Бас тақырып

Байшолақов кешені – бұқаралық спорттың мәселесін шешеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталған болатын. Осы тұста, Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілген талдау негізінде жаңа нысандар салуды, жұмыс істеп тұрған білім беру орындарының базасында жаңғыртуды және қосымша жарақтандыруды қамтитын спорттық инфрақұрылымды дамытудың жоспар-кестесінің жобасын әзірледі.

Бұдан бірер жыл бұрын «Еңбек» деп аталған спорт мектебі енді Қанат Байшолақов атындағы спорт кешені болып қайта түледі. Бұған себепші марқұм спортшының інісі самбодан бірнеше дүркін КСРО чемпионы, Әлем кубогінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Талғат Байшолақов.

Іргесі кеңейіп, тынысы ашылған кешенде қазір ине шаншар жер жоқтың қасы деуге негіз бар.  Неге? Өйткені, жаңарған орында спорттың неше түрінен секциялар қамтылған.  Атап айтар болсақ, көркем гимнастика, гимнастика, қазақ күресі, самбо, дзюдо. Әр спорт секциясында шамамен 30-60 тәлімгер шұғылданады. Бұл – жалпы кешен бойынша 1000-ға жуық спортшы.

Жаңаарқадан шыққан ағайынды Байшолақовтар туралы бұл күнде құлақ құрышын қандырар әңгімелер мен намыс қамшылар үлгілі оқиғалар біршама. Аңызға айналған ағайынды жігіттің абыройы әрқашан да асқақ болмақ. Бұған болашақ ұрпаққа бәсіреге мінгізген мүмкіндігі кепіл.

Иә, қаншама жас жеткіншектің асқақ арманына жол ашқан Талғат Байшолақовтың өзінің армандарының бірі – Олимпиада алтыны.

– Біздің үйдің қабырғасында әлемнің де, Азияның, республика, облыс, аудан медальдарының барлығы бар. Оған марқұм Қанат екеуміз күш-жігер, маңдай тер арқылы жеттік. Ал, Олимпиада шыңын бағындыруға уақыт жетпеді десем артық болмас. Сол Олимпиада алтынының ғана орны ойсырап тұр.

Кешендегі «Жас сұңқар» мектебінде тәлім алып жатқан жас спортшылардан үмітім зор. Шыны керек болашағы бар балуандар жетерлік. Алайда, тәжірибе жетіспеушілігі баршылық. Осыған орай, қаншама елдің үздік жаттықтырушыларымен бас қосып, оларды біздің жерге келіп тәжірибе алмасуға шақырудамыз. Келіп те жатыр. Біздің қай спорт болсын, әлемдік тәжірибеден аларымыз көп. Күрес қанша жерден қазаққа жат болмаса да, қара күш басым болса да, әдіс пен айла соңында дегенін жасайды. Қай спортта болсын, әдіс-айла жасаған жеңіске жетеді, – дейді Талғат Байшолақов.

Расында, айланың күштен көш ілгері тұратыны шындық. Талғат Сайранұлының айтуынша, әлемдік жаттықтырушы, бапкерлер қанша жылғы білген-түйгенін бір-бірімен бөліссе, мысалы, қазақстандық жаттықтырушылар жапондық, ресейлік, бразилиялық бапкерлермен тәжірибе алмасып, селбесе жұмыс жасаса, отандық күрестің дамуы үдер еді.

– Біздің балуандарда қайсар мінез, намысқойлық, алға ұмтылу бар. Бірақ, әдіс пен айла, еңбекқорлық кенжелеу. Спорттағы жетістік ол әрқашан маңдай термен келеді. Біздің ең алғашқы бапкеріміз Диханбай Биткөзов жеңістің кепілі дайындық екенін үнемі құлағымызға құятын. Ал, дайындық нәтижелі болсын десеңіз, оны мың бір әдіспен ұштастырған жөн. Бұл дегеніміз – тағы айтамын, әлемдік балуандардың әдісінің ортақ нүктесі. Сонда ғана біздің елден Олимпиада чемпионы шықпақ. Қазіргі таңда қайта түлеп, қатарға қосылған қарашаңырағымыздың астында «Жас сұңқардың» ішінен «Жеңіс» деген дзюдо клубын аштық. Бұл – кезіндегі шәкіртіміз, дзюдодан ҚР чемпионы Алмаз Әрсеновтің бастамасымен қолға алынған іс. Клубқа қазір Қазақстанның түпкір-түпкірінен спортқа бейімі бар жақсы спортшылардың басын қосып жинаудамыз. Осы клубтың тәлімгерлерінен Олимпиада чемпионы шығып жатса, міне, сонда еңбектің жанғаны болады. Тіпті чемпиондар шықпаған күнде солардың әлемдік аренаға шығуына мүмкіншілік жасағанымыздың өзі – біз үшін мақтаныш, – дейді Талғат Сайранұлы.

Бұл – спорт кешені бойынша бір ғана «Жас сұңқардың» жұмысының кіріспесі ғана. «Жас сұңқар» сонау Кеңес заманынан бері Жаңаарқада қалыптасқан спорт мектебі көрінеді. Небір мықты балуандар – осы клубтың түлегі. Сол бір атажұрттан шыққан атты жаңғыртып, жас ұрпақтың санасына сіңіру де үлкен көрегендік емес пе?!

