Балабақшаға реформа қажет
Балабақша – реформа қажет етіп отырған салалардың бірі. Балалар бастапқы тәрбие мен білім алатын орындағы кейбір келеңсіз жайттар шыны керек, көптің ойын күпті етті. Яғни, бүлдіршіндерді таяқпен тәрбиелейтіндердің тиылмай тұрғаны…
Осы жөнінде балабақша мәселесіне жауапты облыстық білім басқармасының мамандарына хабарласқан едік, қуанышқа орай, Қарағанды аймағында ондай дерек тіркеле қоймапты.
Жасырары жоқ, тәрбиешілердің де жалақысы көңіл көншітпейді. Және бір осы саланың өзекті тұсы – балабақшадағы ұзынсонар кезек. Осылардың барлығын ескере келе, реформаның ауадай қажет екенін сіз де жақсы аңғарып отырған шығарсыз…
Рас, балабақша бизнес көзіне айналды. Соның өзінде де елімізде балабақша жетіспеушілігі өзекті. Мәселен, Қарағанды облысында 2-6 жас аралығындағы 11 мыңнан астам бала кезекте тұр. Бұл – бүгінгі күнгі мәлімет. Мектепке дейінгі білім беретін 412 ұйымның 320-сы мемлекеттікі болса, 92-сі жеке меншік. Қазір 37 021 бала тәрбиеленіп жатыр. Мамандардың айтуынша, әсіресе қаладағы балабақшалардағы орын тапшылығы басты мәселе.
Жекеменшік балабақша саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптағанымен, бұл мәселенің түйткілі тарқамай тұр. Осы жағдайдың оңтайлы шешімін табу үшін Оқу-ағарту министрлігі лицензияны енгізіп, жекеменшік балабақшалар санын қысқартпақ. Сонымен қатар, тәрбиешілердің білім деңгейіне де лайықты көңіл бөлініп отыр.
– Қарағандыда тәрбиешілердің 60%-дан астамының біліктілік санаты бар. (Барлығы – 5826 педагог. Оның ішінде жоғары санатты – 762 (13%), І санатты – 1 004 (17,2%), ІІ санатты – 1 717 (29,5%), санатсыз– 2 343 (40,2%). Былтырдан бері 894 тәрбиеші аттестаттаудан өтті, осыған байланысты 30-дан 50%-ға дейінгі жалақыға тиісті қосымша төлем алады. Соңғы 3 жылда педагогтардың жалақысы 75%-ға (2020 жылдан бастап жыл сайын 25%-ға кезең-кезеңімен) ұлғайғанын және облыс бойынша орташа жалақы 88 мыңнан 155 мың теңгеге дейін өскенін атап өту қажет, – дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім бөлімінің бас маманы Әсел Таукенова.
Шынымен, нарық заманында жалақысын әлі де арттыра түскені оң болары анық. Неге десеңіз, мардымсыз жалақыға таңнан кешке дейін бала бағып, жан баққысы келмейді көбі.
– Қазір жастар тәрбиеші мамандығына барғысы келмейді. Өйткені, олар болашағын ойлайды, таңнан кешке дейін балаға қарап, аз жалақы алғысы жоқ. Сол себепті, тәрбиешілердің жағдайына көңіл бөле түскен дұрыс. Оларға тегін семинарлар өткізіп, әлеуметтік көмек беру жағын қарастырған жөн. Иә, бізге педагог статусын берді. Бірақ іс жүзінде ештеңе жасаған жоқ. Жыл сайын мұғалімдердің айлығы өседі, сол сияқты тәрбиешілердің де айлығын кезең-кезеңімен өсірсе дұрыс болар еді, – дейді атын атамауды өтінген балабақша директоры.
Бір кездері мектеп пен колледж педагогтарының еңбекақысын көбейткенде жекеменшік оқу орындарының мұғалімдері шет қалдық деп шырылдаған-тын. Жақында ғана Президент балабақшаларда жұмыс істейтін педагогтарының жалақысын көбейтуді және жүктемелерін азайтуды тапсырды. Бірақ, бұл өзгерістен жекеменшік балабақшалардың шет қалуы әбден мүмкін. Осыны да ескерген жөн болатын шығар. Әйтпесе, тәрбиеші болуға талапкерлер саны тіпті, күрт кемиді…
Балабақшалардың сапасын қамтамасыз ету үшін оларға қойылатын талаптар күшейтілетін болады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша басты талаптар: материалдық-техникалық база, бейнебақылау жүйесі, педагогтарының біліктілігі, санитариялық, өртке қарсы нормаларға сәйкестігі болады. Сондай-ақ, балабақшаларда орын бөлу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін балабақшаларға кезектіліктің бірыңғай базасын құру жоспарлануда, – дейді Әсел Талғатқызы.
Президент пәрменінен кейінгі қолға алынып жатқан шаралар – бұл. Бастысы, Балабақшаның мәселесі Үкімет назарына ілікті. Енді, түбегейлі реформа күтіп тұр…
Қасымхан ҒАЛЫМ.