Жаңалықтар

«Бақпасаң, бала кетеді…»

Жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстың жиілеп кетуі елді алаңдатып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында: «Жас ұрпақтың тағдыры, өмірі мен денсаулығы бәрінен маңызды. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлық қызметке жұмылдырған абзал», – деген еді. Бұл бағытта кеншілер өлкесінде тиісті жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

Сурет egemen.kz

Мамандар жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерге саналы түрде баруын көбінесе отбасындағы тәрбиенің жеткіліксіздігі мен әлеуметтік орта ықпалымен байланыстырады.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес Қарағанды облысы аумағында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық ic-шарасы жүзеге асырылуда.

Бұл жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамға жат қылықтардың жолын кесуге бағытталып отыр.
Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, акцияға күн сайын 408 полиция қызметкері жұмылдырылады екен.

Нәтижесінде айлық аясында, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуге байланысты міндеттерін толық орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабымен 79 ата-ана, 18 жасқа толмағандардың қоғамдық орындарға масаң күйде келіп, немесе алкогольдік ішімдіктерді тұтынғаны үшін 8 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы, не қылмыстың құрбаны болуы әбден мүмкін. Мұның алдын алуға, түнгі уақытта бала өмірінің қауіпсіздігіне ата-аналар жауапты. Сондықтан да, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442-бабына сүйене отырып, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүргені үшін 303 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 52 қолайсыз отбасы және қылмыс пен құқық бұзушылық жасаған 50 кәмелетке толмағандар полицияның есебіне алыныпты.
Дерекке сүйенсек, облыс аумағында есепте тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен оларға жауапты заңды өкілдерімен жеке профилактикалық жұмыс үнемі жүргізіледі. Олардың үй-жайы, оқу орыны бойынша тексерістер де тұрақты түрде жүзеге асырылады.
Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесіп, оқушылар мен студенттер арасында буллинг пен бопсалаудың алдын алу мақсатында анонимдік сауалнама да жүргізілуде екен.
Сала мамандары бұл шараның жастар арасындағы психологиялық ахуалды анықтап, тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталғанын айтады.

– Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазір кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар 12% (33-тен 29-ға) төмендеді. Жас мөлшері бойынша, 14-15 жастағылар – 5 қылмысқа, 16-17 жастағылар 19 қылмысқа қатысқан. Бұл ретте кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Қылмыстық кодекстің 15-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта 16 жасқа толған ақыл-есі түзу жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Егер ауыр және аса ауыр қылмыс жасаса, 14 жастан бастап жауаптылыққа тартылады. Кез келген құқық бұзушылық баланың болашағына тікелей қауіп төндіреді. Бүгінгі әрекеті ертеңгі тағдырына әсер етеді. Сол себепті, әр жасөспірім өзін және болашағын қорғау өз қолында екенін түсінгені жөн. Ата-аналарды бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Баламыздың болашағына немқұрайды қарамайық, – деп атап өтті Жасқайрат Иманбекұлы.

Баланың уақытының көп бөлігі мектепте өтетін болғандықтан, осы мәселе төңірегінде Қарағанды қаласындағы №14 гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Тлеубековтің пікірін сұрадық.

– Гимназиямызда бұйрықпен бекітіліп, жылдық жоспары жасалған арнайы профилактикалық кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына директор, директордың салалық орынбасарлары, мектеп психологі, әлеуметтік педогог және сынып жетекшілері кіреді. Қажет болған жағдайда ғана учаскелік инспекторды тартамыз. Жасөспірімнің қылмысқа баруына түрткі болатын жайттар көп. Бірнешеуін атап өтейін. Балаға аз уақыт бөлу, ата-аналардың жұмысбастылығы және қадағалаудың аз болуының салдарынан баланың біреулерге еріп немесе еліктеп кетуі сынды жағдайлар. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағытында бекітілген аймақтық полиция бөлімімен жоспарға сай шаралар атқарылады. Кездесу, дәріс, ашық сабақ, челлендж және тағы басқа. Кейде прокуратурамен бірігіп, жасөспірімдердің сотына оқушыларды да қатыстырамыз. Полиция бөлімімен бірлесіп, жасөспірімдер көп жиналатын орындарға рейд жүргіземіз. Мақсатымыз – оқушыларымызды білімді, тәрбиелі, патриот әрі еңбекқор етіп тәрбиелеу – дейді Жанат Тлеубеков.

Жуырда «Қазақстан дәуірі» сайтында журналист Жаннұр Болаттың қылмыстық құқық, криминология және кәмелетке толмағандардың қылмыстарын сотқа дейінгі тергеп-тексерудің процессуалдық аспектілері саласындағы танымал зерттеуші Диана Кошеновамен болған «Кәмелетке толмағандар қылмысымен күрестегі басты әдіс – алдын алу» тақырыбындағы сұхбаты жарияланды.

Сұхбатта Диана Көшенова: «Кәмелетке толмағандар қылмысы – қылмыстық құқықтың ең осал санаттарының бірі. Жасөспірімдер көбінесе қиын өмірлік жағдайларға тап болады және олардың қылмыс жасауы әрдайым саналы түрде болмайды. Кәмелетке толмағандарды қылмысқа итермелейтін себептерді зерттеу, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік бейімделу механизмдерін әзірлеу өте маңызды», – деп атап көрсетеді.
Сонымен қатар, өз жұмысында Қазақстан, АҚШ, Германия және Ұлыбритания заңнамасы мен құқық қолдану тәжірибесін салыстырмалы түрде талдағанын айтады.
«Мысалы, АҚШ-та «ювеналды юстиция» тұжырымдамасы белсенді қолданылады, ол тек жазалауды ғана емес, кәмелетке толмаған құқық бұзушыларды түзетуді де қамтиды. Германияда жасөспірімдердің қайта қылмыс жасауын болдырмау үшін ерте араласу жүйесі жұмыс істейді. Ал Ұлыбританияда кәмелетке толмағандарға әлеуметтік бағдарламалар арқылы кінәсін өтеуге мүмкіндік беретін қалпына келтіру әділеттілігіне ерекше көңіл бөлінеді» деп атап өтеді зерттеуші.
Айналып келгенде, бұл жұмыстардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Ендеше Президенттің өзі ерекше көңіл бөліп, бақылауына алып отырған бұл мәселеге бей-жай қарамай, балаға уақыт бөліп, жоғарыдағы айтылған кемшіліктерді түзеп, болашағын жарқын болуына жағдай жасауға тиіспіз.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button