Жаңалықтар

“Барған жеріңді бақытты еткейсің…”

Қыз ұзату тойларында түрлі тілек айтылады. Елдің бәрі жақсылық тілері анық. Солардың тең жартысы «барған жеріңе бақытты болам деп емес, бақытты етем деп бар» дейді. Құп делік. Бірде, ұзатылып бара жатқан қыздың анасына әлгі сөз ұнамай қалса керек, «Менің жап-жас қызым барған жерін қалай бақытты етеді? Барған жері менің қызымды бақытты етсін алдымен…» деді. Бұл тақырыпқа қатысты қалам тербеу ниетім осы сәттен басталған еді… Естігелі бері, көкейімнен кетпей қойған осы мәселенің байыбына үңіліп көрейік…

Қазақ қыз баланы жас күнінен еркелетіп, аялап өсірген. Оң жақ төрге отырғызып, бар дәмді тағамын беріп, бетінен қақпай еркін тәрбиелеуінің себебі, «Қыз бала – жат жұрттық» деп есептеуі. Бұл туралы халық арасында көптеген афоризмдер қалыптасқан. Қаһарымен талайларды ықтырған батыр Бауыржан Момышұлынан «Кім батыр?» деп сұрағанда «Қыз – батыр» деп жауап беріпті. Өйткені, ер-азамат бөтен елге барса, асып кетсе бір аптадан кейін үйіне қайтқысы келеді, ал қыз бала мүлде өзге жұртқа барып, сол елдің түтінін түтетіп, ұрпағын жалғайды. Демек, барған жерін «бақытты етем деп бар» деген сөз дұрыс айтылған сияқты. Еліміздің әр аймағында салт-дәстүрлердің, ұзату тойларының, тіпті, тілек айтудың да өз ерекшеліктері бар.

Осы бір тілек оңтүстік аймақтарда айтылса мүлдем таң қалмаймыз. Онда шынымен де келіндер бәрінен ерте тұрып, кеш жатады. Барлық тірлік мойнында, бала да табады, қысқасы түскен жеріне тез сіңісіп кетеді. Ал енді, орыс ағайындар көптеу шоғырланған солтүстік аймақтарда бұлай тілек айту – қиындау. Бәріне емес, әрине.

Қыз баланың ұзатылуы мен жоғарыдағы сөздің мәнісіне үңілмек болып, біраз жандармен тілдестік, ой бөлістік. Тұрмысқа шықпаған аруларды да, жаңа түскен келіндерді де әңгімеге тарттық. Ғаламторды да ақтардық. Көбінің ойы бұл сөзді құптайтын сыңайлы. Алайда, неге құптайтындарын жеткізіп айта алмады, тұщымды пікір таппадық. Бұл – отбасылық мәселелердің мәніне үңілмеген өз кемшіліктері немесе құлақтарына құймаған ата-аналарының кінәсі. Тіпті болмаса, әзіл араластырып болса да, санасына сіңірмеген ұстаздарының ағаттығы…

 Ғаламторды қарап отырып Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апайдың журналистерге берген сұхбатына кезіктік.

Көкейімізде мына бір пікірі сақталып қалды: «Қыз баланың үш бақыты бар. Алғашқысы – өмірге қыз болып келгендігі. Екіншісі – өзі сүйген адамына тұрмысқа шыққан сәті, яғни, келін атануы. Үшіншісі – ана болған сәті. Міне, осы үш бақытты тереңнен сезіне алған келін, барған жерін де бақытты ете алады, өзі де бақытты болады» дейді.

Жалпы, қазақ әйелінің бағы да, соры да сол шығар, басқаларға қарағанда мойнына жүктелетін міндет өте көп. «Ерді ер қылатын да, қара жер қылатын да әйел» деп барлығын үйіп-төгіп Құдай жазған тағдырларына. Мұсылманшылықта «Әйел – еркектің қисық қабырғасынан жаралған, оны түзетуге тырыссаңдар, сындырып алуларың мүмкін» деп олардың еркелігі мен нәзіктігін суреттесе, «Әйелдің қырық жаны бар» деп жоғарыда айтылған барлық шаруаға уақыт табатынына сүйсініп айтқан болса керек-ті.

Тапқан деректерімізге қанағаттанбай Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, ұлағатты ұстаз Күліш Төлеухановаға хабарластық.

