АймақБалқашСпорт

Балқаштың барысы

Әуесқой бокстан Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Василий ЖИРОВ шаһарымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы. Көк байрағымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды әлемге тыңдатқан әйгілі спортшының есімін келер ұрпаққа насихаттау мақсатында өнегелі өмір жолына қайта бір үңілуді жөн көрдік.

ЖИРОВТЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Әлемге әйгілі Василий Жиров 1974 жылы 4 сәуір күні Балқаш қаласында дүниеге келген. Жировтың боксшы болып қалыптасуына, биік шыңдарды бағындыруына бапкері Александр Апачинскийдің сіңірген еңбегі ерен. Апачинский Васяны жастайыннан темірдей тәртіпке, жаттығуды мүлтіксіз орындауға үйретті. Жаттығу кезінде шүмектеп тер төкпесе, чемпион болу мүмкін емес екендігін құлағына құйып бақты. Тіпті, соңына арсылдаған ит қосып дайындағанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл төгілген тер кейін өзінің жемісін берді. Жиров Атланта шаршы алаңындағы алғашқы кездесуін Мексика үкілген Хулио Сесар Гонсалеске қарсы өткізіп, оны екінші раундта нокаутқа жіберді. Одан кейін италиялық Пьетро Ауриноның осал тұсын тапты. Ширек финалда Канададан келген Трой Россты үйіне қайтарды. Жартылай финалда бір жыл бұрын Берлинде өзі есе жіберген америкалық Антонио Тарверге тап келді. Есе қайтаруға тамаша мүмкіндік болатын. Осыны жақсы түсінген жерлесіміз өзінің нағыз бабында екенін әрі шеберлігі толысқанын көрсетті. Алғашқы үш минуттың қорытындысы бойынша Антонио 4:2 есебімен алда тұрды. Екінші раундта Вася жылдамдығын үдете түсті. Тарверге сол қолымен бокстың «джеб», «апперкот» секілді әдістерін тамаша қолдана білді. Екінші кезең 9:8 есебімен Жировтың жеңісімен аяқталды. Соңғы раундта ара қашықты ұстай білген жерлесіміз кездесуді өз пайдасына шешті. Қорытынды есеп – 15:9. Бұл жеңісінен кейін бокс мамандары Василий Жировты «Баркер» кубогына лайық деп табады. Бұрын-соңды жартылай финалдан соң, мұндай шешім қабылданбайтын. «Баркер» кубогының иесін анықтау үшін міндетті түрде финалдық айқастарды күтетін. Кейбіреулер түсінбей шулап та жатты. Дегенмен, Вася ақтық сында кәріс боксшысын еш қиындықсыз жеңіп, Олимпиаданың алтынын жеңіп алды. Осылайша, «Баркер» кубогына нағыз лайық боксшы екенін көрсетті. Жировтың жеңісті жолы кейінгі Олимпиадаларда да өз жалғасын тапты. Жалпы Василий Жиров әуесқой бокста 217 кездесу өткізіп, соның 207-нде жеңіске жеткен. 24 ірі халықаралық турнирде топ жарған. Олимпиаданың биік шыңын бағындырған соң, «Балқаштың барысы» кәсіпқой боксқа бет бұрады. 1996 жылдың соңында танымал бокс промоутері Боб Аруммен келісімшартқа отырды. Кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегін 1997 жылдың 18 қаңтарында жеңіліссіз келе жатқан АҚШ-тың Винсент Браун деген боксшысымен өткізіп, екінші раундта нокаутқа түсірді. Васяның кәсіпқой бокстағы кездесулерінің көпшілігі нокаутпен аяқталып жүрді. Брауннан кейін АҚШ-тың тәжірибелі Арт Джиммерсон, Джейсон Николсон, Рич Ламонтанье, Джон Кайсер, Артур Уильямс секілді былғары қолғап шеберлерін бірінен соң бірін сабады. Әсіресе, Ламонтаньені жеңіп, WBC тұжырымының чемпионы атанады. Ал, 1999, 2000 жылдары қарсылас атанған канадалық Дэйл Браун, италиялық Сол Монтанада жерлесімізге төтеп бере алмады. 2001 жылы Василий бір кездесуін Қазақстанда өткізуді жөн көреді. Чемпиондық тәжін қорғау үшін пуэртоамерикалық Алекс Гонсалеспен қолғап түйістірді. Алматыда өткен жекпе-жекті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы тамашалаған болатын. Бірақ, бұл бокс кеші тым ерте аяқталды. Бар-жоғы бір раундтың ішінде Гонсалесті нокаутқа түсірген Жиров IBF тұжырымы бойынша өз белбеуін үшінші рет сәтті қорғайды. Сонымен, жерлесіміздің кәсіпқой бокстағы жетістіктеріне тоқталсақ: IBF, WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC тұжырымы бойынша Америка чемпионы. Жалпы, кәсіпқой бокс рингіне 1997-2009 жылдар аралығында 48 рет көтеріліп, соның 38нде жеңіске жеткен. 32 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған атақты нокаутерлердің бірі. Кейін қазақстандық боксшы аса ауыр салмаққа (91 келіге дейін) ауысқанымен одан еш нәтиже шыққан жоқ. 2009 жылдың қазанында Василий Жиров спорттағы мансабын аяқтады.

