АймақБалқаш

«Балқашсүттің» бағы жана ма?

Бұрындары балқаштықтардың «Балқашсүт» өнімдеріне қоржын қомпитып ақырын басып үйлеріне қайтып бара жатқанын көруші едік. Бүгінде дәмі тіл үйіретін сапалы сүт өнімінің заты түгілі аты да қалмады. Тоқсаныншы жылдары тоқырап, қайта аяққа тұрған кәсіпорын қазір жұмысын тоқтатқан. Оған себеп, шикізаттың жетіспеушілігі көрінеді.

2017 жылы кәсіпорынның қиындығы туралы айтып, «Балқашсүт» ЖШС басшысы Қадыр Каспаков дабыл қаққан. Қаржылық қолдау болмаған соң кәсіпорынның толық жұмыс істеуге қауқары жетпеген. 2012 жылдан 2017 жылға дейін өндірілген өнім көлемі тоғыз есеге төмендеген. 2018 жылдың 20 тамызынан бастап, кәсіпорын ресми түрде жұмысын тоқтатқан. «Балқашсүт» ЖШС өндірісі тоқтағалы шағын шаһарда тағы да бір түйткілді мәселенің ұшы қылтияды. Сүт өнімдері сырттан тасымалданатын болғаннан кейін қыс қаһарына мініп, жол жабылғанда қала сүтсіз қалады.

Кәсіпорын сонау 1939 жылы Қарағанды сүт комбинатының Балқаштағы май өндіру, қаймақ және елден сүт жинайтын бөлімшесі ретінде ашылған. 1955 жылдан база бойынша қалалық сүт зауыты іске қосылып, қышқыл сүтті сусын және балмұздақ өнімдері өндірілген. 1967 жылы қалада сүт зауытының арнайы жаңа ғимараты салынып, «Гормолзавод» деген атаумен тұтынушыларға өнім ұсынған. Ол уақыттарда Дересін елді мекенінде сиыр фермасы жұмыс жасап, толықтай қаланы, зауыт пен мекемелерді және Ақшатау кентін сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған.1988 жылы қайта құру кезінде зауыттың құрал-жабдықтары түгел өзгертіліп, жаңа жүйеге көшірілген. 1994 жылы мемлекеттік мекемеден «Балқашсүт» АҚ-ға айналған. 1999 жылы оның құрамына Жарықтың «Ақ бұлақ» АҚ қосылды. Кәсіпорын сүт өнімдерінің 30-дан астам түрін өндірді. 1999 жылдары бал татитын, таңдайға түссе тамсандырып, тіл үйіретін балмұздақтың 10 шақты түрін шығарған. Жаз айларында 20 тонна балмұздақ өндіріп, тіпті, сүт өнімінен бөлек айына 15 тонна нан пісіріп сатқан. 2005 жылы «Балқашсүт» ЖШС болып өзгерді. Кәсіпорынның жобалық қуаты 300 тонна сүтті қайта өңдеуге есептелген, алайда 2016 жылдары кәсіпорын тек 30 тонна шикізатты қайта өңдеп шығарып отырған. Дәл қазіргі кезде жұмысын тоқтатқан кәсіпорынды қайта ашып, жұмысын жандандыру туралы тұрғындар бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Бірақ, бұл мәселенің түйіні әлі күнге дейін шешілмей отыр.

«Екі сауыншы кездессе шелегі мен қаймағын айтады» дегендей, бұл орайда балқаштықтар сүт өндіруде елімізде алғашқы орында болған «Балқашсүт» кәсіпорнын әлі күнге дейін мақтанышпен айтады. Есігіне қара құлып ілінген компанияның май, қаймақ, айран, ірімшік, қойылтылған сүт пен басқа да өнімдерін аңсаған жұрт жергілікті өндіріс ошағын сақтап қалуға құзыреті жетпегендерге өкпесі де жоқ емес.

Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанмира Рахпанованың мәлімдеуінше, кәсіпорын жұмысын бастау үшін қомақты қаражат және шикізат қажет. Қалаға жақын жұмыс жасайтын сиыр фермасы жоқ. Ал, маңайдағы ауылдардан тасымалданатын сүт толықтай өндірісті қамтамасыз ете алмайды.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button