Жаңалықтар

Бала жанының бағбаны

Отырардан түлеп ұшып, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі бар. Шындығында бұл сөздің айна-қатесіз айтылғанына тарлан тарих талай рет куә болды.

Ұстаз деген ұлағатты есім қашан да ардақты, қадірлі. Өйткені, шынайы ұстаз бұл жолға өмірін арнайды. Бар жан-тәнімен алдында құстың балапанындай аузын ашып отырған балаға дұрыс тәрбие береді. Тек сөзімен ғана емес, іс-әрекетімен де үлгі болады. Баланың тап-таза санасына білім дейтін құдіреттің дәнін егеді. Олар бала жанының бағбаны. Ол білім уақыт өткен сайын қалыптасып, арнасы толысады. Осындай түпкі негізі жақсы қаланған бала ғана өмірден өз орнын тауып, елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын азамат болып қалыптасады. Жүре келе толық адамға, белгілі тұлғаға айналады. Осыдан кейін ұстаздың жұмысын оңай деп көріңіз.

Кез келген адамның өмірден дұрыс жолды таңдап, үлкен мұраттарға ұмтылуына ата-анасын қоспағанда, ұстаздан алған тәрбиесі мен білімнің маңызы өте үлкен.

Ұлы Дала кемеңгері хакім Абай еріккеннен «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп жырлаған жоқ. Адамның өмірде адаспауы үшін ұстаздың әр айтқанын санаға мықтап құю керектігін, ұстаздың ұлылығын айтып отыр.

«Алты Алаштың басы қосылса төр – мұғалімдікі» деген Мағжанның сөзіне иланбай көріңіз.

Сондықтан да, ханды да қараны да өмірге бейімдейтін жүрегі мейірімге толы ұлағатты ұстаздардың адал еңбегі алдында адамзат баласы бас иеді.

Сары күзбен бірге жеткен шуақты мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы ұстаздар!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button