Жаңалықтар

Балдырғандар бақ сынады

Әлихан Бөкейхан ауданындағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай жеке ән орындау­шылар арасында «Балдәурен» қалалық байқау-фестивалі өтті. 6-8, 9-12, 13-16 жас аралығында үш топ бойынша өткен байқауға бас-аяғы 29 бала қатысты. 

– Балалардың дайындығы жақсы. Кейбірі, тіпті, бізді таң қалдырды. Кіп-кішкентай болса да тәжірибелі әншілердің әнін орындап жеткізе білді. Жалпы осындай шаралар балалардың әнге, өнерге құштарлығын оятады. Бөтен-бастақ іске де көңілі аумайды, – деді шараға қазылық еткен Ба­лау­са Әбдуалиева.

Сонымен сайыс шарты бойынша әр қатысушы жанына жақын, дауысына келетін, еркін шырқайтын әндерді орындап шықты. Салған әні кейбірінің дауысына келмесе де, бар күш-жігерін салып әнді тыңдаушыға жеткізуге тырысты.

Жеті жас санатындағы балалар арасында I орынды Ибраһимжан Орал алды. Бұл санатта II орын Күләш Жаминтаеваға берілді. III орынды Кәусар Фархат иеленді.

Ал, тоғыз жас санатындағы қатысушылар арасынан Жалғас Адамбай I орынды алды. II орын Шұғыла Қайратқа берілді. Ал, үздік үштікті Радмила Ковалева қорытындылады.

Сайыс көркіне айналып, көпшілік көзіне ерекше түскен – 12 жас санатындағы Аруна Бектібаева. Ол «Отаным» әнін нақышына келтіре шырқағаны үшін қазылар көңілінен шықты.

– Ең алдымен Аруна Бектібаеваға жетекшілік еткен, бағыт-бағдар берген Жұмабек Тәшенов атындағы мектептің музыка пәні мұғалімі Мадина Асабуеваға алғыс айтамыз. Дарынды балаларды көзден таса етпей өнерге баулу да үлкен еңбек. Қаншама уақыт жұмсаған еңбек міне, әділ бағасын алды.

Арунаның өзіне келер болсақ, дауысы өте тамаша. Бұл бала бұдан да жоғары нотадағы әнді айтуға қабілетті. Келесі сайыс­тарда арамызда көреміз деп сенемін, – деді қазылар алқасының өкілі Айгерім Жақыпбекова.

Қазылардың айтуынша, биылғы байқау­ға қатысқан балалардың дайындығы жоғары. Сахнадағы мінез-құлық, жүріс-тұрыс­тың барлығына толық дайындалған. Мұны, тіпті, залдағы көрермен қауымы да мойындады.

– Байқау өте жақсы өтті. Балалардың дауысы тебірентіп жіберді. Әр баланың өзіне тән ерекшелігін байқадым. Десек те, сайыс болған соң жеңу де, жеңілу де бар, – деді көрермен Ақан Асанов.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button