет үкіметінің де қолынан келмеді! Наданды адам қылам деп те ойлама. Сен түгілі, Хакім Абайдың да қолынан келмеген! Тек, жақсының жағасынан алып жүрмесең болды?!»
«Байлық пен ақша, мансапқа қызықпа, «Біләтканың байы – ақша» деген ғой Абай!», – деді бір күні. Соны таба алмай жүргенмін (Абайды жөндеп оқымағанның салдары!) Толық нұсқасын бүгін тауып алып, аң-таң боп отырмын. «Сатып алма, сөз сатса, Ол асылды аңдамас. Біләткенің байы — ақша, Ер жақсысын таңдамас…».
Мен әкемнің осы үш өсиетін орындадым! «Айтқанын екі етпей орындадым! Орындай алмағаным қанша әлі…» Не деген сұмдық сөз!
Мектепті тәмамдаған соң 1967 жылы философ боламын деп, Қарағанды пединститутының тарих факультетіне келдім. Әкем қасымда. Сағат 9-дың шамасында емтиханға кірсем, екі сұрақ келіпті. Біріншісі – «Шыңғысханның шапқыншылығы», екіншісі – «Партияның ХХ съезі. Жеке адамға табынудың зардабы». Жатқа білетін тақырып. Шошаңдап қайта-қайта қол көтеремін.
– Әй, бала! Сен дайынсың ба? – деді емтихан алушылар ширақтығымды аса жақтыра қоймай.
– Дайынмын! – дедім өзеуреп.
– Онда билетіңді ал! – деп, мырс етті.
Біріншісін зулатып айтып шықтым. Ырза болған. – Екіншіге, Сталинге көш! – деді. Сталиннің 13 томын жатқа білемін. «Ол Троцкий, Каменов секілді оңбағандармен күресіп, БКП(б)-ның лениндік курсын қорғап, социализм орнатқан адам. «Жеке адамға табыну» деген болған жоқ. Нағыз кемеңгер – осы!» – деп сөйлеп берейін… Емтиханды Фарфуддинов деген татар алып отырған. Профессор Жуасов бірінші сұрағыма ырза болып, сыртқа шығып кетіп еді. Есіктен кіре берген Жуасовқа: – Бізге бір қызық бала келді. Мынау партияның саясатына қарсы ғой! – дегені.
– Ендеше, неге отырсың? Оған екіні қой да, шығарып жібер! – деді жаңа ғана маған сүйсініп кеткен көкем. Айналасы 20-25 минуттың ішінде «құлап» шықтым. Әкем мен бір топ қызыларайлықтар күтіп тұр екен. Ел:
– Неше алдың? – деп шулап қоя берді.
– Бес! – дедім ерегісіп. Былай шыға бере, боздап қоя бердім.
– Қандай сұрақ? – деді әкем.
– Сталин… – дедім.
– Е, онда түсінікті… – деді әкем, қабағы қарс жабылып…

Әкем Ақсұңқардың
бір жыры
Бір тамшысы ем осынау дүние жалғанның,
Мөлдіреп тұрған Манас көкемнің кірпігінің
ұшында,
Домалап түсіп қалғанмын,
Беғазы-Дәндібайдың тұсында.

Айылымды жыймай замана дейтін
дүлейден,
Аспанға ұшып құс-жаным,
Затымды көріп, атымды қойғанда
Сүлеймен,
Ақсұңқар құсқа ұқсадым!

Ой бақтым, сырбаз бой бақпай,
Көзіме ілмей көрінген көргенсіз немені,
Құлдың заманында құлаққа құрбақа
ойнатпай,
Құдайым мені жебеді!

Мен де бір жүрген шерменде,
Жүрегінің түбі – тылсым мұң.
Орда бұзып отыз сегізге келгенде,
Һалифа дейтін Арудан
Алашта бөлек ұл сүйдім!

Алдына
Ханға жайғандай дастархан жасатып,
Бармағым балға батырып,
Қарпытып қазы-қарта асатып,
Қымыз сімірттім сапырып!

Кердеңге кеудесін игізбей,
Күміспенен күптедім,
Алтынменен аптадым;
Аяғын жерге тигізбей,
Ар-ұятын көзімнің қарашығындай
сақтадым!

Жан жүйесін ерітіп,
Жанына жолатпай тексіздің,
Едігенің ертегісіне елітіп,
Хан Кененің қадіріне жеткіздім!

– Кім болар бұл? – деп ел жүрді іштей
бал ашып,
Күлкілі:
Патша болады деген сол паңым адасып,
Ақын боп кетті бір күні…

«Көзімнің жасы селдейді,
Деуші едім, неге шелектеп?»
Мұхаммед ғалейіс салам айтыпты:
«Бұл елге енді пайғамбар келмейді,
Пайғамбардайын ақындар ғана келед…»,
– деп.

