Рухани жаңғыру

Бабадан қалған ұлағат

Қазақ халқының тарихында билер институтының маңызы өте зор. Себебі, билер институты қоғамдық күштердің ара салмағын теңестіруші тірек рөлін иеленген. Соған орай мемлекеттің саяси құрылымының құқықтық негіздері жүйесінің жүзеге асырылуын қадағалап, қоғамдық дамудағы бүкіл саяси-әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеп отырған. Сонымен бірге, оның негізгі ерекшелігі-мемлекеттік басқару институттарымен тығыз байланыса келіп, билеушілер мен бұқара халықтың белгілі бір саяси-әлеуметтік құндылықтар төңірегінде топтасуын қамтамасыз етіуімен айқындала алады.
Ықылым заманнан сақталып,сабақтастықпен үзілмей жеткен ел басқарудағы билік үлес қосқан, оны жетілдіру жолында еңбек еткен айтулы билердің бірі – Қараменде. Ол сыртқы жауға қарсы күресте халықты бірлік пен татулыққа үдеудегі еңбегімен ерекшеленеді. Абылайдың сенімді ақылшыларының бірі болады. Ол жас кезінен-ақ билікке араласып, қара қылды қақ жарған әділеттігімен шешен, ұшқыр тапқырлығы арқылы көптің көзіне ілініп, көңілін толтырады. Сол жастау шағының өзінде Әнет бабаның оған ықыласы түсіп, одан зор үміт күтіп: «Үй баласы ма деуші едім, ел баласы боларсың, халқыңның таңы бол,маңдайының бағы бол», – деп мейірлене бата береді. Ғұлама атасынан алған өсиет-өнеге мен ұлағат-тәлімін бойтұмардай сақтаған ол келе-келе өзі де «Баба» атаныпты.
Қараменде бала кезінде көрген тарихта аты белгілі Айтқожа сыншы: «Жастық-жорға жан қоймас, шешендік мұнан құтылмас,шеберлік мұнан артылмас, басы – алтын, кеудесі – күміс, бөксесі – мырыш екен. Әттеген-ай, арты нашар болмаса», – депті.
Бидің жас кезіндегі билікке араласуы, туралы 2011 жылы желтоқсан айында қолға іліккен соңғы дерек Алматыдағы (бұрынғы ҚазССР ғылым академиясы). Ғылым ордасындағы орталық ғылыми кітапхана қорындағы №Ш. 1298 (ОҒК) “Орманбетов Нарманбет папкасындағы” бойшоңғалдық (үлкен дәлел) айғақтар былайша өрбиді.
Елдің дәріптеп айтуына қарағанда Қараменде жасында “Бала би”, өскен соң “Қара би” атанған. Ол Қалдаудың немересі. Нарманбет ақынның алтыншы атасы Қожамқұлмен тұстас болады. Қараменде би жайында Нарманбет әкесі Орманбетке арналған жоқтауында:
Қалдау абыз-бабамыз,
Ақ табан шұбырынды болғанда
Жиылмаған сабамыз.
Немересі Қарекем
Билікке оны табамыз, – тағы бір өлеңінде:
Әнет бабам басы боп,
Қапталдасып Қарекем
Қанжығалап айқасып,
Үлгі шашып Үш жүзге
Құлағың сал бұл сөзге.
Ханға басшы Қарекем.
Дінге басшы Құнекем,
Жеті Момын тегім бар.
Бізден артық кім екен?
Қазақтан асты Әнет би
Қараменде бабамыз
Үш жүзге өрнек-үлгі айтқан.
Осындай артық затымды
Ойлап тұрсам өзімше
Айтпағаным мін екен, – дейді.
