Бағдарлама игілігі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында өңірлердің дамуына ерекше көңіл бөліп, тиісті тапсырмаларды Үкіметке жүктеп келе жатқаны белгілі. Осы орайда, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасына енген 2011-2020 жылдарға арналған «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы жер-жерде жүзеге асырылуда. Азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту және көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдалану сапасын белгіленген талаптарға сәйкестендіруді мақсат еткен бағдарламаның халық үшін пайдасы қашанда мол.
Жаңаарқа ауданында биылғы жылы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында екі сегіз пәтерлі үйге жөндеу жұмыстары жасалды. Модернизациялау жобасына іліккен аудан орталығындағы Жолкен Дүйсенов орамының бірінші және бесінші нөмірлі тұрғын үйлерінің қасбеттері, шатырлары, кіре-берістері, есік-терезелері жөнделіп, тұрғындардың көптен бергі тілектері орындалды.
Айтып өтетін жәйт, бұл үйлер 60-шы жылдары тұрғызылып, содан бері бір де бір жөндеу жұмыстарын көрмепті. Ескі құбырлар, құлап жатқан қабырғалар, тіпті, жабылмайтын есіктер – тұрғындардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік бермейтін. Бүгінгі күні бұл келеңсіз жағдайлар артта қалып, мемлекеттік бағдарламаның арқасында Жолкен Дүйсенов орамындағы қатар тұрған қос үй жаңартылып, тұрғындары қуанышқа бөленді. Үйдің сырт келбетінің әрленуімен қоса, тұрғындар атынан түскен өтініштер бойынша жылу жүйесінің құбырлары, су құбырлары және кәріз жүйелері жөнделді. Әр үйдің жөндеу жұмыстарына 4 млн. теңгеден артық қаражат жұмсалған, яғни, әр пәтер тұрғыны айына шамамен 2000-3000 теңгеден Үкіметке қайтаруы тиіс. Қайтарымды ақшаны тұрғындардың 15 жыл ішінде төлеуге мүмкіндіктері бар екен. Тұрғындар жөндеу жұмыстарының сапасына дән риза.
– Осы игі іске мұрындық болған облыс басшылығы мен аудан басшылығына алғысымыз шексіз! Қазір подъездіміз жылы, таза әрі әдемі. Пәтеріміз де өте жылы, бала-шағамыз тоңып, ауырып қалады деп еш алаңдамаймыз, – дейді Жолкен Дүйсенов орамының тұрғыны, қарт әже Тиыштық Дүржанова.
Келесі жылы 7 үйге осындай модернизация жұмыстары жүргізіледі деп көзделуде.
Индира Асамиданова.
Жаңаарқа ауданы.