Бала қауіпсіздігі қатаң бақылауда
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, сауықтырылуына жағдай жасау, сонымен қатар, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – міндет. Биыл облыстағы 160 мың баланың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жоспарланған. Бұл орайда қала сыртындағы 9 лагерь және мектеп жанындағы лагерьлер жұмылдырылды.
Бүгінгі таңда ауыл мектептерінде оқитын 838 үздік оқушы «Қазақстан халқына» қоры есебінен Алматы қаласындағы «Тау-Жанашар», «Baqsy» лагерьлерінде және Қарағандыдағы «Салют» лагерінде демалды. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 742 бала жергілікті бюджет есебінен сауықтыру орталықтарына жолдама алды.
– Биыл алғаш рет Ақтоғай ауданында 210 баланы қамтитын 6 күндік киіз үй лагері ашылды. Барлық мамандандырылған мектептер және инновациялық лицейлерде жазғы тілдік мектептер мен курстар, конструкция және робототехника бағыттары бойынша бейіндік лагерьлер ұйымдастырылды. Жазғы кезеңде барлық 44 қосымша білім беру ұйымдары бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударылды. «Қауіпсіздік» жобасы аясында 10 мың педагогке сертификат берілген. Жобада адамның өмірін сақтап қалу және төтенше жағдайдағы алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйрету көзделген, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Брифингте атап өтілгендей, бүгінде облыстағы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 200 студентті қамтитын «Студенттік педагогикалық жасақтар» жобасы іске асырылуда. Аудан, қалаларда «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь» профилактикалық акциялары да өтуде.
Сонымен қатар, биыл алғаш рет Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген 1-11 сынып оқушыларына арналған «Сенің шаттыққа толы демалысың» атты нұсқамалар (Гайдбуктар) оқушыларға таратылып, ата-аналар чаттарына жолданды.
Гайдбукта ата-аналар үшін пайдалы ақпарат, жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьлер тізімі, төтенше жағдайлар орын алған жағдайда хабарласатын шұғыл қызметтер нөмірі бар.
Биыл сондай-ақ, шомылу маусымының белсенді басталуына байланысты төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 1 мамырдан ауқымды жұмыс бастағанын айта кеткен жөн. Су айдындарында патрульдік полицейлермен 1300-ден астам рейд жүргізілген.
Облыстағы төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұржан Жақатаевтың айтуынша, бүгінде облыстың барлық өңірлерінде үгіт-насихат жұмыстары жолға қойылған.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 29 маусым күні Нұра өзенінің Қызылжар ауылындағы суға түсуге тыйым салынған учаскесінде екі кәмелетке толмаған баланың өліміне әкелген оқиға тіркелді. Балалар ересектердің қарауынсыз жалғыз қалған және суға шомылуға тыйым салынған жерлерде суға кеткен. Көрсетілген аумақтағы жағадан 2 метр жерде тереңдігі 4 метр жартас болған.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, биыл жаз мезгілі ыстық әрі ауа температурасы 40 градусқа дейін жетеді. Осы орайда төтенше жағдайлар департаменті балаларды ересектердің бақылауынсыз су айдындарына жіберуге қатаң тыйым салады.
Заңға сәйкес балаларды қараусыз қалдырғаны үшін ересектер әкімшілік және өзге де жауапкершілікке тартылады. Қауіп төнген жағдайда 101 және 112 телефондарына хабарласқан жөн.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz