Білім

Бала ертеңіне бейжай қарамайық

№2 арнайы мектеп-интернатында тірек-қимыл аппараты зақымданған, атап айтсақ, әртүрлі этиологиялы және ауырлықтағы қозғалыс бұзылыстарымен, церебральды сал ауруымен, тірек-қимыл аппаратының туа біткен және жүре пайда болған деформациялары бар балалар оқытылады.

Сурет: автордан

Мектеп-интернаттың инфрақұрылымын жаңарту арқылы оқыту мен тәрбиелеу үшін заманауи жағдай жасау, сапалы білім алуға ықпал ететін білім беру ортасын жетілдіре отырып, тірек-қимыл аппараты зақымдалған балаларға сапалы оқу ұйымдастыру мектеп-интернаттың басты міндеті.

Оқыту-түзету жұмыстары жалпы білім беру циклі сабақтарында, сондай-ақ, арнайы оқыту кезінде де әр баламен жеке жұмыс жүргізу, түрліше әдіс-тәсілдермен ақыл-ой мен тәжірибелік іскерлікті алмастыру, қызықты және әсемделген дидактикалық заттарды қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Мектепте заманауи модификацияланған оқу-тәжірибелік химия, физика, информатика кабинеттері бар. Сондай-ақ, бейнелеу өнері, тігін, қыш, токарлық және металл өңдеу шеберханалары және логопед, психолог, дефектолог секілді көптеген мамандар жұмыс істейді. Сенсорлық, Монтессори, дене шынықтыру орталығы бар түзету кабинеттері, емдеу-сауықтыру пункті, гидрокинезотерапия, массаж кабинеттері, бейімделу және емдік жаттығу залы және спорттық кешенмен жабдықталған. Өткен жылы мектеп-интернаты «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қолдауымен заманауи талаптарға сай құрал-жабдықтармен жаңартылды.

Жаңа пәндік химия кабинеті, тігін шеберханасы, ағаш және ұста шеберханасы, қыш шеберханасы толықтай білім алушылардың қажеттілігіне сай жабдықталды. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін қолайлы. Кәсіби еңбекке даярлап, әр баланың қызығушылығын, бейімділігін және қабілеттеріне сәйкес кәсіби еркін, сапалы таңдау қабілеті мен мүмкіндігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Мектеп-интернаттың тәрбие жүйесі «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде жүзеге асырады. Білім алушылар республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадаларға жүйелі түрде қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мектеп-интернатында ұйымдастырылып тұратын экскурсия, көрмелер мен кинотеатрлардағы көрсетілімдер тәрбиеленушілердің мәдени деңгейінің дамуына ықпалын тигізеді.

Мектепте хореография, армрестлинг, бочча, жеңіл атлетика, үлкен теннис, арбамен билеу, пара-каратэ, тоғызқұмалақ, дойбы, асық ату, футбол, жүзу, вокал жас жеткіншектердің жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Отбасының оқу-тәрбие процесіне жауапкершілікпен қарап, белсенді араласуын арттыру үшін мектеп-интернаты ата-аналармен бірлесіп «Отбасы және мектеп: диалогтан – серіктестікке» жобасын іске асыруда.

Жоба ата-аналармен кең әлеуметтік қарым-қатынасқа ұмтылатын ашық әлеуметтік-педагогикалық жүйені құрып, бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін күшейтпек.

Оқу-тәрбие үрдісін жүзеге асыруда әлеуметтік серіктестердің қолдауы мен көмегі орасан зор. Бала тәрбиесіне бейжай қарамайтын, «ерекше балаларға» көмек қолын соза білетін мекемелермен қоян-қолтық серіктестікте жұмыс жүргізілуде.

Эльмира АМАНДЫҚОВА,
№2 арнайы мектеп-интернатының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button