Бас тақырып

Бала аман болса, ел аман

Ақпараты ашық қоғамда қайғылы жағдайдың орын алғанын көп естиміз. Жоғары қабаттағы терезеден құлап кеткен сәби, түтінге тұншыққан бала, суға батқан жасөспірім, қорлық көрген баланың жайын естіп, өне бойың түршігеді. Мұндай жайттар неге жиіледі? Алдын алып жатырмыз ба?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында кез келген адамның бәсекеге қабілетті болуы – оның білім деңгейіне байланысты екенін, білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті сақтау мәселесі өзекті екенін айта келіп, «балалар мен студенттерді кез келген қауіп-қатерден қорғауға міндеттіміз» деген болатын. «Сол себепті білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қойылуы қажет», – деді Президент.

Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан, бала қауіпсіздігі мәселесі ешқашан өзектілігін жоймайды.

Бала қауіпсіздігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жарғақ құлағы жастыққа тимей айтып та, жазып та елді сақтандырғанымен, бәрібір қайғылы оқиғалар саны азаяр емес. Әртүрлі жағдайдағы балалар өлімі туралы статистиканы қарасақ, жан түршігеді. Мәселен, төтенше жағдайлар кезінде биыл 18 бала зардап шеккен, 2 бала мерт болыпты.

– Төтенше жағдай кезінде қаза болған балалар саны аз десек те, жыл сайын қайғылы жағдай орын алады. Мамыр айында екі жасар бала 7-қабаттан құлап, қаза болды. Осакаров ауданында тұрғын үйде болған өрт салдарынан бір бала мерт болды. 16 бала әртүрлі жағдайларда түрлі дәрежеде зардап шеккен. Ал былтыр ТЖ кезінде 29 бала зардап шеккен, жетеуі көз жұмған, алтауы су айдындарында, 1 бала терезеден құлап, мерт болған. Көп жағдайда мұндай қайғылы жағдай балалар ата-аналардың қарауынсыз қалғаннан болады. Ақпараттық түсіндірме жұмыстары, хабарландырулар жүргізіліп жатқанымен, ата-аналар балаларын қараусыз қалдырып, қадағаламай жатады, – деді төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Еркін Жаңабаев.

Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесіне келсек, білім басқармасы жыл бойы атқарылған жұмыстар аз емес екенін айтады. Қыста Петропавлдағы мектептердің бірінде болған оқиға елді дүр сілкіндірген еді. Осыдан соң елдегі барлық мектептердің қауіпсіздігі тексерілген болатын. Қарағанды облысындағы мектептерде қауіпсіздік жүйесі тексерілді.
Балалар жазғы демалысқа шықты. Әсіресе, жаз мезгілінде сақтық керек. Өйткені, жазым деген аяқ астында. Білім басқармасы тұлғаның рухани адамгершілік дамуы, арнайы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева жаз кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша білім басқармасының атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті.

– Қазір түрлі жағдайлар орын алуда. Әрине, баланың үйдегі қауіпсіздігіне ата-аналар жауапты. Ал білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша оқушылар, ата-аналар мен педагогтер арасында жүйелі және мақсатты түрде профилактикалық жұмыс жүргізілді. Бала қай жерде болса да, қауіпсіздікті сақтаған жөн. Білім басқармасының төтенше жағдайлар департаментімен, полиция департаментімен бірлескен іс-шаралар кешені бекітілген. Жоспарға сәйкес жыл сайын «Қауіпсіз жаз» акциясын өткіземіз. Ата-аналармен «Отбасы сағаты» жобасы бар. Жол қауіпсіздігі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіледі, – деді Аруна Мұқашева.

Оның айтуынша, баланың судағы қауіпсіздігі бойынша білім басқармасы облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, балаларға жаз кезінде жүзуді үйрету жобасын қолға алған. Былтыр 4600 оқушы қамтылса, биыл 5600 оқушыға жүзуді үйретеді.

Қауіпсіздік туралы сөз болғанда, кәмелетке толмаған жасөспірімдер мәселесін де айтып өткен орынды. Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Факизат Төлтаеваның айтуынша, жасөспірімдер арасында қылмыс жасау фактілері жиі орын алады. 2018-2019 жылдары қылмыс­тық статистика екі есе көп тіркелген. Былтыр 42 бала қылмыс жасаса, биыл осындай 29 бала тіркелген. Ал, 340 бала есепте тұр.

– Балаға жауапты – ата-ана. Ата-ана алдымен өзін тәрбиелеу керек. Көп жағдайда қолайсыз отбасынан шыққан балалар қылмысқа барады. Қолайсыз отбасындағы ата-аналарға ескерту беріледі, есепке қойылады, отбасындағы әлеуметтік жағдайы тексеріледі. Кейіннен айыппұл салынады, тіпті ата-ана құқығынан айыру шарттарын береміз. Биыл 5 адам ата-ана құқығынан айырылды. Былтыр 19 ата-ана болатын. Мектептерде тәрбие жұмыстары жүргізіліп отырады. Десе де, өзегін жарып шыққан баласының қауіпсіздігіне ата-анасы ерекше мән беру керек, – деді Факизат Мұқанқызы.

Әрине, баланың амандығы, тәрбиесі, оның қауіпсіздігі, құқығы қай кезде де қоғамның өзекті мәселесі. Оған қоғамның әрбір мүшесі жауапты болуы керек. Өйткені, баланың амандығы – елдің амандығы екенін ұмытпаған жөн.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button