ЖаңалықтарМәселе

Балқаш батпаққа айналмасын десек…

Балқаш көлі жыл сайын тартылып барады. Биыл су айдыны жағалаудан 20 метрге шегінген. Көл жағалауында тұратын қала халқы көл суына алаңдайды. Өйткені, тым тартылып, табаны көрініп қалған. «Енді, су деңгейі қалпына келмей ме?», – деген жұрттың көңілі күпті. Суы теңіздей толқыған, жанарды жасқаған жағалауын көкжиек көмкерген көлде қалыптасқан ахуалға қатысты мамандардың пікірін білген едік.

Мамандардың мәлімдеуінше, алаңдауға бірнеше себеп бар. Біріншісі, Қапшағай су қоймасына қатысты. Міне, жарты ғасырға жуықтап қалды, оны толықтыруға Іленің суы пайдаланылуда. Осының салдарынан өзеннен келетін судың көлемі бұрынғының үштен екі бөлігіндей азайып, көлдің деңгейі төмендеді. Оның мөлшері жылына 15,6 сантиметрге жетті. Сөйтіп, 1908-1946 жылдары су деңгейінің табиғи төмендеуінен (жылына 9,2 см. – авт.) айтарлықтай асып түсті. Балқаштың таяздануы оның онша терең емес батыс бөлігінен айқын аңғарылды. 1972-2001 жылдары көлдің оңтүстігіне қарай 8 шақырымда жатқан Алакөл құрғап қалды деуге болады. Осы кезеңде Балқаштың оңтүстік бөлігі барынша зардап шекті. Оның төңірегіндегі 16 су жүйесінен тек бесеуі ғана қалды, бассейннің үштен бір бөлігіне жуығы шөлге айналды. Кепкен көлдің түбінен көтерілген тұзды тозаң аймақ климатына кері әсерін тигізді. Экологтар сияқты географтар да Балқаш көлінің арнасынан алыстауы топырақтың тұздануына, оазистердің құрғауына әкелетінін айтады. Мұның салдарынан аймақтағы табиғи баланс бұзылып, адам денсаулығына да қауіп төне бастайды екен. Ал, аумақтағы гидрологиялық тепе-теңдіктің сақталмауынан құрғақшылық пайда болуы мүмкін.

Бұл туралы ҚР Экология министрлігі «Ашық НҚА» порталында жаңа Су кодексінің жобасын көпшілік талқылауына ұсынғанда мәлімдеді. Құжаттың тұжырымдамасында трансшекаралық өзендердің проблемасына шолу жасалған. Онда ресми деңгейде көпшілікке айтыла бермейтін мәліметтер келтірілген. Соның бірі – Қытайдың Іле мен Ертіс суын тұтыну жоспары көрсетілген.

«Мамандардың бағалауы бойынша Балқаш көлі Аралға ұқсас экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін. Көл деңгейі тау мұздықтарының тез еруі арқылы қоректенеді. Ал, Қытай мұнай өнеркәсібінің қажеттіліктері үшін Іле өзенінен су алуды арттыруды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, көлдің ауыр металдармен және өнеркәсіптік кәсіпорындардың сульфидтерімен ластануы жалғасуда. Қытай алдағы уақытта су алуды жылына төрт-бес текше метрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл осы аумақтағы демография­лық процестермен байланысты – ҚХР қоныс аудару бағдарламаларын пайдалана отырып, округ халқын 100 млн. адамға дейін жеткізуді, сондай-ақ суармалы жерлер ауданын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін Қытай Қара Ертіс­те гидротехникалық құрылыстар салып жатыр», – делінген кодекс жобасының тұжырымдамасында.

