Ресми

Балаға қамқорлық – елге қамқорлық

Қоғамның басты тірегі – адам. Құндылығы – отбасы. Берекесі – бала-шағасы. Яғни, біздің еліміз үшін басты байлық көпбалалы отбасы деп толық айта аламыз. Қоғамның осы бір маңызды тобының әлеуметтенуі мемлекеттің басты назарында. Көпбалалы отбасыларды қолдау мемлекет қабылдаған әлеуметтік бағдарламалар арқылы жүйелі жүзеге асуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, елімізде кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп баланы асырап отырған 450 мыңға жуық отбасы бар. Көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылып, жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен және баспанамен қамту шаралары, түрлі жеңілдіктер жан-жақты қарастырылған. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» үшін де қосылатын үстеме әр баланың нәпақасы десе де болады. 2021 жылдан бастап «Әлеуметтік пакет» көмегі іске қосылды. 1-18 жасқа дейінгі балалар жас ерекшеліктеріне қарай тамақтануы, гигиеналық заттар мектеп формасы, жолақысымен қамтамасыз етілді. «Көпбалалы ана куәлігі» түрлі жеңілдіктерге жол ашты.

– Ана мен бала – көпбалалы отбасын құраушы болса, әке – қорғаны. Бұларды бір-бірінен бөле-жару мүмкін емес. Осы бір бүтін әлеуметтік топтың мүддесін қорғау, олардың мұң-мұқтажына құлақ асумен қатар, қолдауды «Шаңырақ» көпбалалы отбасын қолдау орталығы жүйелі түрде іске асырып келеді. Орталықта материалдық көмектен бөлек, психологиялық және заңгерлік кеңес те беріледі. Әрі орталықтың жер-жерде бөлімдері ашылып, шалғайдағы көпбалалы отбасылардың да мүддесін қорғауға жұмыла жұмыс жасап жатырмыз. Олар үшін мемлекеттің көмегі орасан зор. Туғанынан бастап, өз қолы өз аузына жеткенге дейін, яғни өз бетінше тіршілікке бейімделгенге дейін мемлекет қорғап, қолдап отырады. Олардың тапқан табысына қарамастан әр балаға берілетін төлем, атаулы әлеуметтік көмек, тегін тамақтану, тегін киім-кешек, жүріп-тұруы мен оқу ақысына дейін мемлекет шама-шарқынша демеп отырады. Яғни, әлеуметтік бағдарлама көпбалалы отбасын әлеуметтендіруге жұмыс жасап жатыр, – дейді орталық жетекшісі Ләззат Қожахметова.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың газет бетіне шыққан есебіне сүйенетін болсақ, өткен жылы «Атаулы әлеуметтік көмек 2679 отбасына яғни 12243 адамға тағайындалған. Оның ішінде 932-сі көпбалалы отбасы. 897,7 млн. теңге қаражат қарастырылған».

Көпбалалы отбасы үшін басты мәселе – баспана. Осы орайда тұрғын үй жеңілдігі де қарастырылған. Балабақшаға тұру кезегі, коммуналдық төлемдерге жеңілдік те әлеуметтік қолдаудың бір түрі.

– «Күміс алқа» иегерімін. Алты баланың анасымын. Кезекке тұрып, көпбалалы отбасы ретінде пәтер алдым. Балаларыма төленетін жәрдемақы мен «Күміс алқаға» төленетін қаражат тағы бар. Өзім Қарқаралы аудандық «Шаңырақ» көпбалалы отбасын қолдау орталығының кеңесшісімін. Өңірде көптеген жұмыстар жүзеге асып жатыр. Мәселен, «Асар Уме» қоры арқылы көпбалалы екі отбасына пәтер алынды,– дейді Гүлнар Махмудова.

Көпбалалы отбасына қамқорлық мемлекеттің өскелең ұрпақ алдындағы ізгі парызы. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» демекші, егемен елдің ертеңі өскелең ұрпақтың алаңсыз өсуіне жағдай жасау мемлекет алдында тұрған мерейлі міндет.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button