Қараменде тіпті жасынан сөзге бой ұрып, билік дауғасына икемделіпті. Жас күнінен-ақ билердің маңын жағалап, сөздерін тыңдап, кейде қапталдасып, қалыспайтын болса керек. Қарт билер аузына сөз түсіре алмай қалғанда, босаға жақтағы қара бала қапталдасып: “Бұл былай болу керек” – деп бүйірден қосылып қалады екен. Айтқандарын билердің қабыл алғандары да болған дейді. Бір жолы, билікте отырған билер қара керіске түсіп кетеді, сонда Қараменде отырып “Жұрттың сөзін сөйлейтін сіздер қымыз ішкен бозбаланың сөзін сөйлесеңіздер-ел сөзін кім сөйлейді? Жұрттың бүтіндігін, билігін кім айтады?”, – депті. Бұл баланың тегін бала емес екенін егде билер сол арада сезініп, бір би “Бұл қара бала емес, дара бала болайын деп тұр екен” – дейді.
Қараменде бала жігіт кезінде “Бата аламын” деп, Үйсін Қоңырат биді іздеп барады. Барса, ел көшкен екен, би өгізге мініп, сиыр айдап бара жатады. Жігіттің сәлемін алады да, аялдамай жүре береді. Қараменде қалмай соңынан ере берген соң, Қоңырат би: “Арқада бір бала бар” деуші еді, сол сен екенсің ғой деп тоқтап:
“Өгізді өрге айдама, қанатың талады,
Жаманға болыспа, дауы өзіңде қалады.
Жақсыдан қол үзбе, кезінде олжа салады,
Жолың болсын!”, – деп батасын беріпті.
Абылай ханның тұсында “Үш жүзге” үлгі-өрнек шашып, билік айтатын жеті биді “Жеті жарғыш” дейді екен. “Жеті жарғышқа” “Үш жүзден” озып шыққан әр рудың көсемі, шешен-билері ғана сайланып қойылатын болса керек. Сондағы “Үш жүзден” құрылған жеті би мыналар екен: Алтай- Есет би, Керей-ер Жәнібек, Уақ-Сарбаян, Атығай-Ақтанқожа, Алшын-Қаражігіт, Тобықты-Қараменде, тағы Үйсіннен бір би болыпты. Басында осы жеті бидің басы Есет би, кейіннен Қараменде болған дейді.
Қараменде бидің жетінің біріне қосылған кезі болса керек. Бір жас әйелді “ойнас қылды” деп жазаламаққа “Жеті жарғыштың” алдына әкеледі. Сонда бір би “Әйелді дарға асу керек” дейді, кейбіреулері “Топанмен атып өлтіру керек” деп әрқайсысы әрнені айтып, әйелді жазаламақ болып, сөзді шеше алмайды. Сөз Қарамендеге тигенде:
“Ел ұрыссыз болмайды,
Тау бөрісіз болмайды.
Көл үйрексіз болмайды,
Қ…. ойнассыз болмайды.
Қылышты қынабында көрмесе,
Түнгі сөз ертеңгіге
Куәлікке жүрмейді”, – дейді. Куәнің “түнде көрдім” дегені дәлел бола алмайды деп әйелді ағартып,жазадан құтқару жағына шығады. Сол уақыттағы жол бойынша куәмен мойындатқан мұндай қылмысы бар әйелді дарға тартып, не топанмен атқылап өлтіретін болуы керек. Бірақ, Қараменде бидің әлгі сөзі көңілге қонып, Абылай хан “Дұрыс билік осы” деп, әйелді жазадан босаттырып, азат қылады. Қараменде бидің осы сөзі “Жаңа жол” болады да, содан кейін ақ, жоғарылай береді. Би айтты деген тағы да мынадай аз сөздер бар. Бір күн хан Абылай билері – “Жеті жарғыштан” “Бізден, фәни дүниеден қалатын қызық не?” – деп сұраған, сонда бас биі Алтай-Есет би аузына сөз түсіре алмағанда, Қараменде би былай депті: “Аққу құстай шал мен кемпір болса, лашын – тұйғындай жігіт болса, Белдеуден ат кетпесе, қазаның қысқа күнде, қырық асылса, Жыланның түгіндей бізден сыпырылып қалатын осы-дағы”. Тағы Абылай: “Атаның жақсы болатын баласын қалай білеміз?” – деп сұрағанда, Қараменде би: “Ол оңай, жақсы бала-көпшіл, қарындасшыл болады. Бай болатын бала-айырбасшыл келеді, жаман болатын бала-еріншек, жалқау болады” – дейді.