«Ақыл тоқтатқан, оқу бітірген, ащы тұщыны көрген отбасылық өмірге тастүйін дайын қыз бала – барған жерімді бақытты етемін деп сеніммен айта алады. Ал, енді жастай тұрмысқа кетіп бара жатқан, оң-солын танып үлгермеген балаға алдымен «бақыт» деген сөздің мәнісін түсіндіру керек. Бұл мәселеге жан-жақты қараған жөн. Маған шешем тұрмысқа шығарда «Күйеуің – сенің тұңғышың әрі Пайғамбарың» деді. Сол сәтте ұға қоймасам да, уақыт өте келе түсіндім, отбасы берекесінің ұйытқысы – әйел екенін. Тойда көсемсіп тілек айтуға бәрі шебер ғой, өз басым тойға дейін анасы мен жеңгелері қыздың құлағына құйып, «барған жерінде бәрі сен ойлағандай болмауы мүмкін, бәріне дайын бол, қиындыққа төз, жақсылыққа қуана біл» деп үйретуі тиіс», – деді ол.

Мен өзім үлкен отбасында тәрбиелендім, кенжемін. 5 жеңгем бар, біреуі де атымды атамайды. «Кішкене бала», «Ақ жігіт», «Шырақ» деген сияқты жеңгелерім қойған есімдерім бар. Ішіндегі жаныма ең жақыны – «Шырақ». Кіші жеңгем қойған. Шырақ – үйленетін жігіт деген мағына береді. «Енді, осы әулеттің шырағын сөндірмейтін келінді әкелетін қайным – осы» деген ниеттен туған есім – бұл. Бұрында жаңа түскен келінге шымылдықтың сыртынан сығалап «Бізге қандай есім қоясыз?» деп тыпыршып жүретін-ді қайнылары. Жаңа түскен келіннің сол әулетке тез сіңісіп кетуіне осындай тәлімі бар дәстүрлердің көмегі зор. Өкінішке орай, мұндай салттарымыздың көбі келмеске кетіп барады. Кейде, қазіргі келіндерге қарап ішің ашитыны рас…

Тарихқа көз жүгіртсек, Ұлы жүздің төбе биі, атақты Төле бидің келінін өзі таңдайтыны бар ғой. Сол келіні сенімін ақтап, Төле би қарақшылардың қолына тұтқынға түсіп қалғанда, жазып беріп жіберген хатын оқып, мәнісін жете түсініп, хатта жазылған 40 ірі қараны қарақшылардың алдына салып, өзі 40 жігітпен із кесіп келіп қайын атасын құтқарып қалады емес пе?.. Сондықтан да, баяғы бабаларымыз келінді текті жерден алуға тырысқан. Өйткені, алманың алма ағашынан алысқа құламасы белгілі ғой…

Жас отбасылардың ажырасып кетіп, тұрмысқа шыққан қыздың барған жерін бақытты ете алмай жатқаны, жаһанданудың ұлттық танымға жат үрдістерінің жас буын санасына тигізер кері әсерінен болуы да мүмкін. Төл болмысынан қол үзген, дамыған техниканың қызығына масайған өскелең ұрпақ салт-дәстүріне менсінбей қарауы хақ. Оның үстіне, қаланың тар үйлері жаңа түскен келіннің үлкен шаңырақта енесімен бірге тұруына мүмкіндік бермей, отбасындағы татулық пен ынтымаққа зиянын тигізуде. Ал, шындығында қазіргі жастар бөлек тұруға құмар. Ата-енеге еткен қызметі ақ бата болып өздеріне айналып келетінін білмейді көбі. Ата-ененің, жалпы, үлкендердің ризалығы Алла ризалығы екенін білсе, тұрмысқа шыға сала бөлек кетуге талпынбас еді-ау…

– Мен қазақтың тойларында қазақы салт-дәстүрді насихаттаймын. Бұл тілектің көп айтылатынын білем. Өзім көбіне «барған жеріңе балдай батып, судай сің, айналайын» деп, тігісін жатқызып айтамын. Осыдан артық қандай бақыт бар?.. «Барған жеріңді бақытты етемін деп бар» деген сөзді тура мағынасында қабылдаған қыз баланың бойын қорқыныш билеуі сөзсіз ғой. Осы тілекті айтып тұрған кісінің өзі сол сөздің салмағын сезіне алды деп айту қиын. Сезінген күнде астарламай, түсінікті тілмен – шошытпай, мысалдармен көмкеріп жеткізсе құба-құп, – дейді «Тойлар индустриясы» той орталығының жетекшісі Бағлан Молдабай.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button