Бас тақырып

«Баламды медресеге біл деп бердім…»

Еуропа елдерінде мектеп түлектері мен студенттердің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесуі қалыпты үрдіске айналған. Дамыған 30 елдің қатарынан көрінуге ұмтылған біздің ел де қазіргі таңда кем дегенде үш тілді меңгеруді күн тәртібіне қойды. Ағылшын тілді мамандарды даярлау ісіне ерекше мән берілуде. Осы үдеріске мұғалімдер қолдау білдірсе, ата-аналардың көбі қарсы. Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы тамыз кеңесінде ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санайтынын, ал, жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет екенін айтты.

МЕКТЕПТЕРДЕГІ ҮШТІЛДІЛІК ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

Қарағанды облысы 2014 жылдан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына пилоттық тәжірибе жасау бойынша республикалық алаңға айналған. Алғашқы жылдары облыста үш тілде білім беретін 50 мектеп болса, қазіргі таңда олардың саны 242-ге жетіп отыр. Өткен оқу жылында Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Сәтбаев, Шахтинск, Саран қалаларының, Абай, Бұқар жырау аудандарында физика, биология, химия, информатика пәндері бойынша ағылшын тілінде сабақ өткізу басталды. Бұл жөнінде облыстың білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Ернар Бейсенбаев айтып берді.

– Облыстағы 224 пилоттық мектепте үш тілде білім беру бойынша курстар жүргізілуде. Тиісінше, сабақтарда үш тілде оқытатын пәндердің элементтері қолданылады. Осы уақытқа дейін 439 мұғалім курстарда оқыды. Олар сертификат алған соң сабақ өткізуге кіріседі, – дейді Ернар Бейсенбаев.

Қазіргі таңда мұғалімдерге үш тілде әдістемелік көмек көрсету бойынша Қарағандының «Білім-инновация» лицейлері, «Мұрагер», «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернаты, Н.Нұрмақов атындағы және Жамбыл атындағы мамандандырылған мектепте тәжірибелік алаңдар ашылған. Аталған білім ошақтарында 2019- 2020 оқу жылында 103 педагог курстан өтеді деп жоспарланған.

ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ПӘНДЕРІ – АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ

 Облыстың білім басқармасы мамандарының айтуынша, 2019-2020 оқу жылдарында қазақ мектептерінің 1-9 сынып аралығындағы оқушылары үш пәннен басқасын тек қазақ тілінде өтетін болады. Олар: «Орыс тілі мен әдебиеті», «Дүниежүзі тарихы» (5-сыныптан басталады, орыс тілінде өтеді) және «Ағылшын тілі» (1-сыныптан бастап). Орыс мектептерінде де 1-сыныптан бастап 9-сыныптарға дейін «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан тарихы» (5-сыныптан бастап) және «Ағылшын тілінен» (1-сыныптан бастап) басқа пәндер орыс тілінде өтеді. Тоғызыншы сыныптан кейін барлық мектеп оқушылары «Информатика», «Химия», «Физика», «Биология» және «Ағылшын тілі» пәндерін ағылшын тілінде оқиды.

 Жаратылыстану бағытындағы төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту жайлы шешімді мектептегі педагогикалық кеңес пен ата-аналар комитеті бірігіп шешеді. Онда оқушылардың пікірі мен педагогтардың мүмкіндігі де ескерілмек.

АҒЫЛШЫН ТІЛІНІҢ ПАЙДАСЫ НЕДЕ?

«Ағылшын тілі» бакалавры дипломы бар жас педагог Аслан Көбегенов «ағылшын тілі – әлемдік қарым-қатынас тілі ғана емес, ғылым мен технология, ІТ-технология, биомедицина, кибернетика ілімінің тілі» болып отырғанын айтады.

– Елімізде жас технократтар көп. Олар ғаламдық өркениетпен қатар дамуы үшін, көптілділікке ұмтылуы тиіс. Бірнеше тіл меңгеру арқылы әлемге өз рухани құндылықтарымызды насихаттай аламыз. Оның үстіне, әлемдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Көптеген ғылыми кітаптар ағылшын тілінде жарық көреді. Олардың аударылуын күтіп отырсақ, жаһандық жаңалықтан кеш қаламыз, – дейді ол. Жас педагог сағатына 1500 теңге төлеп, балаларын ағылшын тілін оқытатын курсқа әкелетін аналардың көп екенін айтады.

Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміз шет елдің үздік профессорларын шақыртып, студенттерге олардың тәжірибесін алып қалуына жағдай жасайды. Педагогтың сөзіне сүйенсек, жастар сол ғалымдар оқыған лекция мен ашқан жаңалықты түсіне алатындай болуы керек.

Ал, немересін балабақшаға апаратын Төкен ата балам ерте жастан батыстың тіліне үйренсе, өз тарихын ұмытып қала ма деп үрейленетінін айтады.

– Мәселен, қазақ халқының ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерімен қатар кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік білген. Көптілді адам білім мен ғылымға құштар болатыны анық. Шоқанға ұқсап туса, ол – мәртебе. Бірақ, батыстың тарихын оқи отырып, тіліне ерте жаттығып, төл тарихымызды ұмыта ма деп алаңдаймын. Жапондар сияқты өз тарихына сүйеніп оқытатын тіл үйретудің методикасы болса, – дейді ақсақал. Бірақ, бұл пікірге «Тілек» балабақшасының ағылшын тілі пәні мұғалімі Баян Омарова қарсылығын білдірді.

– Баланы жастайынын ағылшын тіліне үйреткен дұрыс. Өйткені, бүлдіршін 2-3 жасында тез қағып алуға бейім келеді. Мектепке дайын болып барады. Бұл бір жағынан мұғалімге көп көмек. Жастайынан тіл үйрету курстарына беру – баланың жүйкесіне ауыр деген пікірге келіспеймін. Біз сабақтарды ойындар арқылы өткіземіз. Әр бала бір сабақта 4-5 сөз үйреніп шығады. Бір айда ағылшын тіліндегі тақпақтарды, әндерді жатқа айта алатын болады, – дейді ағылшын тілі пәні мұғалімі. Аталған балабақшаға баласын апаратын көпбалалы ана Назгүл Искакова үш тілде білім беру жүйесіне көңілі толатынын айтады.

– Бала өзге тілді үйренсе, өз тілін ұмытады деген бос сөз. Тілі ана тілде сайрап тұрғандықтан, бала өз тілі мен тарихынан ешқашан ажырамайды. Бәрі тәрбиеге байланысты. Үйінде ата-анасы қай тілде әңгімелеседі, бала да сол тілде сөйлейтін болады. Мысалы, менің тұңғыш қызым орысша сөйлейді. Неге? Өйткені, ол өмірге келгенде біз үйде орысша сөйлесетінбіз. Соны байқадым да, екінші қызым дүниеге келгенде қазақша, орысша, ағылшыншаны қосып сөйледім. Қазір қызым үш тілде де сөйлей алады. Әрбір ата-ана осы тәжірибені ескеруі керек, – дейді көпбалалы ана.

***

Қоғамда үштілді меңгеру жөнінде пікір орасан. Бір жарым ғасыр бұрын өмір сүрген ұлы Абай да тіл үйренудің, ғылымды игерудің маңыздылығы жайлы 25 қара сөзінде «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет. Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?» депті.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button