Басты тақырып

Бағаналы Ордада – баламалы қуат көзі

         Маңдайынан күн сүйген ел – Мәңгілік Ел! «Басынан сөз асырмаған ел» (Қаздауысты Қазыбек) – басына бағы қонған ел! Ұлы Дала Елі – Қазақстан!

«Есілдің бойы – ен тоғайға» (Махамбет) ел қонды. Ақбоз үй – Астана бой көтерді. Бастаушысы – Елбасы, қостаушысы – қалың ел!

Елорданың еңсесі – тік! Алты құрлық тамсана қарап тұр! Астанаға ағылған көштің шегі жоқ. Көрменің көрігі тіптен қыза түскен!

 бет2

Иә, «ЭКСПО» көрмесін өткізу – екінің бірінің қолынан келе бермейтінін түсіндік. Халықаралық көрме Астанада өтеді дегенді естігенде-ақ, Көрме тарихын ақтарғанбыз. Көп дүниенің куәсі болдық. Жаһанды елең еткізген жаңалықтар. Тың идеялар мен жемісті бастамалар. Ғаламға қажетті ғылымның қайнаған қазаны. Бәрі-бәрі осы Көрмеден бастау алған…

«ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі – Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі жобасы. 2012 жылы Халықаралық көрмелер бюросы осы Көрменің өткізілетін орнын анықтау үшін жиын құрған. Бюроға мүше 148 мемлекеттің өкілдері өзара жасырын дауысқа салған.

103 ел – Жүзіктің тасын таңдады. Жеңіс – Астанада!

Біздегі Көрменің тақырыбы – түйткілді мәселеге негізделген. Болашақтың энергиясын – баламалы қуат көздерін анықтау. Не керек, мүйізі қарағайдай ғалымдар елең еткен. Бірлесіп ой қорыту үшін. Білгенімен бөлісуге бел буған. Адамзаттың ортақ проблемасын тағы бір мәрте Астанада көтеру үшін.

Бас қаламыздың белі несіне қайыссын? Бұған дейін де дін мен дәсүр, бейбітшілік пен бітімгерлік мәселелері Елордамызда талай рет талқыға салынған. Халықаралық деңгейде!

Әрине, бұл – елдіктің жеңісі! Елбасы – Ұлт Көшбасшысының көрегендігі!

Бұған дейін жазғанымыздай, «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің ашылу салтанатын көзбен көріп қайттық. Шабыт шарықтай берген. Шаттық кеудені керген.

Олжа емей немене?! Он жеті мемлекеттің және беделді Халықаралық ұйымдардың басшылары Көрменің ашылуына арнайы келді. Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз асқақтаған сәтте түгелдей тік тұрды!

Президентіміздің әлем саясаткерлері арасындағы беделіне тағы бір тамсандық. Қуатты Қазақстанның шуақты күніне іштей шүкіршілік айттық!

Жауһар қаламыз – гауһар тастай жарқырай берді. «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне келушілер ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарыса жазып жатыр. Астананың келбеті мен Көрменің кешенін!

Дүниежүзілік көрме шын мәнінде Астананы дүбірге бөлеуде. Дерекке сүйенсек, Көрмеге келушілердің саны күн санап арта түскен.

Тай елі бар, тау халқы бар, Күншығысы, Батысы – барлығы да Ұлттық павильондарының есігін айқара ашты. Рухани құндылықтарын, орасан жетістіктерін көптің назарына ұсынды.

Біздің ел – бейбітшіліктің бесігі емес пе?!

Астана, әдеттегідей, Әлем халқын жақындастыра түсті!

Үш айға созылатын Көрмеге үміттен үкі  тақтық!

Бағаналы Ордамызда – баламалы қуат көздерінің түйткілді мәселелері көптеп тарқатыларына сенім мол!

Ажарлы Астананың беделі – Алаштың – Ұлы Қазақстанның беделі!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button