Бас тақырып

Бала бастауыш білімді ана тілінде алу керек – Дихан Қамзабекұлы

Елімізде А.Байтұрсынұлы туған күні қарсаңында біршама шара өтіп жатыр. Алайда оқу жылы кеше басталғандықтан «ораза, намаз – тоқтықта» дегендей, ахметтануға емес, күйбең тіршілікке бой ұрып кеткен орындар да аз емес.

Сурет: автордан

Сондықтан білім мекемелерінде Тіл мерекесі шараларын алдын-ала Тамыз жиыны бағдарында өткізуге де болатын секілді. Бірақ, әрине, 5 қыркүйекте Ақаңды, ұлт ұстазының аманатын еске алу – елдік парыз.

Енді Ақаңның мұрасының тағылымы, өсиеті аясында мына мәселелер өзекті күйінде тұр.

Білім саласында:

1) Бала бастауыш білімді ана тілінде алу керек (тілдік ахуал).

2) Бала дүниені ана тілі мен ұлт дәстүріне сай тану қажет (дүниетаным).

3) Кейбір пәндердің оқулық сапасы (субъективизм, жалпақшешейлік, әсіре көшірме, тілдік сауатсыздық).

Ғылым саласында:

1) Ғылым тілінің бәсі.

2) Заң және тіл (Бізде қазақ тілінде екі-ақ заң даярланған. Заң факультетінде арнайы бөлім яғни болашақта қазақша заң әзірлейтін мамандар бөлімін ашқан дұрыс).

Саясат саласында:

1) Мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін білуі міндетті.

2) Президенттікке үміткер қазақ тілінен емтихан тапсырғанда министрлер мен депутаттарға неге мұндай сынақ жоқ? Бұл да – ынталандыру тетігі.

Енді өмір тәжірибесінде А.Байтұрсынұлы айқындаған тіл заңдылықтарын аяққа таптап жүрген фактілерге келейік.

1) Кім, қашан рұқсат бергені белгісіз, елдің жоғары (!) оқу орны атаулары ағылшынданып, Назарбаев университет, Сатпаев университет, Торайгыров университет, Кунаев университет… болып жөңкіліп кетіп бара жатыр. Әрине, ресми ағылшын тілінде! Аты жоқ, заты жоқ. Егер біреуі-ақ қажет десе, бізге керегі олардың есімі емес пе? Қаныш, Сұлтанмахмұт, Дінмұхамед есімі бағалы. Бұл мәселеде Абай университеті атауы үлгі бола алады.

2) «Атындағы» деген калька-пәледен құтылған жөн. Абай мектебі, Құнанбай мешіті, Мұхтар кітапханасы т.б. Түсінікті әрі нақты!

3) Қазақ жазба тіліне орыстың «по» деген предлогіне балама ретінде жасанды енген “бойынша”, «жөнінде» дегендерден толық құтылған дұрыс. Сол арқылы біз жазуда зор үнем жасар едік.

4) Амандасуды, туыстық қаратпа атауларды біріздендіру, нормалау маңызды. «Ассалаумағалейкум/ Уағалейкумассалам»-ның жөні, этикеті бөлек. Енді осылай өзге этносты, әйел баласын (қазақ дәстүрі) амандастыра алмаймыз ғой. Неге дәстүрлі «Арма/ Бар бол»-ды енгізбеске? Сондай-ақ мұғалімге тәтей, әпкей (ағай, апай) деу қисынды ма? Ана мен әкені «анашым, әкешім» деген жаңа нұсқаның несі сөкет? Жетпістегі шал-кемпірдің марқұм әке-шешесін «мамам, папам» деп отырғаны керемет пе?

Елімізде басқа-басқа, қазақ тілі мамандарының 80% әйелі мен күйеуін «жолдасым» дейді екен. Масқара тілдік деградация ғой! Қазақта жолдас – тек ер адам. Зайыбым, жұбайым, қосағым… он шақты дәстүрлі атауы бар.

5) Бүгінгі ең жаңашыл тақырып – жасанды интеллект. Біз әркез ойланамыз: «Ақаң интеллект дегенді қалай қазақшалар еді?» деп… Интеллект – бүгін ғана келген сөз емес. 70-80 жылдары тіл марғасқалары оны «зерде» деп аударғаны мәлім. Біз енді интеллектіге (интеллектке) қазақша дұрыс жалғау жалғай алмай қиналамыз. Себебі, жасандылықты тілдің өзі қабылдамайды.

А.Байтұрсынұлы туған күнінде ортаға мынандай ой тастауды да жөн санаймыз:

1) Бізде барлық дерлік мейрамның атауы орысша калькаланып тұрады. Негізі, атау нақты болғаны дұрыс. Сондықтан 5 қыркүйекті «Тіл мерекесі» десек, мағынасын толық ашады.

2) Астанада және басқа да қалаларда А.Байтұрсынұлы даңғылы, көшесі бар. Осының бойындағы көрнекі жерге Ақаң әліпбиіне ескерткіш орнатқан жөн. Бұл үлкен шығынды талап етпейді. Үлкен ұстын-стеллада ойып жазылған төте алфавит.

3) Мемлекет басшысының идеясымен елімізде «жайлы мектептер» салына бастады. Бұл – білімдегі серпінді жоба. Осыларға «А.Байтұрсынұлы мектептері жүйесі» деп атау беру – Алашқа да, ұлт ұстазы еңбегіне де лайықты құрмет болар еді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры,

ҰҒА академигі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button