Байлық салығы қымбат несиелерге де салынады
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенаттағы Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында несиеге сатып алынған қымбат мүліктерге де байлық салығы салынатынын айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

– Байлық салығы сол нысанға салынады. Сондықтан, оны қалай сатып алғаны маңызды емес. Қолма-қол ақшаға сатып ала ма, несиеге сатып ала ма, бәрі бір. Бастысы, сатып алған жылжымайтын немесе жылжымалы мүлікті тіркеу алымын төлеуі керек, – деді Әлібек Қуантыров.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексінде байлық салығын қымбат мүліктерге салу ұсынылып отыр.
– Байлық салығын енгізу бойынша бірнеше елдің тәжірибесі бар. Біз оның бәрін қарастырып жатырмыз. Франция бар, мысалы. Одан кейін Еуропалық Одаққа мүше бірнеше елдің мысалы бар. Сондай-ақ, АҚШ-тың тәжірибесі бар. Басқа да мысалдар бар. Оның бәрін қарастырамыз, – деген болатын Әлібек Қуантыров.