Жаңалықтар

Бабалардың үнінен қуат алған

Батырлар жырын, одан бергісі Бұқар жырау, Доспамбет, Қабылиса, Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз, Махамбеттердің жырларын оқығанда, нендей күй кешесіз? Кеуденің түпкірінде ұлы дүмпуді сезерсіз, бәлкім?! Тұла бойыңыз сергіп, жон арқаңыз шымырлап шыға келеді. Маужыраған, бұқпантайлаған рухты сілкіп-сілкіп алатын дұға ма дерсің. Немесе, Жаратушы жаратқан Рух деген құдіретті процессорды оятатын «Ұлттық код»! Бүгінде осы эпикалық сарында қалам тербейтін ақындар саусақпен санарлық. Сол санаулы шайырлардың бірі де бірегейі – Тілеген Әділов. Тілеген жырау! Жырау деп ат қойып есім еншілеткен де – қалың оқырман, халықтың өзі. Айтыскер ақын, жыршы деуге де әбден жарасарлық. Көркемдік деңгейде бабалардың салқар сарынымен сөз саптап, түмен елді аузына қаратқан талантты айтыскер. Қарабайырлықтан ада. Бабалар мұрасының нәрі бойына сіңіп кеткендей. Қайсысына жатқызсақ та, шығар тұғыры биік. Бұған халық куә!

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі қаламгерлердің арасында қазақтың архаизмдерін теріп алып, жыр құрастыратындар жоқ емес. Жыраулық сарынды жаңғыртамыз деген ниетпен, әрине. Бәлкім, өзгелерден дараланғысы келетін де шығар? «…Әтірдің иісі бұрқырап, жасанды жырынан, Мың ақын келеді жыр құрап» (С.Сағынтай). Жанды өлең мен жансыз «тақпақтың» ара-жігін ажырату үшін де төбе көзі керек. Оқырманның да оқырманы бар. Жұрттың бәрі талантты оқырман болса, баяғыда-ақ қоғам ізгілікке жетер еді-ау?! Жә, ол енді басқа әңгіме… Тілеген Әділовтің өлеңдеріне жүрек назарын бұрсаңыз, көз алдыңызда ат үстінде қамшысын әрі-бері сермеп, бұрқылдап сөйлеген байырғы ерлер көлбеңдейді. Жасанды тіркес табылмайды. Ішіңіздегі бір әуенмен үндесіп тұрады. Мәселен, «Жоқ іздеу» деген өлеңіне үңіліңіз.

Желсе…
Жер танабын қуырған,
Шашасы терге жуылған.
Шоқтығы Алатаудай,
Қабырғасы Қаратаудай.
Қос көзі жұлдыздай,
Терісі құндыздай.
Бұтынан бұлан өтетін, –
Қолтығынан құлан өтетін.
Қос құлағы ашасындай бақанның,
Қос танауы ауызындай апанның;
Сауырына Сарыарқа сиятын,
Бауырына Жаңаарқа сиятын;
Екпіні тас құлатқан,
Жанардан жас құлатқан, – деп қиялының шексіз жазығында көсіле шапқан қазанатты суреттейді. Ғажайып суреттеу емес пе? Әйгілі қылқалам шебері Леонардо да Винчи «Сурет – көзге көрінетін поэзия, ал, поэзия – құлаққа естілетін сурет» деген екен. Расында да, поэзия – сөзбен сурет салатын мәртебелі сөз өнері. Ақын мұнда қазанатты ғана емес, ер жігіттің тұла бойында тулаған қайратты, асау мінезді, текті болмысты әдіптеп, суреттеп тұр. Қазанатқа деген соншалық құштарлық һәм махаббат болмаса, мұндай әсерлі теңеулер төгілмесі айдан анық ақиқат. Тілеген Әділов – Иманжүсіптей «Бұғылы мен Тағылыда бүркіт салған» ақын ғой. Өзі суреттеп отырған қазанат – дала төсінде тұлпар баптаған кез келген батыл жігіттің аңсары. Екпінінен туған даласының дауысы сезілетіндей. Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұртынан» естілетін сарын бар мұнда. «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған…».

Басқасы басқа, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын қазаққа қазанат аса қастерлі. «…Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дейміз.

Сүрінгенімді білдірмейтін,
Дұшпанымды күлдірмейтін,
Бармағын бүкпейтін,
Жауымды бүктейтін,
Қауіптің қара бұлты тұрса да,
Қабырғасы сынса да,
Қабағын шытпайтын,
Туымды жықпайтын,
Мұзға салсаң,
Табанына сыз батпайтын,
Шоққа салсаң,
Табандап міз бақпайтын,
Мен үшін қан қақырған,
Көз ілмей таңды атырған,
Жауырыныма қадалған жебені
Тісімен жұлатын,
Өлгенде тәнімді
Жиіркенбей жуатын,
Аузымды толтырып айтуға тұратын
Азамат іздеп келемін!

«Қабырғасы сынса да, қабағын шытпайтын, туын жықпайтын» нендей азамат ол?! «Мұзға салсаң, Табанына сыз батпайтын, Шоққа салсаң, Табандап міз бақпайтын» кім бар мына жұмыр жердің үстінде? Жанымыз кеудемізден ұшып шыққанда, тәнімізді жиіркенбей жуатын дос бар ма өзі бізде?! Бұл – әр саналы адамды ойға батыратын толғақты сұрақ.

Ақын бұл шумағында достың досқа деген шынайы махаббатының қандай болатынын тұспалдап тұр. Досты да осылай жақсы көреді. Мұндайды ақын айтпағанда, кім айтады? Тек шынайы, боямасыз махаббат қана адамды көзсіз ерлікке жетелейді.

Қазақ әдебиетінің қоржынында досқа жазылған небір ғаламат өлеңдер бар, әлбетте. Бірақ, осы бір ғана шумақтың жөні бөлек деп күмәнсіз айта аламыз.

Өлеңнің тақырыбы да тартымды. Неге «Жоқ іздеу?» Ақын алып құрлықта қазанатымен, «Жауын бүктейтін» азаматымен жорытқан байырғы қазақтың дәуірін аңсай ма екен?!

Арқада жазғанына марапат, атақ сұрамайтын, өзгенің мойындауына мұқтаж емес, азаматтығы мақтауға тұратын бір ақын бар. Ол – Тілеген Әділов, Тілеген жырау. Батырлар жыры мен дастандардың құнары бойына сіңген. Байтақ Қазақстанның қай қиырынан кім келсе де, осы Тілеген жырауды іздейді. Себебі, ол сөйлегенде сонау Қазтуғандардың заманына өтіп кеткендей күй кешіп отырасың. Еріксіз «Арқаның елі-ай» дегізеді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button