Бақытқа бөленген Бөлеген
Біреу Бөлеген деп, біреу Сансызбай деп біледі. Әйтеуір, ел таниды. Әсіресе, Ақтоғай, Қарқаралы және Қаражал өңірлерінің халқы. Себебі, Бөлеген ШОЙЫНБАЙ – адал еңбегімен абырой биігінен көрінген азаматтың бірі.
Бір басына екі есім қайдан телінді? Әкесі Шойынбай Мақашұлы ұлдың үшіншісі өмірге келгенде, «Сансызбайым өмірге келді» деп қуанып, қалжа сояды. Қазақы ырыммен. Даланың қазағы ғой, «метіркеге» несіне асықсын? Алтын асығының амандығын ғана тілейді Жаратқаннан.
Ол кезде Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылдық кеңесінің хатшысы Боранқұл Бапашев деген ақсақал екен. Жарықтықтың бір қыстақта иә жайлауда өмірге бала келгенін естісе, ұл немесе қыз екенін анықтаса болғаны дейді үлкендер. Үстелінен шаруашылық кітабын алып, парақтағы алдыңғы балалардың есіміне ұқсастырып өзі атын қойып, туу туралы куәлікті толтыра беретін әдеті болыпты.
Хатшы ақсақал Кенелі-Майтас өлкесіндегі, Шойкеңнің шаңырағындағы сүйіншілі хабарды да естиді.
Әдетінше тізімге қарайды. «Мұның алдындағы ұлы – Төлеген екен, ендеше Бөлеген болады» деп толтырып жібереді құжатты…
Бөлеген Шойынбайұлы мектепті 1973 жылы бітіреді. Жалындап тұрған жас сол жылдың қараша айына дейін «Жалын» комсомол жастары қой бағушы бригадасының құрамында болады. Бұдан соң Совет әскерінің қатарында қасиетті борышын өтеген. Арада екі жыл өткесін елге аман-есен оралып, Алматы зооветеринарлық институтына оқуға түседі. Бөкең өмірінің шуақты кезеңі – студенттік шағын Алатау бөктерінде өткізгенімен, туған жерін – Арқа өңірін бетке алды. Қолында – күректей диплом. Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал тұқымын асылдандыру бөлімінің зоотехнигі, аға зоотехнигі қызметтерін атқарды.
Содан СОКП-ның 1982 жылғы «Ауылды, селоны және агроөнеркәсіп кешенін басым дамыту туралы» Пленумының шешіміне сәйкес, 1983 жылдың маусым айында бұрынғы Талды, казіргі Қарқаралы ауданының «Прогресс» совхозына (қазіргі Томар ауылы) бас зоотехник қызметіне тағайындалды. Бір басына кісілігі мен кішілігі жарасқан Бөлеген Шойынбайұлының жемісті қызмет етіп, кәсіби тұрғыдан шыңдала түскен уақыты – бұл. Себебі, әлі күнге дейін томарлықтардың аузынан Бөкеңнің жемісті еңбегі, келісті болмысы жайлы естіп келеміз.
Ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырына қаныққан Бөкең 1986 жылы Ақтоғай аудандық арнайы мал бордақылау бірлестігінің бас зоотехнигі қызметіне орналасты. Жоспарлы экономиканың уақыты.
Төл алуы бар, ет тапсыруы бар, әйтеуір науқан қызу жүргізіледі. Қайтсе де межені орындау қажет. Жеті совхоздың жүгін арқалаған Бөкең 1987 жылдың бірінші тоқсанына және 1988 жылдың алғашқы жартыжылдығына аудан бойынша жоспарланған межені артығымен орындайды.
Ауданнан үкіметке өткізген әр ірі қараның орташа салмағы 460 келіден айналып, бұрынғы Жезқазған облысы бойынша ең жоғары көрсеткішпен 1 орынға ие болды.
Еңбек еленбей қалсын ба? Бөкең 1988 жылы басшылық қызметтің кадрлық резерві тізімін толықтырды.
Алматы қаласындағы басшы қызметкерлерді дайындау институтына 6 айлық курска жіберілді. Оқуды жақсы тәмамдап келісімен СОКП-ның мүшелігіне қабылданды.
