Бас тақырып

«Банк қоңырау шалмайды!»

«Шыбын да аңқаудың аузын аңдиды». Интернет алаяқтардың айылын жиғызбай тұрғаны да осы әдетіміз. Қылмыстың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары қолдан келер дәрменнің бәрін жасап, қазір шарасыз күйде. Жер астына түскен жоқ. Бірақ, 12 метрлік баннерге жазу жазып, әуе шарымен аспанға да ұшты. Жеке уақытты ысырып қойып, күн демей, түн демей үй аралап, жеке тілдесуге көшті полиция қызметкерлері қазір. Сонда да сұрағанға жеке деректерін жайып салып, артынан ауызы аппақ болып отыратындар күн санап көбейіп келеді. Таңдау көп болғаннан кейін интернет алаяқтар да жайлы әрі жақсы жерді іздейді. Мәселен, Қарағанды қаласы бойынша интернет алаяқтық ең көп тіркелетін жер – Оңтүстік-Шығыс бөлік. Полиция бөліміндегілер интернет алаяқтарға қатысты күніне кемі бес қылмыс тіркемесе, елеңдеп отыратын күйге жеткен.

Сурет: spik.kz сайтынан

Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салиннің айтуынша, былтыр интернет алаяқтық екі есе өсіп, 2482 қылмыс тіркелген. 2022 жылы бұл көрсеткіш – 1676 істі құраған. Ал, биылғы ақпан айының өзінде ғана 109 іс тіркелген.

Интернет алаяқтық – Қарағандының ғана емес, бүкіл республиканың проблемасы. Күн сайын ең көп тіркелетін қылмыс түрі де – осы. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық қаланың ОңтүстікШығыс бөлігінде өте көп. Себебі, жаңадан тұрғын-үй кешендері бой көтеріп, тұрғындар саны да жыл сайын артып келеді. Мәселен, қазір қырыққа тарта үйдің құрылысы жүруде. Ал, аталған секторда 200 мыңнан астам адам тұрады. Одан бөлек, қаланың дәл осы бөлігінде жоғарғы оқу орны, сегіз колледж, алты жатақхана, отызға тарта мектеп, сондай-ақ, отыздан астам ірі сауда үйлері бар, – дейді Шахназар Әбдәшімұлы.

Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Мұсабеков әуелі қылмыстың алдын алуға мән беретіндерін айтады. Ол үшін күн сайын учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, буклеттер таратады. Айтпақшы, құқық қорғау органы да қылмыспен күресудің түрлі жолдарын ойлап табуда. Ол үшін «танымал жұлдыздардың» әлеуметтік желілерін пайдаланып, алаяқтық жасағандардан сақ болуға үндейді. «Соған қарамастан, әлі күнге дейін қылмыстың тіркелу санын азайта алмай отырмыз», – дейді Ерлан Елеукенұлы.

Бірақ, алдын алу шараларының да әсері бар екенін айтады полицейлер. Мәселен, қазір OLX немесе Krisha.kz сайттары арқылы алданушылар саны азайған.

– Соңғы уақытта Қарағанды қаласының аумағында халық арасында стационарлық телефон байланысын пайдалану арқылы алаяқтық жасау жағдайлары жиілеп кетті. Мысалы, жол-көлік оқиғасы үшін жауапкершіліктен құтқарамыз деп, алаяқтық жолмен ақша қаражатын иемденуде. Бұл ретте алаяқтар көбінесе халықтың ең сенгіш бөлігін – қарт адамдарды алдайды. Себебі, жетпістен асқандардың жастармен салыстырғанда қаржылық және цифрлық сауаттылығы төмен. Бұл алаяқтар үшін қолайлы, – дейді Шахназар Салин.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Полковник Қарағанды қаласы бойынша жол-көлік оқиғаларын сылтау еткен 19 телефон алаяғы ұсталып, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде олардан 12 849 600 теңге алынғанын айтады.

Интернет арқылы жасалған қылмыс­тың ашылуы да қиындық тудырады. Ол бір-екі күннің шаруасы емес. Бұның себебі – қылмыскер дүниенің кез келген бұрышынан отырып-ақ, құқық бұзушылықты жасай беретінінде.

Қалалық полиция басқармасында жеті құрылымдық бөлім жұмыс істейді. Оның үшеуі – Қазыбек би ауданында және төртеуі – Ә.Бөкейханов атындағы ауданда. Барлығында «Киберпол» арнайы бөлімшелері құрылған.

– Киберпол бөлімшелері қызметкерлерінің құрамына тергеушілер, криминалистер кіреді. Олар тек қана интернет алаяқтыққа қатысты қылмыстарды анықтап, тергеп-тексереді. Одан бөлек, Қарағанды қаласының полиция басқармасында «Киберакадемия» да бар. Саран, Шахтинск, Абай, Теміртау қалаларындағы полиция бөлімдерінің мамандары осы жерге келіп, ІТ-мамандарынан арнайы білім алады, – дейді Шахназар Салин.

Дегенмен, полицейлер тұрғындардың интернет алаяқтарға қарсы жүргізілетін алдын алу шараларынан мезі болғанын айтады. Бірақ, алаяқтармен күрестегі жалғыз жол осы ғана болып тұр. «Егер полиция қызметкері жақындап, интернет алаяқтыққа қатысты өзіңіз білетін ақпаратты айта бастаса, немқұрайлық танытпай, тағы бір мәрте тыңдағандарыңыз дұрыс. Буклеттеріміздегі жалғыз ғана «Абайлаңыз, алаяқ!» немесе «Банк қоңырау шалмайды!» деген сөздерді жадыңызда ұстасаңыз болды. Ал, аты-жөніңіз бен жеке деректеріңізді өзіңіз бермесеңіз, алаяқтар да атыңызға несие рәсімдей алмайды», – дейді олар.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button