Абылай хан “Жеті жарғышын” шақырып алып: “Ұлт құты кім, ру құты кім, аймақ құты кім,ауыл құты кім?»-деп сұрайды, сұрауына басқа билер жауап қайтара алмаған соң, Абылай, “Жеті жарғышының” басы Қараменде биге: “Сен айт, Қара би!” дегенде, Қараменде би былай деген дейді:
“Ұлт құты – өзіңіз,
Ру құты – әділетті би,
Аймақ құты – қадірлі ақсақал,
Ауыл құты – келе бәйбіше-дағы”.
Тағы да Қараменде би айтты деген бір сөз: “Қайда десе,асыл тас су түбінде жатады, қайда десе,асыл сөз ой түбінде жатады,су түбінде жатқан тас-су толқыса шығады, ой түбінде жатқан сөз-ой толқыса шығады” .
Сөз тапқыштығы жайында бір әңгіме, Қараменде бидің әкесі Шақа деген кісі момын, шаруа адамы болса керек, Абылайхан не дер екен деп, жорта бір күні: “Қара би, осы сенің әкең кім?” – дейді. Сонда би: “Е, хан! Әнет бабаңызды білмеймісіз?” депті, сөз тауып айтқанына риза болған Абылай хан: “Иә,Қара би дұрыс айтады”, – деп екі қайырып: “Қара биді Әнет бабаңнан кім айырып алады?” – деген екен.
Бір жолы қолға түскен Абылайдан қалмақ ханы Қалден өзі жауап алады. Ол: “Баламды өлтірген сен бе?” деп сұрағанда, Абылай: “Сенің балаңды мен өлтіргенім жоқ, менің халқым өлтірді, менің қолым халқымның дегенін ғана орындайды” – деп жауап қайтарады. Осы жолы Абылайды құтқарып әкелуге қазақтың атақты батырлары мен көрнекті билерінен құрылған елшілер тобы жіберіледі.
Абайдың 150 жылдығына арналып 1945 жылы шыққан академиялық толық жинағының (Редакциялық құрамы – Ф.Ғ.Д Т.Сауранбаев, профессор М.О.Әуезов, Ф.Ғ М.С.Сильченко, жазушылар С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, жауапты редактор Н.Т.Сауранбаев) 481 бетінде елшілер құрамында Төле би, Келтен, Қараменде, Бөгенбай Жәнібектер болғаны келтіріледі. Ал, Абай өмірін зерттеуші, көрнекті ғалым Әбіш Жиреншиннің басшылығымен шыққан 1961 жылғы Абай шығармаларының толық жинағының 667 бетінде де аталған тұлғалар қайталанып берілген. Бір ауыз сөзбен айтсақ “Бірің-балға, бірің – төс, бірің – айт та, бірің – шеш” деп жүрген қазақтың игі жақсылары еді…
Абылайдың қалмақ қолынан қалай босатылғаны жөнінде әртүрлі әңгімелер бар,бұл жерде бидің ұрпағы Мақажанұлы Әлімхан (марқұм) ақсақал айтқан мына жайды келтіруді жөн көрдік.
Билер шешендік сөздермен көп сайысқа түсіп, шегінуге жер қалмай, көп бұлтаққа салғаннан кейін қалмақ ханы шарт қояды: “Хандарыңды көптің ішінен танып аласыңдар. Ол үшін жігіттерден құралған топты алдыларыңнан үш рет өткіземіз. Танып ала алмасаңыздар менде мәңгілікке құлдықта қалады”, – дейді. Келіспеске амал жоқ. Қалмақтар Абылайдың түріне ұқсас бойы, дене бітімі бірдей жүз адамды сапқа тұрғызып,белгілі арақашықтықта қазақ елшілерінің алдынан өткізеді. Екі рет өткізгенде топшылаған адамдары Абылай болмай шығады. Үшінші рет кезек келгенде Қараменде би:
Хан-қарақшы, біз-тұғыр,
Хан тұғырына мінбес пе? – деп дауыс көтере айтып, аяқ-қолымен төрт тағандап отыра қалады. Сол кезде Абылай саптан тез атып шығып, Қарекеңнің арқасына мініп алады. Осындай тапқырлықпен Абылайды құтқарып қалады.
