Баланың бәрі – бірдей
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген бар. Ал, сол қайырымдылық жолында жасалған ізгі іс балаға, оның ішінде, тағдыр ерекше сынаған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналса, қоғамның жақсылықтан кенде қалмағанының көрінісі емес пе?! Шынында, «бақыттың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» болса, адам баласы үшін деннің саулығынан асқан бағалы нәрсе жоқ. Маңдайына жазған тағдырына налымай, өмір ағысына ілескен құрттай бүлдіршіндердің арманының қандай екенін өзіңіз-ақ саралай беріңіз. Бірі – аяғымен жер басып, құрбыларымен асыр салып жүгіруді аңсаса, бірі – жарық дүниені көргісі келеді. Біреуіне анасының әлдиін есту – арман. Сол армандарына жету жолында өзгелердің көмек қолын созуы – балалар үшін де, осы балаларды тәрбиелеп отырған отбасы үшін де маңызды. Балаларды қорғаудың халықаралық күнінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Шахтинск қаласындағы «Лесенка успеха» бөбекжайында қайырымдылық акциясын өткізіп, ерекше қажеттілігі бар балаларға мереке сыйлады.
Іс-шараны Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және «Лесенка успеха» бөбекжайы ұйымдастырды.
Мерекемен құттықтауға және сыйлықтарды табыстауға «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир, қала әкімі Әскербек Халтонов, Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз келді. Сыйлықтар қатарында бөбекжайдағы балалардың өмірін қызықты етуге арналған түрлі ойыншықтар, үш аяқты велосипедтер, ойыншық синтезаторлар бар.
Ал, он төрт жастағы Евангелинаға арналған автоматтандырылған мүгедектер арбасы күтпеген жаңалық болды.
– Қымбат арба алуға отбасымыздың мүмкіндігі болмаған еді. Енді қызым Евамен бірге серуендейтін болдық, – дейді анасы Любовь Дяденко.
Сегіз жасар Нұрымның орталыққа келгеніне екі жыл. «Орталықта өз ісінің мамандары жұмыс істейді. Кез келген мерекеде балаларды үйге келіп құттықтап, сыйлықтарын табыстап жатады» дейді жалғызбасты ана Қалима Қаниват.
– Нұрымға бұған дейін Украинада ота жасалған. Енді маусым айында екінші отасын жасатуға барамыз. Оның ақысын төлеуге қайырымдылық қорлары көмектесті. Тек, ұшақтың билетін алу қиындық тудыруда. Соған көмектесетін қайырымды адамдар болса, қуанар едік, – дейді Қалима Қаниват.
«Лесенка успеха» инклюзивті орталығында алпысқа жуық бала бар. Олардың 40%-ның мүмкіндігі шектеулі. Орталықтың меңгерушісі Елена Ратащуктың айтуынша, сәбилерді бөліп-жармай бір топта тәрбиелейді. Осы арқылы олардың әлеуметтенуіне, өмірге бейімделуіне жағдай жасалады. Егер, қажеттілік болса, мамандар баламен жеке де айналысулары мүмкін. Осы жерде болған мүмкіндігі шектеулі балалар кейін құрбыларымен бірге мектепке де бара алады.
– Тәрбиеленушілеріміздің арасында аутизм, даун, церебралды сал ауруы диагнозы қойылған, нашар көретін, нашар еститін балалар бар. Баланың ортаға бейімделіп кетуі оның жасына, диагнозына байланысты. Бұл жерде отбасы ролінің де үлкен маңызы бар екенін айту керек. Әр отбасындағы тәрбие, ондағы құндылықтар да баланың әлеуметтенуіне тікелей қатысты, – дейді Елена Ратащук.
«Лесенка успеха» орталығының ашылғанына биыл алтыншы жыл. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант алғаннан бастап жұмыс жасап келеді.
«Қоғам денсаулығында ауытқушылығы бар балаларға үрке қарайды. Менің мақсатым – бұл балалардың өзгелерден еш айырмашылығы жоқ екенін түсіндіру. Олармен қарым-қатынаста белгілі бір тәсіл ғана керек. Айырмасы сол ғана» деген Елена Ратащук орталықтарында болған тәрбиеленушілерімен қарым-қатынасы олар мектепке барғанда да жалғасатынын айтады. Себебі, олар – бір отбасы.
«Біздің орталыққа балаларын бергісі келген ата-аналар да жиі хабарласады» дейді бөбекжай меңгерушісі. Бірақ, небары екі қабаттан тұратын ғимараттың тарлығы мен балалардың ойнауына арналған алаңның болмауы – қолбайлау.
Балаларды мерекемен құттықтай келген компанияның бас директоры Биджу Наир «Лесенка успеха» бөбекжайы қызметкерлерінің ойын алаңына қатысты өтініштерін қарастыратынын да айтты.
Салтанат ІЛИЯШ.
ШАХТИНСК қаласы.