Жан пайыз таппай Хаққа кеп,
Мәйітім қалып түу Қызыларайдың жонында,
«Тіл-көзден, Алла, сақта!» деп,
Аруақ болып мен соның жүрмін соңында…

Анам Һалифа Һәм
әйел заты хақында
Шешемнің әкесі Рамазан төрт жасында кісі қолынан қаза болса, Рамазанның әкесі Кеншінбай, анасы Сара апай да 90-ға тақап дүниеден көшкен. Шешем де ұзақ жасаушы еді. 25 жылдай демікпе деген кеселге ұшырап, ақыры сол алып кетті!
Таубайдан тоғыз ұл туған. Аққожа-Тау­бай үмбеті бертінге дейін қуғын-сүргінде жүрген. Бұлар – төре Әлихан Бөкейхан ауылының қожалары. Мекені – Арқаның Жыланды тауы. Ұлы аталары Құлжада би болған. Сүйегі сонда қалыпты. Соның бір тұяғы Сәуле Мешітбай тәтем Жамбылда. Қытайдан да, советтен де қуғын көрген тұқым бұл! Бір тұяғы генерал Бақытжан Ертаев, меценат Бекзат Алтынбеков. Бүгінде елінің елеулі бір азаматы, нағашы жұртымнан қалған бір көз – сол.
Шешем Һалифа – әкесіз қалған жетім қыз. Шешесі басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткен соң бір әйелі өліп, екіншісінен айырылысқан Ақсұңқарға 16 жасында тұрмысқа шыққан (1944 ж.). Әкем: «Сенің шешеңді жүз қыздан таңдап алдым!» – деп мақтанып отырушы еді.
Соғыстың тәмамдалғанына небәрі 5-6 жылдай болған. Ақтоғайдың Киров (Қоңырат) колхозындамыз. Мұндағы ел жаз шыға киіз үй тігіп, жайлауға шығып кетеді. Біз көшпелілердің соңғы көшін көзімен көрген буын едік. Менің нағашыларым, әкемнің қайын жұрты бұл. Әкем – осында парторг. Осындағы балдыз, жеңгелері аттан түскен күйеу баласын Шәмшінің «Ақсұңқарымен» әндетіп қарсы алады. Әкем жарықтық қалжақбас кісі еді.
– Бұл Роза (Бағланова) мен Һалифаның әні ғой, маған ғашық боп шығарған!, – дейді жайымен. – Мен, бірақ, Һалифаны таңдадым!
– А-а-а? – деп қыз-келіншектер аң-таң қалады. Мен өмірімде өлеңіме сондағыдай таң қалған бір адамды көрген жоқпын әлі.
Шешем қатал, туасы аристократ, әйел затының сұлуы болған, діндар адам еді (1928-2003 ж.ж). Мендей емес, тұңғиық, терең, тәкаппар! «Сен әкеңе тартқан ұшқалақсың!» – деуші еді. Елді мысы басып отыратын! Маған ақындықтың желігі Мекке-Мәдинадағы жырмен түзіліп, Көктен түскен Құранды зердесіне құйып алған нағашылардан жұққан болуы керек? Түп атам қырғыздан Арқада Шөжеден басқа жөні түзу шайыр көрінбейді. Қызыларайда Нұржан деген ақын болған екен. Бірақ, ол жазған-сызғаны жарыққа шықпай, елеусіз қалған (Х1Х-ХХ ғ.). Кейінде әзер тауып алдық.
Әкейдің ЦК-ның Бас хатшысы болады деген арманы өзімен бірге кетті. Шешем – дертті. Төрт ұлдың үлкені – мен. Өлеңімді жазған бетте ылғи шешеме оқушы едім. 1978 жылы әскерге бардым. Ресейдің Пенза дейтін қаласында болдым. Сонда жүріп «ХХ ғасырдың 20 сәтін» жазып келіп, Тәтеме: «Мұқағалидан кейінгі мықты ақын менмін!» – деп мақтанғанымда, о кісі: «Алдыңда Абай тұр ғой! Алладан ұят болады! Өзіңді өзің мақтау – өлім емес пе?! Өзге біреу айтсын», – деген.
Содан бері мақтан атаулыға тым салғырт һәм күдікпен қараймын. Кейінгі кезде мені «Ірі ақын» дейтіндер де шығып жүр. Сол сөз менің құлағыма «Ірі халтуршик» дегендей естіледі. Елден артық ештеңем де жоқ, жаратылыс, болмысымда бірдеңелер болуы керек. Қазақ жеті атаға жетпей қыз алмайды. Менің әке-шешемнің қаны, тіпті, жетпіс жеті атасына дейін де қосылмаған екен. Осыдан басқа мақтанарлық түгім де жоқ! Менде Қырғыз бен Қожа, Арғын-Қаракесек-Тобықтының, үмбетімде Үйсіннің қаны бар. Солардың қорытпасынан Ақсұңқарұлы деген ақын шықты! Мен туасы қан, тәніммен, діл, дініммен, барлық болмыс-бітіміммен қазақпын! Қайдағы бір пақыр болмай, ақын болып кеткенім содан болуы керек?!
Осы жасымда өлеңді (Алланың хикметін С. А.) тақпақпен (пенденің гөй-гөйі) шатастырмаған екі-үш-ақ кісі көрдім. Олар – шешем Һалифа, Нұрмахан Оразбек, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Әбжаппар Әбдәкімов.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button