Байланыс бөлімінің баһадүрі
Қанқұйлы соғыс кезінде талай қазақстандық «Отан үшін от кешті». Майдан даласында көз жұмғандар қаншама. Олардың ішінде елге аманесен оралып, бейбіт еңбекке үлес қосқандары да жетерлік. Мұзаффар Адайұлы Асанов қанды қырғыннан аман келгендердің бірі. Ол кісіні майдангер ретінде кейінгі буын құрметтеді. Мұзаффар ақсақал тірі болғанда биыл 97 жасқа толар еді.
Мұзаффар Адайұлы 1923 жылдың 9 мамырында Шет ауданының Ақбауыр ауылында туған. Сол ауылдың орта мектебін бітірген соң, 1939 жылы Қарағанды тау-кен техникумына түсті. Бірақ, оны отбасылық жағдайына байланысты бітіріп шыға алмапты. Ауылға қайтып келіп, жұмысқа кіріседі.
Шет ауданының комиссариаты 1941 жылдың 23 желтоқсанында оны әскер қатарына шақырып, Ташкент қаласындағы байланыс училищесіне жібереді. Ол 1942 жылы іш сүзегімен және бөртпемен ауырып, үш айға жуық лазаретте жатады. Емделіп шыққан соң, оны әскери комиссия Петропавлдағы байланыс ротасына жібереді. Ол жерден майданға аттанады.
Әскери лейтенант атағын алған жас офицер Мәскеудегі 3-механикаландырылған жеке атқыштар корпусының байланыс батальонына келеді. Осы құрамда сан рет кескілескен қырғынға қатысады. Ол 1942 жылы ұрыс кезінде жараланады. Әуеліде далалық санбатқа түседі. Содан соң, Ростов қаласындағы госпитальде емделеді. Жарақатынан айыққан соң, оңтүстік майданға аттанады. Ол жерде 280-ші полк құрамында 1943 жылғы қазан айына дейін байланыс батальонында взвод командирі болады.
Сарбаз Мұзаффар Асанов 1942 жылы Полтава облысының Үлкен Антоновка деревнясы түбіндегі шайқасқа қатысады. Днепрдің сол жағалауында, жан алысып-жан беріскен сол қырғында оң жамбасынан ауыр жарақат алады. Госпитальде 1942 жылғы қазан айынан 1944 жылғы сәуір айына дейін жатып, ауруынан айығып шығады. Бірақ, оң аяғы сол жақ аяғынан 9 сантиметрге қысқарып, әскер қатарынан комиссияланады.
Соғыстан оралған соң, 1945 жылдың шілдесінен 1947 жылдың шілдесіне дейін Шет ауданы милициясының жер аудару жөніндегі комендант көмекшісі болып қызмет атқарған. Одан денсаулығына байланысты кетуіне тура келеді.
Ол екінші топтағы мүгедек болғанына қарамастан, Шет ауданының «Құрама» колхозында есепші болып қызмет атқарады. 1948 жылдан 1973 жылдар аралығында Қарағанды облыстық қаржы бөлімінде аға ревизор, штат (кадр) бөлімінің бастығы сияқты бірқатар қызметте болады. Ол кісі осындай жұмыстарды атқара жүріп, оқуын еңбекпен ұштастыруды ұмытпаған. 1967 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша тәмамдап, жоғары білім алып шығады.
1973 жылдың қаңтар айынан бастап Абай қаласының қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметіне кіріседі. Ал, 1977 жылдың наурыз айында Қарағанды қаласы қаржы бөліміне аға бақылаушы-ревизор болып ауысады. Сол жерден 1985 жылы зейнеткерлікке шығады. Ақсақал мағыналы ғұмыр кешіп, 2002 жылдың 13 маусымында сексенге қараған шағында дүниеден озды.
Ұлы Отан соғысының ардагері Мұзаффар Адайұлы бірқатар орденмедальдар және еңбек марапаттарын алған ардагер. Ол аяулы жары Бибіғайшамен 3 ұл, 3 қыз тәрбелеп өсірген әке. Қазір ұрпақтарының барлығы жоғары білімді, үйлі-баранды. Олардан ақсақал 12 немере сүйіп кетті.
Қарт майдангер дүниеден озғанша үлкен келіні Бибігүл Өмірбайқызының қолында тұрды. Әлі күнге дейін сол кісі ардақты атасын еске алып, жұма сайын шелпек пісіріп, құран бағыштап отыруды ұмытқан жоқ. Ұрпақтары ұлағатты қарияның ерлігін үнемі құрмет тұтады. Біз де адал жүректі ердің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз!
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.