Балалар басылымы – мемлекеттік тілдің қайнар көзі

Осы күні қазақ қоғамы көбік сөзге көп үйір болып кеткен жоқ па? Әлеуметтік желіде балалардың тәрбиесі, оларды ана тілмен сусындатудың жолдары, ұлт болашағы туралы тақырыпта сөз қозғала бермейді. Кейбіреулер бұл мәселені тек қазақ тілі мұғалімінің, тіл білімі саласы білгірінің немесе Тіл басқармасының атқаратын жұмысы сияқты түсінетіні бар.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мағира Қожахметованың парақшасынан «2022 жылға «Балбұлақ» журналына жазылыңыздар! Каталогтағы индексі: 75892; Бір жылға жазылу бағасы: аудан, ауылда – 2323,20; қалада – 2271,60» деп жазған құлақтандыруын оқыдым. Осы жазбаны 50 шақты адам ғана құптап, «ұнайды» белгісін басып, санаулы адам пікір қалдырған. Қаншама баланың бұлақ көзін, жолын ашып отырған журнал 2002 жылдан бері жарық көріп келеді. Журналды еліміздегі талантты оқушылар өздері жасап, дайындайды. Таралымы 15 жыл ішінде 2000-5000 дана төңірегінде өзгеріп тұрған. Соңғы жылдары журналдың таралымы мүлдем азайып кеткен. Осы күні аты аңызға айналған, еліміздің таңдаулы ақын-жазушы, қоғам қайраткерлері қалам тербеген «Балдырған», «Ақжелкен» (Пионер) журналы мен «Ұлан» («Қазақстан пионері») газеттерінің де шекесі шылқып тұрған жоқ.

Ана тілімізді үйрету балалар басылымынан басталады. «Ұрпағымыз қазақша сөйлемейтін болды» деп үйде отырып аттандағанша, сол «жұқпалы індеттің» алдын алудың жолын қарастыру керек. Мектепалды даярлық тобы, бастауыш сынып оқушыларына сабақ арасында балаларға арналған газет-журналдарға шыққан өзі қатарлы оқушылардың тырнақалды дүниесін оқып берсе, оны тыңдаған жас өскін жазуға құлшынысы оянып, қолына қалам алар еді. Баяғыда «Қазақстан пионері» газетінде республиканың әр түкпірінен жарық көрген қатарластарымыздың дүниесін оқып, олардан да асып мақала, өлең жазуға тырысатынбыз. Жазуға деген қызығушылық оянған. Бүгінгі балаларды да қазақ басылымын оқуға ынталандыру керек. Тым болмаса бастауыш сынып оқушыларын газет-журналға жаздыру жағын қарастырған жөн.

Кезінде атақты ақындарымыз Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев басқарған «Балдырған» журналының да жазылу бағасы 3000 теңгеден сәл асады. Балалар басылымына жазылудың астарында – тіл мәселесі жатыр. Оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөліну керек. Тіпті, тіл мәселесіне ұстаздар ғана емес ата-аналар көмекке келуі керек. Тағы қайталап айтайын, бір жылға журналға жазылуға 3000 теңге кетеді. Түсінген адамға қолжетімді. Көңіліне келмесін, кейбір жас аналар балаларының журналға жазылуына қызығушылық танытудың орнына «Сән салонынан» шықпайды. Беттерін әрлеп, тырнағын, қасын, шаш үлгісін жасатуға келгенде ақшасын аямайды. Әлі есі кіріп, етек жеңін жинамаған балаларға қымбат қалта телефонын алып беріп, соған алданғанына мәз болып, жан тыныштығын ойлайды. Бірақ олар телефон ұстаған балғындардың қызылды-жасылды басқа әлемнің ішіне еніп, адасып бара жатқанын аңғармайды. Ертеңінде орыс тілінде сөйлеп кетсе, «Бұл қалай болды?» деп балабақшадағы тәрбиеші, мектептегі ұстаздарға кінә артады. Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов: «Пионер» журналының қайта шыға бастауына шын қуанамыз. Қазақтың жас жеткіншек, талапкер, үміткер гүлдері өз тілінде, ана тілінде көркем тәрбие алмағы аса қымбат. «Пионер» әдебиеттен, көркем өнерден, ғылым-білімнен, әлеумет, саясат тірлігінен – баршасынан да өз оқушысына дән-дерек, нәр-қорек беріп тұрмақ», – деп баға берген. Бұл сөз әлі күнге дейін құнын жойған жоқ.

Осы күні «Балбұлақ», «Жыл он екі ай», «Айгөлек» журналдарының Бас редакторлары ұлттың, ұрпақтың, мемлекеттік тіліміздің болашағы үшін үкіметтен қаржыланбаса да, азын-аулақ жазылым ақшасына өз қаржысын қосып, осы басылымдарды жарыққа шығарып келе жатыр. Ал, жас жеткіншектерге арналған «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған» секілді балаларды тәрбиелейтін басылымдар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қараса да, жағдайы көңіл көншітпейді.

Ғаламтордағы дерекке сүйенсем, «Бүгінде «Ұлан» газеті аптасына бір рет (5000 тираж), «Ақжелкен» журналы айына бір рет (3000), «Балдырған» журналы айына бір рет (7000), «Дружные ребята» газеті аптасына бір рет (3000) шығады. Осы төрт басылымға кететін жылдық шығын көлемі 134 млн. теңгені құрайды екен.

Таралымы тым құлдырап кеткен балаларға арналған қазақ басылымының ұрпақ тәрбиесіне қосар маңызы зор екендігін есте ұстаған жөн. Балалар басылымы – ұлтымыздың, ұрпағымыздың, ең бастысы мемлекеттік тіліміздің – қайнар бұлағы! Сол қайнар бұлақты тартылып қалмаудан сақтап, арнасынан асып, төгілуі үшін бар күшімізді жұмсайық!

Жұлдыз ТОЙБЕК, ҚР Журналистер одағының мүшесі.