АймақБалқаш

Балқаш алға басты…

Экономикалық зерттеулер институты еліміздегі 25 қаладағы өмір сапасын сараптап шықты. Облыстан екі қала тізімге енді – Қарағанды мен Балқаш.

Былтырғы жылды қарастырған рейтингтен Қарағандының кері кеткенін көреміз. 2021 жылы 9-шы сатыны меншіктеген облыс орталығы бұл жолы 21-ші орынды місе тұтты. Ал, Балқаш алға басқан жайы бар.

Қалалар рейтингі «Экономика және бизнес», «Адами ресурс» және «Инфра­құрылым» факторлары бойынша түзілді. Бұл үш фактор өз ішінде 14 санатқа бөлінді. Яғни, сарапшылар экономикалық өсім, материалдық әл-ауқат, еңбек нарығы, бизнес орта бағалауы, демографиялық жағдай, білім сапасы, халық денсаулығы, мәдениет, спорт және демалысты ұйымдас­тыру, көлік инфрақұрылымы, өмір сүру шарттары, өмір сүру жайлылығы, ЖАО жұмысының тиімділігі, қауіпсіздік, қоршаған орта жағдайына назар аударды.
Санаттар 89 көрсеткішке бөлінді. Оның 53-і – статистикалық, ал, 36-сы қала тұрғындарының онлайн сауалнамасының нәтижелеріне сәйкес түзілді.

Жиналған статистика сауалнама мәліметтерімен салыстырылды. Бұл тәсіл арқылы объективті қорытынды жасауға мүмкіндік туды. Мәселен, тұрғын үй қорының жылу желісімен қамтамасыз етілуі туралы статистикалық көрсеткіш сауалнамаға қатысушының 10 балдық жүйе бойынша берген бағасымен және тағы басқа сұрақтар жауабымен нақтыланды.

Тізімдегі 25 қаланың ешқайсысы ықтимал 10 балға қол жеткізе алмады. Орташа балл – 4,75 балл. 2021 жылмен (4,86) салыстырғанда 0,11 балға төмен. «Орташа балдың төмендеуін экономикалық жағдайдың нашарлауымен және қалалардағы негізгі өнімдер бағасының өсуімен түсіндіруге болады. Бұл туралы тұрғындар онлайн сауалнамада үнемі атап өтті» делінген институт хабарламасында.

Үздік үштікте – Астана (5,89), Атырау (5,43), Алматы (5,41). Бұдан кейін Ақтау, Түркістан, Степногорск, Қостанай, Шымкент, Балқаш және Орал тұр. 11-20-шы орындарда – Петропавл, Өскемен, Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Талдықорған, Риддер және Қызылорда. Қарағанды орташа балдан төмен жинады. 4,30 балмен 21-ші орынға жайғасты. Ал, соңғы төрт саты – Тараз, Жезқазған, Сәтбаев және Семейге тиесілі. Мұндағы Жезқазған мен Семей – жаңа құрылған облыстардың орталығы екені белгілі.

Көріп отырғандарыңыздай, Балқашта – 9-шы орын, 4,97 балл. 2021 жылы – 17-ші орын бұйырған. Балл динамикасында ең көп өсім тіркелген Түркістан, Жаңа­өзен, Екібастұз, Степногорск қалаларымен бірге тізімге енді.

Балқаш «Инфрақұрылым» факторы бойынша 3-ші орынға (5,76 балл) ие болды. «Адами ресурс» факторы бойынша – 9-шы орынды (4,84 балл), «Экономика және бизнес» факторы бойынша 12-ші орынды (4,29 балл) иеленді. Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, қала тұрғындарының ауа сапасына, қала ішіндегі жол жағдайы және медициналық қызмет сапасына көңілі толмайды.

Ал, көрсеткіші құлдыраған қалалар қатарында Қарағанды да бар. Кеншілер шаһарының позициясы 2021 жылмен салыстырғанда 12 сатыға төмендеді.

Қарағанды «Экономика және бизнес» факторында 9-шы орыннан (4,63 балл) төбе көрсетті. «Инфрақұрылым» факторы бойынша – 22-ші, «Адами ресурс» факторы бойынша 23-ші орынға иелік етті. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 77,3 пайызы – ауаның лас­тануын, 68,2 пайызы – медициналық қызмет сапасын, 65,9 пайызы – жолдардың жағдайын және 65,9 пайызы тұрғын үй қолжетімділігін негізгі проблемалар ретінде атаған.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button