Қараменде би Шақаұлына топырақ өзінің туып-өскен, атамекеніндей болған Тоқырауын бойынан бұйырыпты. 1992 жылы 26 қыркүйекте өзі өлсе де сөзі өлмеген әруақты би бабасына Тоқырауын мен Шыңғыстаудағы ұрпақтары бірігіп ас береді. Ас Ақтас пен Тоқырауын өзенінің қиылысар тұсындағы кең өлкеде өтті. Бұл араны халық “Қарекең айрығы” деп атайды. Айналасы тоғай,жасыл шөпті осы бір әдемі өлкенің күнбатыс жағындағы жатаған төбеге бидің сүйегі жерленген. Басына орнатылған мәрмәр таста “Заман жаңғырып, жақсылар рухы мәңгі ұйқыдан оянып, өмірімізге тәлім болған, санамызды өрбітіп, сабырымызды тағатсыздандырған дәуірге де, ұлы Қараменде бабамыздың әруағына да басымызды иеміз. Абай елінің ұрпақтарынан.” деген жазуы бар. Сол жылы аудандағы бір селолық округ пен Ақтоғай селосында және Балқаш қаласындағы бір көше би есімін иеленді. Келер жылы қалың жұртшылықтың қолдауымен күмбезі көтеріледі. Бұл – ұлы би есімін қадірлеудің алғашқы әліпбиінің басы еді.
2007 жылы 28-29 қыркүйек күндері бидің туғанына 300 жыл толуы екі күндік мереке ретінде аталып өтілді. Бірінші күні “Қазақ халқына ортақ Қараменде би Шақа ұлына – 300 жыл” атты республикалық дәрежедегі ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның негізгі баяндамасын мен жасадым. Онда Ұлттық Ғылыми академиясының академигі Рымғали Нұрғали,филология ғылымының докторы,профессор Тұрсын Жұртбай, мемлекет қайраткері, Халықаралық теле-радио академиясының академигі, жазушы-баспагер Сұлтан Оразалинов, саясаттану ғылымының докторы, профессор Тәлім Мақыш, “Тобықты-Шыңғыстау шежіресі” атты тарихи-энциклопедиялық еңбектің авторы, қаламгер Молдабек Жанболатұлы, Қарағанды облыстық сотының судьясы Марат Азбанбаев және тарихшы Сәду Назымбектер Қараменде бидің артында қалған өсиеттік іздері мен ұлағатты істерінің жақұтқа бергісіз жәдігер екенін, оның халықтың ортақ игілігіне айналдырып, ұлттық құндылықтар қатарынан сүбелі орын алу қажеттілігі жайлы құнды ой-толғамдарын ортаға салады. Екінші күні түрлі бәйге,түрлі күрес, ақындар айтысы өтті. Дүбірлі жиынның қаржылық-ұйымдастыру жұмыстары мен түрлі шараларын басқарудың барлық жауапкершілігін ұлы бидің жетінші ұрпағы Моншақбай балуанның немересі Әбілқайыр Тілеуқабылұлы деген азамат көтеріп, ел алғысына бөленді.
2012 жылы Балқаш қаласындағы би атымен аталатын көшеге граниттен үлкен мүсін орнатылды. Бұл би бабамызды қадірлеп,есімін ел есінде мәңгілік қалдыру жолындағы ұрпақтарының көп борышының бір ғана өтеуі еді.

Амангелді ТУҒАНБАЙ,
нарманбеттанушы,
ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі,
зейнеткер-ұстаз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button