Жаңалықтар

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Балалардың қауіпсіздігі – жыл он екі назардан түспейтін мәселе десек, жазда айрықша көңіл бөлуді талап ететіні рас. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы», – деп ерекше атап өткенін еске саламыз. Президент былтыр: «Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі – отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн», – деген болатын. Десе де, балалардың қауіпсіздік мәселесі жыл сайын өзектілігін жояр емес.

Сурет ognialatau.kz

Жаз мезгілінде балалар арасындағы жазатайым оқиғалардың, оның ішінде, терезеден құлау фактілерінің жиілеуі – бала қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеудің салдары. Бұл бір жағы Президент айтып отырған отбасы институтындағы ата-ана жауапкершілігін де көрсетіп отыр. Маңызды тақырып айналасында сала мамандары өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ой өрбітті.

Қарағанды облысы төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Әсем Қалдыбаеваның айтуынша, департамент мамандары тарапынан насихат пен ескерту жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

– Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқару органдарымен бірлесе отырып, рейдтер, демалыс күндері акциялар ұйымдастырады. Әр шара барысында жадынама, буклеттер таратылады, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде насихатталады. Департаментте балалардың жазатайым оқиғаларының 10 жағдайы тіркелді, – деп атап өтті Әсем Қалдыбаева.

Полиция басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы Айнұр Ердуллаева 18 наурыз бен 27 мамыр аралығында Қарағанды қаласы бойынша 7 факті орын алғанын айтты.

– Әр жағдайда ата-аналар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Наурыз-мамыр айларында «Қауіпсіз терезе» акциясы ұйымдастырылды. Оған 182 білім беру ұйымы қатысты. 5 мыңға жуық ата-ананың қатысуымен 130 жиналыс өтті. Оның барлығында балалардың қауіпсіздігі сөз болды, – дейді инспектор.

Балалар жарақатты көшеде не мектепте, тұрмыста, жол-көлік оқиғасы кезінде алуы мүмкін. Оның ішінде, биіктен құлау да бар. Жыл басынан бері аймақ бойынша 16 765 бала жарақат алған. Оның 18-і биіктен құлаумен байланысты. Өкінішке қарай бір бала қайтыс болды.

– Биіктен құлау кезінде әдетте бас ми жарақаты, миға қан құйылу, омыртқа жотасының сынуы, жұлынның зақымдануы орын алады. Аралас жарақаттар ішкі ағзалардың зақымдануына да алып келуі мүмкін, – дейді травматолог-ортопед Рахат Піржанов. – Жұлын зақымданса, бұл мүгедектікке алып келеді. Мұндай жағдай орын алса, өтіп бара жатқан адамдар немесе жақындары баланы қозғауына немесе көтеріп алуына, сынған жері болса, түзеуіне болмайды. Егер бала етбетінен жатса, мойны мен аяқ-қолын түзу, қатты ұстап, шалқасынан жатқызуға болады жедел жәрдемнің келуін күту керек.

Әсем Қалдыбаева департамент тарапынан көпбалалы отбасыларға қауіпсіздік құралы орнатылатынын да атап өтті. Жыл басынан бері сондай 60 құрал орнатылыпты.

– Дегенмен, барлығына орнату мүмкін емес, – дейді ол. – Сондықтан, бұл жерде жауапкершілік бірінші кезекте ата-ана тарапынан болуы тиіс. Орын алған барлық жағдайлар баланың ата-ана назарынан тыс қалуы, қауіпсіздік құралының болмауы себебінен. Сонымен қатар, жиһаз, үстел- орындықтың терезеге жақын орналаспауын қадағалау керек. Біз өз тарапымыздан құрылыс компанияларына құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларына мән беруін сұраймыз. Әсіресе, бұл терезелерге қатысты. Терезе саларда қауіпсіздік блоктарымен салынса екен деген тілегіміз бар. Жалпы, ата-аналарға балаларының өмірі мен денсаулығына жауапкершілікті сезініп, қауіпсіздік құралдарын орнатуды ескертеміз. Қайғылы жағдай кез келген адамда, кез келген уақытта орын алуы мүмкін. Сондықтан, алдын алған дұрыс.

«Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады», – деген болатын Президент. Бала – адамзаттың «жанды» жері. Оған қатысты жасалған кез келген қастандық қоғам тарапынан қатаң сыналады. Дәл солай жазалануы да тиіс.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button