– Біз барлығымыз бұл орынды қарашаңырақ деп атаймыз. Себебі Қарағандыдан шыққан балуандардың аяғы осы кешеннің табалдырығына тиген-ді. Бүгінде спорт кешенінің жұмысы өте қарқынды. Біз екі кезекпен жаттықтырамыз, таңертеңгі және түскі. Таңертеңгі кезекте – 40 бала, түсте 37 бала жаттығады. Таңғы жаттығу 8:30-10:00-ге дейін. Түсте 16:00-18:00-ге дейін.

Балалардың спортқа деген бейімділігі, білсем деген ұмтылыстары жақсы. Жас балуандардың ішінде Ерасыл Ерікұлы – болашағынан зор үміт күттіретін бала. Өзге де 8-12 жас аралығындағы жақсы балуандар бар. Алайда, Аңсаған Ахмедияр, Жантөре Елен деген жеткіншектер өз алдына бір төбе. Қалааралық, облыстық турнирлерде болсын алдарына жан салмайды. Оларда алға ұмтылыс пен мақсат қалыптаса бастады. Бұл да – жаттықтырушы үшін өз алдына жеңіс, меніңше, – дейді «Жас сұңқар» мектебінің қазақ күресінен аға жаттықтырушысы Айболат Қапез.

Бұдан бөлек дзюдо спортынан да дайындық қарқынды жүруде. Кең әрі салқын жаттығу залындағы түрлі-түсті татамидегі қимыл-қозғалыстар – соның айғағы.

– Қарағанды дзюдо спортынан әлемдік деңгейдегі балуандарды дүниеге әкелген құтты мекен ғой. Сол ағалар жолын жалғаушы болашақ чемпиондар дайындау жолында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Тобымда 56 бала дзюдомен айналысады. Олар қос кезеңмен дайындалады. 56 баланың ішінде 32 келі салмақ сапында Дамир Рақымжан, 35 келіде Асылхан Қариғұлов деген қос жеткіншектің талабын атап өту керек. Екеуі де спортқа жақсы. Қимыл-қозғалыстары ширақ әрі нақты, – дейді «Жас сұңқар» спорт мектебінің дзюдодан жаттықтырушысы Диас Әшімов.

Асылында жайлы орында жаттығу жақсы болары хақ. Ал, жақсы жаттығу жоғарыда айтылғандай жеңіс кепілі болмақ. Сан қырлы спорт кешенінің тағы бір айта кетерлігі «Гран-при» көркем гимнастика мектебінің жұмысы.

– Тобымда 40-қа жуық қыз бала жаттығады. Арасында спорт шеберлігіне үміткерлер бар. Біздің тәлімгерлер облыстық, Қазақстан чемпионаттарында бақтарын сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Қыздардың арасынан 2015 жылғы Айзере Серікованың жетістіктерін айтып кеткім келеді. Әзірге жасына байланысты күрделі жаттығулар жасап жүрген жоқ. Десек те, өз қатарында алда тұр. Жарыстардан үнемі бас жүлдемен оралады. Одан бөлек спорт шеберлігіне үміткер қыздар топтары бар. Олар қазір Қазақстан Республикасының чемпионатына дайындалуда. Мұнда 20 жасқа дейін жаттығуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, спорт кешені өте үлкен. Спортшылар қалай дайындаламыз десе де, өз еріктері. Әрі ауасы да кең, таза. Ішінде асханасы да бар. Ондағы тағамдардың бағасы қолжетімді. Кейде балалар осы жерден тамақтанады, – дейді көркем гимнастикадан спорт шебері, «Гран-при» мектебінің жаттықтырушысы Назира Қадір.

Әрине, үлкен кешен болған соң асхананың болуы заңдылық. Бүгінде 50 адамға шақталып істелген асхана әлі де өзгеріске ұшырамақ. Талғат Байшолақовтың сөзінше, асхана қабырғалары кеңейтіліп, шет елдерден спортшылар келіп түсетін шағын дәмхана болмақ. Онда қазір таңғы астың түрлері, түскі ас және сусындар сатылады. Ас мәзірінде денсаулыққа зиянды табиғи емес өнімдер сатылмайды. Керісінше дұрыс тамақтануға арналған күріш, қара құмық (гречка), түрлі ботқалар (кашалар) сатылады. Сонымен қатар, ас мәзірінде жылқы, сиыр, қой еті мен сүт тағамдары қамтылған.

Спорттық секциялар, дайындық пен тамақтану жағынан айтарлықтай мүмкіншілік жасалған кешенде. Талғат Сайранұлы айтқандай оны ескеріп, ел намысын құлатпаймын деген, алты құрылықта алдына қара салмас өрендер өсіп жетілсе, әрине нұр үстіне нұр.

Алды әлемдік байрақты бәсекелерде олжа салып жүрген Қанат Байшолақов атындағы спорт кешенінің тәлімгерлері қай жерде және кімнің атындағы мектепте дайындалатынын естен шығармақ емес. Себебі, өткенінен өнеге, тарихынан тағылым алу тек қазаққа ғана тән қасиет.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button