Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Баба сөзі – ұрпаққа үлгі

Қилы заманда тарих сахнасына елім деп еңіреген Орта жүзден шыққан Қаздауысты Қазыбек бидің  данышпандығы дара тұрғандығы белгілі. Қазақ елі қанталапайға түскен уақытта саналы ғұмырында ұлт тұтастығына қызмет етіп, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына зор үлес қосқан қабырғалы қайраткер, Ұлы би, от ауызды, орақ тілді шешен Қаздауысты Қазыбек би екендігін кейінгі ұрпақ көкейлеріне түйіп өссе игі.

Тарихи тұлға Қазыбек бабамыз 350 жылдық мерейтойына байланысты аз насихатталып жүрген жоқ. Қанша дәріптесек те артық болмайды. Дүркін-дүркін өткен шаралардың дүбірі мұқым елге естіліп жатыр. Жуырда ғана, облысымызда ХVІІІ ғасырдың басында жоңғар басқыншыларынан елін арашалап алып қалған, исі қазақты топтастырып, басын біріктіре білген аузы дуалы би Қазыбек бабаның атында «Даналар сөзі – ақылдың көзі» атты республикалық шешендік өнер байқауының іріктеу кезеңі өтті. Игі шараға мұрындық болған облыстық тілдерді дамыту басқармасы. Байқауға облыстың түпкір-түпкірінен студенттер, оқушылар, педагогтар, мәдениет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер сияқты бірнеше сала өкілдері –16 мен 35 жас аралығындағы 50-ден аса үміткер бағын сынады. Талап күшті. Сайыскерлердің білімін, шешендік шеберліктерін бағалайтын қазылар алқасы да осал емес. Қазылар алқасының төрағасы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедғали Әбдуов, мүшелері – облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер Ерсін Мұсабеков, айтыскер ақын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұлов сүйегіне сөз сіңген дүлдүлдер. Үміткерлер өнерін бағалау кезінде олардың байырғы сөздерді орнымен түрленте пайдалануына, ойының жүйелілігіне, шешендік шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударды. Байқау барысында, қатысушылар «Жүзден біреу – шешен, мыңнан біреу  – көсем» деп шешендікті ерекше бағалаған халық екенімізді тағы да бір танытты. Ел билеу ісінің тұтқасы болған бабаның шешендік қырын аша білді.

Дода бар жерде мәре бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндеген тұста республикалық байқауға жолдама алған 4 үміткердің есімі белгілі болды. Іріктеу кезеңінде шешендік қабілетімен дараланған І орынды Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы – Амангелді Құрақбай, ІІ орынды Шет аудандық орталық кітапханасының қызметкері– Берікбол Дәулетұлы еншіледі. Ал ІІІ орынды – Қарағанды қаласындағы №102 мектеп-гимназия мұғалімі – Айсұлу Нұртай мен Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 2-курс студенті – Айдын Нәжкенов қанжығалады. Жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Нұрдос КӘРІМ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button