Бала кітаппен қалай достасады?

Қарағанды қаласында халықаралық кітапханашылар форумы өтті. «Балалар кітапханасы: идеялар, әдістемелер, тәжірибелер калейдоскопы» атты екі күндік форумға бүкіл елден және жақын шетелден 200-ге жуық қонақ жиналды. Аталған шара Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының 70 жылдығына орайластырылды.

Сондай-ақ, форумға балалар жазушылары, қоғам қайраткерлері де қатысты. Олар балалардың кітапқа деген зейінін қалай ашуға боларын талқылап, ойларын ортаға салды.

– Бұл – өте ауқымды бағдарлама. Мұнда кәсіби секциялар, шеберлік сабақтары, пікірталастар, достық акциясы, жазушылармен кездесу қамтылды. Кітапханаға 70 жыл болса да, біз әлі де алға ұмтыламыз. Тек қозғалыста ғана өмір сүру, өзгеру мен даму бар. Ал, баланы кітапқа баулу – бұл сол дамудың ең алғашқы қадамы. Жалпы, оқырманы, оның ішінде, жас оқырмандары көп кітапханалардың болашағы бар екені сөзсіз, – дейді Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының басшысы Баян Уатаева.

Сонымен қатар, форумға арнайы шетелден және ұлттық кітапханалардан кітапханашылар жиналды. Онда Ресей мен Қырғызстаннан келген мамандар бар.

– Біз тәжірибе алмасамыз. Мәселелерді талқылаймыз. Бейресми жағдайда сөйлесеміз. Қазақ балалар әдебиеті бойынша біршама сұрақтар бар еді. Оны осындағы әріптестерімнен сұрап білдім. Бұндай ауқымды шара тіпті шетелдік біздерге де өте қызық. Ең маңызды сұрақ – ол бала кітапты сүйіп оқу үшін кітапханаға не істеу керек? Ең алдымен, балалар бізге сенуі үшін өзіміз дамуымыз керек. Бала көңілін аулайтын, оны тарта білетін, түрлі эксклюзивті қызықты форматтарды ойлап табуымыз керек. Олар үшін пайдалы өмір тәжірибесімен бөлісу, жақсы кітаптар ұсыну қажет, – дейді Ресей мемлекеттік балалар кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Мария Молчанова.

Расында, баланы кітап оқуға баулу бұл оңай емес. Оның үстіне қазір гаджеттер заманы. 3 жастан асқан сәбилер телефонға әуес. Осындай дәуірде өз ісін жетік біліп, міндетін айнытпай атқарып жүрген кітапханашылар баршылық. Мысалы, Бішкектен келген Роза Сұлтанғазиева да балаға кітап оқытудың оңай жолдарын айтып, бөлісті.

– Қазір бәрі өзгеруде. Қоғам, оқырман және кітапханалар уақыт өте сақталуы керек. Балаларды, жастарды оқуға тарту үшін заманауи жаңа қызметтерді енгізу қажет. Цифрландыру ғасыры бізді өзгеруге, қызықты заманауи форматтарды табуға міндеттейді, – деп атап өтті Қырғызстанның Қ.Баялинов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық кітапхана директоры Роза Сұлтанғазиева.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.