Баған

Балаға көңіл бөліңіз…

Қоңыр әуенімен баурап күз де келді. Жаңа оқу жылы басталып, балаларымыз мектепке асықты. Жазғы демалыс көзді ашып жұмғанша өтіп кеткендей…

Жұмыс, күйбең тірліктен балаға көңіл бөлуге уақыт болмайды, кейде. Үш баламның үлкені 2-сыныпта, кішісі 1-сынып, кенже қызым – балабақшада.

Үлкен балам үш жасынан бастап тақпақ, бата жаттап өскендіктен бе, еті тірі. Өз басын еркін алып жүреді. Оның үстіне «тұла бойы тұңғышым» деп еркелеткендіктен, мейірімге қанып өседі ғой үйдің үлкені.

Қазақта «Балаңды 7 жасқа дейін патшадай күт, 14 жасқа дейін құлша жұмса, 21 жасқа дейін досыңдай сырлас» деген сөз бар. Осы сөз жағымды әсер етсе де, кейде ұмытып кетіп жататынымыз өтірік емес… Бұрын 7 жастағы бала 1-сыныпта болса, қазір 2-сыныпқа барады.

Жуырда бір отырыста психолог маманның «бала қазіргі жағдаймен 2-сыныпқа дейін өзіне керегін қабылдап болады. Содан кейін мінезін өзгерту қиын, сол қалпы кетеді. Мұны көп ата-аналар қаперіне де алмайды. Бала тәрбиесі – өте нәзік дүние, қалыптасу кезеңінде жөнді тәрбие ала алмаған баладан түзу, толық адам шығуы екіталай» дегенін естіп қалдым.

Екінші ұлым қазір 6 жаста, балабақшаны озық аяқтады, 1-сыныпта оқиды. Соңғы кезде сол ұлымның өте тұйық болып бара жатқанын байқап жүрмін. Мектеп деген үлкен білім әлемінің табалдырығын аттағанда моральдық қолдау керек екені рас қой. Оның үстіне ата-әжесі ерте өмірден озып кеткендіктен, олардың тәрбиесінсіз өсіп жатыр.

Сонымен қатар, балалардың оқуы мен үй шаруасы әйелдердің мойнында. Олар өз міндетін толық атқарып жүрсе де, әкенің қолдауы, әке мейірімі бөлек. Үйде – анасының тәрбиесі, мектепте де әйел-ұстаздың ескертпелері, мектеп басшысы да нәзікжанды. Осының бәрі ұл балалардың азамат болып қалыптасуына кері әсер етеді-ау, шамасы…

Әлгі сөзді ести сала үйіме асықтым. Барсам, ұлым сол баяғы көңілсіз қалпы үй жұмысын дайындап отыр екен.

Бара сала ұлыммен әңгімелесе бастадым. Мектебін, сыныптас достарын, апайы жайлы сұрап, біраз әңгіме өрбіттік. Сабағының қиын жерлеріне көмектесіп, бағыт-бағдар көрсеттім. Байқағаным оның жүзіне қан жүгіріп, кәдімгідей мәз болып қалды. Сонда өзімнің түкке тұрмайтын күйбең үшін ұлымның болашағына балта шабуға аз қалғанымды түсіндім. Бірақ, оқу жылы жаңа басталды. Ол 7 жасқа жеткенше әлі бір жылдай уақытымыз бар екен. Қалайда, осы қалған уақыт аралығында ұлымның бойындағы балабақша мен үйде көрген тәрбиесін толықтырғым келеді. Тап-таза жүрегіне бар мейірімімді терең сіңіріп, жан-жақты қолдау көрсетумен қатар, жақсы қасиеттерді молырақ дарытсам деймін. Өйткені, олардың өміріне мен жауаптымын ғой, бала деген Алланың бізге берген аманаты емес пе?..

Аманатқа қиянат – ауыр күнә, адамдыққа сын.

Әлгі психологтың айтқан сөзі жадымнан өшуге айналған ата-баба өсиетін санамда қайта жаңғыртқаны қандай жақсы болды…

Ал, сіздер ше, құрметті әкелер?

Қысқасы балаңызға көңіл бөліп жүріңіз.

Жәлел ШАЛҚАР,

«Ortalyq Qazaqstan»

газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button