Жаңалықтар

Балаларды қолдау орталығы 24 түлекті ұясынан ұшырды

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығында түлектерді шығарып салу кеші өтті. Бұл шараға қолдау орталығының ұжымы түлектерді шығарып салуға ерекше толқыныспен дайындалады. Себебі бала күндерінен өсіп-жетілген үйлерін, ұяларын қиып басқа жерге қоныстану тәрбиеленушілерге оңайға соқпайды. Бауырына басып өсірген, қиыншылығы мен қуанышын бірге бөліскен, әр баланың көңіл күйін жатқа білетін тәрбиешілерге де бұл күн қобалжу мен қимастықтың күні.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қолдау орталығы алаңында өткізілетін түлектермен қоштасу кешіне балаларға демеушілік жасайтын сыйлы қонақтар мен тәлімгерлер келіп, қатысты. Биыл қолдау орталығынан 24 түлек қанаттанып, ұшып шықты.

 Қолдау орталығының директоры Дәнекер Сейсекина түлектерімізге оқу орындарына түсіп, белгілі бір маман иесі болуларына тілектестік білдірді. Сондай-ақ, балаларды бағып-қаққан, өсіріп, тәрбиелеген орталықтың тәрбиешілеріне ризашылығын айтты. Балаларға қайда жүрсе де, қиналған сәттері болса, орталық ұжымы әрқашан қастарынан табылып, қол ұшын беретінін айтып өтті.

Түлектер тәрбиешілерге, ұстаздарға, қызметкерлерге арналған алғыс айту өлең шумақтарын жолдады, би биледі. Тәрбиеші-ұстаздар өмірден өз орнын табуға кетіп бара жатқан жасөспірімдерді қимай, көздеріне жас алды.

Концерттік бағдарламада кішкентай балалардың арнаған өлеңдері, тақпақтары  үлкендермен бірігіп ойнаған «Күлімде» ойындары көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тәрбиешілер де жай қалмады, түлектеріне арнап, тосын сый ретінде флешмоб биледі. Балалардың қуанғаны көзінен байқалды.

Кешке шақырылған демеушілер мен тәлімгерлер қолдау орталығының қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Концерттік бағдарламадан соң, түлектермен қоштасу сәті қолдау орталығының директоры Данекер Саулебайқызының жүрекке жалғанған әр түлектің жолдары ақ болуын тілей отырып, лента бауларын кесіп қоштасуымен аяқталды. Ең қимас, әсерлі, көңіл босатар сәт осы болды.

Әрине кеш соңында түлектерге арналып мерекелік дастархан жайылып, кішкентай кездеріндегі қызықты оқиғаларын еске түсіріп, әңгіме шертті. Балалардың жолы ашық болсын, армандарына жетуіне біз тілектеспіз!

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығының тәрбиешілері

Жұпар ЖҰМАҒАЗИНА,

Меруерт АШЫҚБАЕВА,

Озипа САМЕНБАЕВА

Басқа материалдар

Back to top button