ЖаңалықтарРесми

Балық та «тұншығады»

Иә, судағы балық та «тұншығады».

Қылышын сүйреткен қыстың әмірімен су атаулы мұз құрсанды. Сірескен көк сауыт ауа өткізбейді. Мұз астына оттегі жетпейді. Күн түспейді, оттегі тапшы – табандағы өсімдікте фотосинтез тоқтайды. Фотосинтез тоқтаған соң солады. «Жығылғанға жұдырық», солған шөп шірігінен метан мен күкіртсутегі көптеп бөлінеді. Оттегі жоқ, күкіртсутегі көп – мұз астындағы тіршілік қырылып қалуы ғажап емес. Міне, осы уақытта балық шаруашылығы инспекторлары көмекке келеді.

Әрине, Нұра-Сарысу облыс­аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары мұз астындағы жағдайды бес саусағындай біледі. Сондықтан да, су бетіндегі мұз қалыңдаған сәттен сүйменін сайлап, ойық оюға кіріседі. Мәселен, кеше инспекцияның бір топ маманы Қарағанды орман шаруашылығының қызметкерлерімен бірге Қарағандының іргесіндегі Федоров су қой масына арнайы барды.

Инспекторлар, әсіресе, резервтік қордағы нысандарды жіті қадағалайды. Біздің аймақта бұл санатқа 97 су айдыны енеді.

– Облыста 201 су айдыны бар. Оның ішінде, 104 айдын балық шаруашылықтарына бекітілген. Ал, 97 айдын резервтік қорға кіреді. Бұл суларды инспекция қараса, балық шаруашылықтары өздеріне қарасты нысандардың күтімін мойнына алады, – дейді «Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Бекзат Махажанов.

Жұмысына салғырт қараған шаруашылықтарға шара қолданылады. Егер, бекітілген айдында балық қырылуы, судың ластануы сынды оқиғалар үш мәрте орын алса, сенімгерлік басқару келісімшарты бұзылады.

Ал, резервтік қордағы көл-тоғандарда инспекторлар кестеге сәйкес анализ жүргізіп отырады. Қажетіне қарай ойық ою, өзге де аэрация жұмыстары атқарылады.

Ойық ою дегеніміз түсінікті. Ал, аэрация – су астына оттегі жіберу әдісі. Яғни, судағы еріген оттегінің үлесін арттыруды көздейді. Үйдегі аквариумде де осы аэрация тәсілін қолданамыз.

Аэрация биологиялық, химиялық және механикалық деп бөлінеді. Ең қолжетімді және кең таралған түрі – механикалық аэрация. Біздің жағдайда ойық ойып, сол ойыққа қамыс толтырылады. Артықшылығы – ойық қайта қатқан соң да қамыстың өзегі арқылы ауа барып тұруы тиіс.

Ойықтар кез келген жерден жасала бермейтінін ескеру қажет. Мүмкіндігінше айдынның ортасын таңдаған жөн. Және судың қатпаған қабаты жарты метрден асуы шарт.

Инспекторлар су түбіндегі тіршілікті күн жылығанша қадағалайды. Желтоқсан айынан бастап, наурызға дейін мұз астына ауа жіберумен айналысады.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button