Баған

«Балаңа балық берме, қармақ бер»

XXI ғасырда өмір сүріп жатыр­мыз. Зымыраған уақыт, зулаған технология, миллиондаған ақпарат тасқыны. Иә, еліміз күннен-күнге да­ мып келеді. Заманауи технологиялар барлық саланы қамтуда. Алайда, осы тұста алаңдатар бір мәселе бар. Жа­сыратын түгі жоқ, қаншама жасқа кел­сек те, көбіміз компьютермен жұмыс істеуді жетік біле қоймаймыз…

Әр үйде оқыған, көзі ашық бір адам болады. Соның маңдайының соры – бес елі. Бәрін соған міндеттеп қоя­мыз. Анықтама толтыру болсын, заңнама тұрғысынан болсын, біреуге поштамен хат жіберу болсын, тіпті, телефонымыздың даусы шықпай қалса да соған қоңырау шаламыз.

Бұл, әрине, дұрыс емес. Еш нәр­сенің кештігі жоқ. Қартайғанда уни­верситетке түсіп жатқан аға-апала­рымызды да көз көрді. Неліктен біз бойкүйездік пен жалқаулыққа бой алдырдық?! Жетіспейтін білімді то­лықтыруға талпынудың орнына, жантайып алып теледидар көреміз, қалаберді карта ойнаймыз. Уақытты босқа өлтіреміз. Пайдасыз нәрсемен айналысамыз.

Сосын, жеме-жемде қолымыздан бір дүниені жасау кел­мей жатса, Құдайға өкпемізді ай­ тамыз «Не жаздым сонша?!» деп. Мұнда Құдайдың еш кінәсі жоқ. Бар гәп өзімізде. Құдай бізге бәрін беріп қойған. Тек, өзіміз соны дамытып, жетілдіріп, пайдалана алмаймыз. «Адам адамнан білімімен, ақылымен ғана оза алады» деді Абай. Ал, біз әлі жүрміз. Өйткені, ойланғымыз келмейді, миымызды ашытқымыз келмейді. Біз үшін ойланатын, бас қатыратын бір адам бар. Әлденені түсінбесек, соған хабарласамыз. Не­ге ол адам сіз үшін ойлануы керек? Ол адамнан сіздің қай жеріңіз кем?..

Бір көрші жеңгей бар-тын, техникаға, құжатқа байланысты сауалы болса, үнемі сұрап жүретін. Мен де бетін қайтармайтынмын «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп. Сол кісі бір күні «Бұқар жырау туралы мәлімет ке­рек» деп хабарлама жазып жіберіпті.

Бұл не? Басыну ма, жоқ әлде өзімсіну ме? Амандық сұраспай, осылай жа­ зуға бола ма? Бұл мәдениетсіздік дер едім. Ешкімнің ешкімге өткізіп қойғаны жоқ қой, тіпті, туысың бол­ са да бұлай басынуға хақы жоқ…

Ғаламторға кіріп, іздегенінің ата­уын жазып қалса, самсап тұр емес пе? Өзімді жек көріп кеттім сол сәтте. Бетін қайтармай, жаман үй­реткен екенмін. Әбден мойны­ма мініп алыпты.

«Балаңа балық берме, қармақ бер» деген сөз өте дұрыс айтылған екен. Менің ойыммен көп адам келісері анық. Арасында «жоқ» деп бетін қай­ тарып тастаудың да пайда­сы бар екен. Әр нәрсені орны­мен жасамай жаман үйретсең, өмір бақи жүргенің сорлап…

Бұдан шығар түйін: заманға икемде­летін уақыт жетті! Қашанғы біреуге сеніп жүрмексің?! Уақытты бос­қа жібермей, өзіміз білмейтін дү­ниелерді үйренейік. Барлығы өзі­міз үшін, ұрпағымыз үшін керек. Осындай икемсіз, үнемі біреудің көмегімен өмір сүретін бізді көріп өскен ұрпақтан не үміт, не қайыр?!

Олардың да масылдыққа бой ал­дырмасына кім кепіл?.

Ерболат ҚУАТБЕК,

Life09 ақпараттық агенттігінің бас редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button