Брифинг

Балық өсіру серпін алуда

Еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы балық шаруашылығын дамыту ісі ерекше қолдауды қажет етеді. Өткен жылы Үкіметтің Қаулысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Балық шаруашылығы комитеті құрылды. Бұл кенже қалған кәсіптің жандануына тың серпін берді. Осы орайда, аймақтағы акваөсіру саласының тыныс-тіршілігі мен перспективалары жайында Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Нұра-Сарысу» облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы» басшысының орынбасары Бекзат МАХАЖАНОВ баяндады.

– Нұра-Сарысу бассейнінің балық шаруашылық қоры 226 балық шаруашылығы айдынын құрайды. Оның ішінде 2 республикалық, 224 жергілікті маңызы бар шаруашылықтар. Балық шаруашылығының 74 субъектісіне 110 балық шаруашылығы су айдыны оның ішінде 2 республикалық маңызы бар су айдыны бекітілген. Бұл су айдындарының 48%-ын құрайды. Мемлекет басшысының 2020 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында балық шаруашылығына ерекше назар аудару қажеттігі туралы берген тапсырмасын басшылыққа ала отырып жұмыс жасаудамыз,– дейді Б.Махажанов.
Айта кету керек, Үкіметтің Қаулысымен «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған Бағдарламасы» бекітілген болатын. Бағдарламаға сәйкес тауарлы балық өндіру ісін Қарағанды облысы бойынша 15 мың тоннаға ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында, балық шаруашылығы субъектілеріне қолдау көрсету, акваөсіру шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, инвестициялар салу кезінде балық шаруашылығы шеккен шығындарды өтеуді субсидиялау қағидалары бекітілген. Қағиданың басты шарты балық өсіру кезінде пайдаланатыназықтар шығынының 30%-ын және балық өсіру материалдары мен дәрілік препараттарды сатып алу мен күтіп ұстау шығындарының 50%-ын субсидиялау көзделген. Арнайы техникалар сатып алынса 25 пайызын мемлекет төлейді. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырған шаруашылықта тауарлы балық өсірудің маңызы зор. Осы орайда, су айдындары конкурстық негізде субъектілерге бекітіліп берілуде. Бүгінгі күні 47 тауарлы балық өсіру шаруашылығы бар. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 7 есеге өскен. 2021 жылы балық шаруашылығында 402 тонна тауарлы балық өндірілген.
Жалпы, балық шаруашылығын жандандыру мақсатында су айдындарында балықтандыру жұмысы жүйелі жүргізілуде. Биылғы жылы су айдындарына 8,5 млн. дана шабақ жіберілген.
Шаруашылықты дамытудағы өзекті мәселенің бірі броконьерлікті тоқтатуда да жұмыстар жүргізілуде.
Брифингте балық аулауға рұқсат қағазын алу, балық аулау кезеңдері, белгіленбеген жерлерден балық аулауда қолданылатын жазалар туралы да егжей-тегжейлі айтылды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button