Партия билетін салтанатты тапсыру рәсімінде Ақтоғай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рымбек Жүнісов «Қаратал» совхозын көтеру үшін баруға дайынсың ба?» деп сұрайды. Бөкең бір ауыздан «Партия жұмсаса, дайынмын!» деп жауап береді.
Қой өсірумен шұғылданатын «Қаратал» совхозының ол уақыттағы көрсеткіштері мәз болмаса керек.
Тәуекел деп бел буған Бөкең екі жылда ауыл экономикасын ілгерілетуге күш салды, елдің алғысына бөленді.
Сынаптай уақыт сырғыған сайын қоғам да өзгеріп отыратыны бар.
1990 жылы Совет Одағы жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға көшті. Осы уақытта ауданда мемлекеттік салық инспекциясы құрылып, Бөкең осы мекеменің тізгінін ұстады. Талапқа сай, Мемлекеттік басқару академиясына түсіп, «экономист-қаржыгер» мамандығына ие болды.
Көзі қырағы оқырман жақсы білер, 1993 жылы бұрынғы Жезқазған облысында Жәйрем-Атасу еркін экономикалық аймағы құрылды.
Сәйкесінше, салық инспекциясы басшысының қызметіне конкурс жарияланды.
Бөкең осы конкурста жеті үміткердің ішінен үздік деп танылды.
Қаржы Министрінің бұйрығымен басшылық қызметке тағайындалып, Қаражал қаласына қоныс аударды.
1997 жылы Елбасы Жарлығымен аталған экономикалық аймақ таратылғандықтан, Бөлеген Шойынбайұлы жаңадан құрылған Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының басшысы болып тағайындалды. Тәжірибелі маман, білікті басшы табан аудармастан, 16 жыл бойы осы өңірдің әлеуметтік ахуалын арттыруға күш салды. Үлкеннің батасын алды, көмекке мұқтаж жандардың алғысына бөленді. Сол өңірде «Түгел сөздің түбі бір». Оны айтқан Майқы би.
Сол Майқының ұрпағы, «Қаражалдағы Қаракесек» сөзіңді тыңдап, өтінішіңді дұрыс қарап, жағдайыңды оң шешер» деген сөз кеңінен тарап кеткені сондықтан. Елдің Бөкеңе деген сенімін осыдан кейін-ақ бағамдай беріңіз. Мұның сыртында аудан, облыс басшыларының Алғыс хаттары және мадақтамаларымен марапатталса, «Әлеуметтік саланың үздік маманы» және Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының мерейтойлық медальдарын иемденгені және бар.
«Ат айналып, қазығын табар». Бөкең 2013 жылы туған өлкесіне қайта оралды. Жергілікті жерлердегі әкімдер сайлауына түсті. Халық қалаулыларының 75 пайыз дауысын иеленіп, Ақтоғай ауданы Кежек ауылдық округінің әкімі атанды.
Не керек, аталған ауыл – Ақши елді мекені 2 жылдай уақыттың ішінде қайта түледі. Мәселен, Қарағанды-Ақтоғай-Балқаш тас жолынан Ақшиге дейінгі аралықтағы 18 шақырым тасжолды күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл ішіне дейін жеткізіп берді. Бұл жол 40 жылға жуық жөндеу көрмеген екен. Сондай-ақ, телефон байланысын түзеттіріп, жаңадан АТС қойғызды. Наубайхана, монша және ойын алаңы, спорт кешені сияқты нысандар да Бөкеңнің басшылығы тұсында ашылған болатын.
Мектеп және Мәдениет үйін ағымдағы жөндеуден өткізіп, электр жарығы желілері жөнделіп, жаңа КТП елдің игілігіне жол тартты. Қазіргі күні ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің баға бөлімінде қызмет атқарып келе жатқан Бөкең өмірлік жары, ардагер ұстаз Әсия анамызбен бірге қос ұлын бір-бір шаңырақ қылып, немерелерінің маңдайынан иіскеп отырған бақытты ата.
Күні кеше ғана Пайғамбар жасына жеткен Бөлеген Шойынбайұлының төл тарихымыз бен мәдениетіміз хақында да таңды-таңға ұрып шерткен сәттерін естіп-көріп жүрміз. Талғамы терең, өресі биік…