Білім

Бала құқығы – басты құндылық

Адам құқығы – бала құқығын қорғаудан басталады. Бала атаулы қашанда ерекше қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж екенін ескерсек, бұл заң жүзінде реттеліп, бекітілуі тиіс. Ал, «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекенжайына қарамастан барлық баланың құқығы тең.

Алайда соңғы кездері мектепте оқушылар арасында қорқыту, қорлау, ұрып-соғу, зорлық-зомбылықтың жиілеп кеткені әлеуметтік желіде айтылып жүр. Бала құқығы заң жүзінде қорғалады дегенімен, талап орындалып жүр ме? Мұның салдарынан бұрын себебімен күресе аламыз ба?

Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен былтырдан бастап еліміздің әр аймағында бала құқығы жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді. Қарағанды облысында бекітілген арнайы уәкілге бүгінде 163 өтініш келіп түскен. Бұл да балаға төнген қауіп-қатердің көп екенін айғақтап отыр.

2016 жылы 10 ақпанда Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылған. Уәкілдің негізгі мақсаты – балалардың құқығын заң жүзінде қорғау, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл барысында балалардың бұзылған құқығы мен бостандығын қалпына келтiру.

Осы мақсатта әр аймағында 2022 жылдың тамызынан бастап бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкілдерді облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері тағайындады. Үміткерлерді іріктеу кезінде балалармен жұмыс істеу, үкіметтік емес ұйымдардағы тәжірибесі немесе қоғамдық қызметі, сондай-ақ, тағайындау кезінде балалардың құқықтарын қорғауда үміткердің қандай үлес қосқаны ескерілді. Демек, бұл лауазымға кездейсоқ адам таңдалмаған. Мәселен, біздің облыстағы бала құқығы жөніндегі уәкіл лауазымы бойынша педагогика саласында 44 жылдық, мемлекеттік қызметте 20 жылдық еңбек өтілі бар Ирина Киселева қызмет етуде. Уәкілдің көмегіне тек балалар ғана емес, ата-аналар да жүгіне алады. Уәкілдер бала құқығының тапталмауын қадағалап, келген арыз-шағымдарды тексереді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын ілгерілетуге қатысады.

– Біздің басты мақсатымыз – балалардың құқығын қорғау, құқығы бұзылған болса, оны қайта қалпына келтіру. Оқушылар мәселесі ата-аналармен, жеке тұлғалармен, мемлекеттік орган, мемлекеттік ұйымдармен бірлесе шешіледі. Бізге облыстың білім басқармасы мен қалалық білім бөлімі әрқашан қолдау білдіреді. Осы уақытқа дейін маған 163 өтініш келіп түсті. Олардың 33-і білім беру ұйымдарына комиссиялық тексеру жүргізудің арқасында шешімін тапты. Бізге келіп түскен өтініштер тез арада қаралып, заң жүзінде жауап беріледі. Қарағанды облысындағы білім беру ұйымдарынан оқушылар мен ата-аналар Instagram, Facebook жұмыс телефондары, ұялы телефон, электронды пошта арқылы сауал жолдайды. Қоңырауларға міндетті түрде жауап беремін. Сейсенбі күні Білім басқармасында 18-кабинетте өтініш берушілерді жеке қабылдаймын. Әлеуметтік желі арқылы келген өтініштерді үйлестіруші жазып алады, ақпараттар тексеріледі, – дейді облыстың бала қорғау жөніндегі уәкілі Ирина Болеславовна.

Уәкілдің айтуынша, түрлі сұрақтар бойынша өтініштер келіп түседі екен. Мәселен, қатігездік жасау, балалар арасындағы буллинг, инклюзия, балалар қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, жұмысқа орналасудағы құқық бұзу, отбасындағы қолайсыз жағдай, зорлық-зомбылық, жәрдемақы алу жөніндегі кеңес беруге қатысты өтініштер. Ұйым қоғамдық негізде жұмыс істейтіндіктен, облыстық салалық басқармаларының көмегіне жүгініп, мәселенің шешімін табады екен. «Бақылауда тұрған мәселелер өте тез шешіледі. Сұрақтар шешімін тапқанша, біздің назарымызда болады» деді Ирина Болеславовна.

Біздің облыста бала құқықтары жөніндегі өкілетті жастар кеңесі құрылған. Мұнда студенттер мен жоғары сынып оқушылары бар. Олар бала құқығын қорғауға атсалысып, түрлі вебинарлар өткізіп, зиянды әдеттердің алдын алу бойынша бейнероликтер түсіреді, кездесулер ұйымдастырады. Осы істің басы-қасында уәкіл Ирина Болеславовна жүреді.

«Балалар – біздің барымыз, болашағымыз. Оларға физикалық, моральдық, эмоционалдық жағынан күш көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ. Балаларға осы жағынан көмек береміз. Құқық сауатын арттыру қажет. Құрылған кеңес құқықтық мәдениеттілікті қалыптастырады. Бұл балаларды көпшілік алдында дұрыс сөйлеуге, өзінің пікірін білдіруді, басқа балалардың құқығын аяқ асты етпеуді үйретеді. Менің ойымша, бұл өте маңызды. Біз балалардың үнін ести білуіміз және соны тиісті органдарға жеткізе білуіміз қажет», – деген ой айтты Ирина Киселева.

P/S: Балаға келер қауіптің алдын алу ең алдымен отбасынан басталады. Оны дұрыс жолға бағыттау – ата-ананың міндеті. Үйдегі тәрбие баланың іс-әрекетінің қандай екенін айғақтап тұрады. Олардың арасындағы буллинг те, қатыгездік те, бала құқығын таптау да осыған келіп тіреледі. Бұған қоғам болып тосқауыл қою керек…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button