Экология және табиғи ресурс­тар министрлігіндегі мамандары Балқаш көліне өндіріс арқылы да қауіпті жағдай қалыптасып жатыр деп есептейді. Әсіресе, бұл экологиялық жағдайға Балқаштағы мыс өндіретін «Қазақмыс корпорация­сының» үлесі басым. Мыс қорыту барысында бөлінетін күкірт қалдықтары көлді айтарлықтай былғап отыр. Соңғы деректер бо­йынша, өндіріс ошақтары қоршаған ортаға жылына бір миллион тоннаға жуық өндіріс қалдықтарын төгеді екен. Балқаш көліне бір жыл ішінде тек Іле өзені арқылы 23 мың тонна жеңіл органикалық заттар келіп құйылады.

Атап айтқанда, 8 мың тонна азот, 5 мың тонна фторм, 2 мың тонна темір, 1,5 мың тонна бор, 0,7 мың тонна бром, 70 тонна минералды фосфор, 60 тонна пропанамид, 3,4 тонна дихлоранилин сияқты бірқатар улы заттармен ластанады. Ал, лас судың ауыл шаруашылығына тигізер зиянын айтпаса да түсінікті. Флора мен фаунаны былай қойғанда, адам денсаулығына да айықпас сызат түсіреді. Бұл – тек Балқаш көлінің ғана емес, жалпы Қазақ жерінің экологиялық мәселесі. 2022 жылғы әлем қалаларының ластануына қатысты түзілген рейтингте Қазақстан 115 елдің ішінде 33-орынға тұрақтаған.

– Мәселен, қазір қалада ауыз сумен жұмыс істейтін көлік жуу орындары саңырауқұлақтай көбейді. Жүйенің жоқтығынан қаланың жартысы жасыл желектерді ауыз сумен суаруға мәжбүр. Ал Тоқырауын су жүйесіндегі жалпы 46 ұңғыманың тек 9-ы жұмыс істеп тұр. Табысты халықаралық тәжірибе көрсеткендей, өзен-көл бассейндері аумақтық басқарудың негізі – басқарудың біртұтас және бөлінбейтін объектілері ретінде болуы керек. Экономикалық қызметті жалғастырудың негізі ретінде бассейндік экожүйе­ні сақтау мақсаттары басымдық болып табылады. Әлемде 500-ден астам халықаралық өзен және жер асты бассейндері бар және табысты ынтымақтастықтың көптеген мысалдары – АҚШ-Канада бірлескен комиссиясы – су ресурс­тарын бөлісудегі 100 жылдық тәжірибе; Рейн комиссиясы (1950 жылдан бастап, 1963-конвенция, 2000-EDV) өзеннің су сапасы мен экологиялық сау­лығын қалпына келтіруге, албырт популяциясын қалпына келтіруге қол жеткізді. Біз де Балқаш көлін сақтап қалу үшін шетелдік тәжірибені пайдалануымыз керек, – дейді зейнеткер, эколог Рымкүл Мәшүрбекова.

Су деңгейі бұрынғы қалпына оралмаса, экологиялық, экономикалық зардабы зор болатын түрі бар. Туризмнің төрі болған Балқаш көлі – ең әуелі ел берекесі. Өңір халқы осы айдыннан жыл сайын тонналап су маржанын сүзеді. Жаз айында көлге демалушылар көптеп ағылады. Судың тапшылығы бірнеше жылдан соң үлкен экологиялық апатқа ұласуы мүмкін дегенді растаған мамандар Үкімет басындағылар осы кезден қимылдаулары керектігін айтып отыр. Су айдындарын сақтап қалу үшін жергілікті тұрғындар облыс әкімдігі мен экология министрлігіне хат жолдаған. Егер, жоспарланған көлемдегі су жетсе, Көкше көлдің екінші тынысы ашылары хақ. Ал, өзегін байырғы қалпына толық келтіру әзірге уақыт еншісіне қалып отыр. Қысқасы жұрт шығыстан батысқа 600 шақырымға созылған, алабы 500 мың шаршы шақырымға тақау Балқаш көлі күннен-күнге тартылып бара жатқанына алаң. Кемерін кеміріп жататын көл суының жағалаудан алыстап кеткенін жағалауға барсаңыз байқайсыз. Табиғат жанашырлары көлдің қайта кемеріне жетіп, түлейтіндігіне сенім артып, үмітін үзбей келеді.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button