ЧЕМПИОН ТҰРҒАН ҮЙ

Қазіргі кезде Василий Жиров АҚШ-тың Аризона штатының тұрғыны. Спортшының балалық шағы «Бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» (Қазтуған жырау) Балқаш көлінің жағасында өтті. Сол кезде қиын-қыстау заман келгені спортшыға сезілді. Бір сұхбатында Жиров: «Балқашта тоқырау жылдары ақшадан тарықтық, ал мен жаттығып жүрген зал қыста мұз болып қатып, суық залда жаттығу өткіздім. Сонда бапкерім Александр Апачинский қатып қалған құбырлардың мұзын шаммен ерітіп жүретін. Ол уақытта қолдау білдіретін демеушіміз болмады. Бұл өміріміздегі қиын сәттер еді. Бапкерім жарысқа апаруға, жолға, жаттығуларға үнемі ақша іздеп, табанынан тозатын, – деген еді. Боксшы Балқаш қаласында Шашубай мөлтек ауданындағы №24 үйдің 5-ші қабатындағы 9-шы пәтерде тұрған. Бірақ, 1997 жылы үйін сатып жіберген екен. Қазіргі таңда спортшының бұрынғы үйінде тұрып жатқан Алмагүл Нұрғаслиқызы 5 бөлмелі үйді боксшыдан 2 500 долларға сатып алғандығын айтады.

– Біз алғашқыда сатылымға қойылған үй боксшы Василий Жировтың үйі екендігін білген жоқпыз. Тек саудаласуға барғанда ғана аңғардым. Ол кезде, 2 500 доллар дегеніңіз өте құнды ақша еді. Спортшыдан үйде кір тасы қалған болатын. Оны бір туыс кісінің баласы аттай қалап, алып кетті. Тәубе, 1997 жылдан бері осы қасиетті шаңырақта өсіп-өніп жатырмыз, – дейді үй иесі Алмагүл Нұрғаслиқызы.

МУЗЕЙДЕГІ БҰРЫШ

Бүгінде Қазақстан спортының даңқын шығарған чемпионның медальдары мен кубоктары және басқа да жүлделері, жеке заттары Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Жәдігерлерді музейге 2008 жылы спортшы өз қолымен тапсырған екен. Заттардың арасында Олимпиада чемпионы Василий Жировтың былғары қолғабы, спорттық жейдесі және басқа да спорт саңлағына тиесілі экспонаттық дүниелері бар. Мұражай қызметкері Дәулет Қожақовтың айтуынша, мұндағы бокс қолғабын спортшы көбіне жаттығу кезінде киіп шыққан. Бұдан бөлек, Жировтың музейдегі медальдары мен кубоктары, басқа да жүлделері Балқаш қаласында жүргенде жеткен жетістігі екен.

Тәуелсіз Қазақстанның бірінші қатысқан жазғы Олимпиадасында (1996, Атланта, 71 келіге дейін), Вэл Баркер кубогін жерлесімізге табыстаған кезде залда тамашалап отырған аты аңызға айналған спортшы Мұхаммед Әли оған ерекше қошемет көрсетіп, ризашылығын білдірген. БАЛҚАШ қаласы

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button