Жаңалықтар

Баға шектен шықпайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. …Тапшылықтың және азықтүлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін ауыл шаруашылық өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет», – деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында нарықтағы баға бақылауға алынды. Сауда үстемесін асырған кәсіпкерлерге жаза күшейді. Тарқаталық…

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу үшін салалық департамент сауда үстемесіне қатысты бақылауды күшейтті. Биыл заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша енді сауда үстемесін бұзған кәсіпкерлерге бірден айыппұл салынады. Ал, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында 12 млн теңгеден астам қаражат иелеріне қайтарылған. Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жанат Асантаев сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша негізгі өзгерістер һақында бұқаралық ақпарат өкілдерін хабардар етті.

Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет жүйелі және бақылау шараларын қабылдауда. Салалық департамент нарықтағы бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында тауар үстемесінің 15%-на қатысты бақылау жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді. Жалпы есептік кезеңде сауда саласының 59 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 57-сі сауда үстемесін асырып келген. Биыл әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бойынша шекті сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында қолданыстағы заңнамаға жауапкершілікті қатайту бойынша түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, ескерту әкімшілік айыппұлға ауыстырылды. Мысалы, өзгеріс енгізілгенге дейін кәсіпкерге айыппұл заң бұзушылық қайталанған жағдайда ғана салынған болса, ендігіде сауда үстемесін сақтамағаны үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5, орта кәсіп өкілдеріне 35, ірі кәсіпкерге 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде бұл заң бұзушылық қайталанатын болса, айыппұл көлемі екі есе еселенеді. Өзгерістер осы жылдың 13-наурызында күшіне енді. Бұл өзгерістердің мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның негізсіз өсу тәуекелдерін төмендету. Қазір сауда нүктелеріне бақылау күшейтілуде. Айта кету керек, 2023 жылдың сәуір айынан бастап, әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларына баға белгілеу бойынша мемлекеттік бақылау функциялары әкімдіктерден Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Бұл қадамнан кейін бақылау күшейтіліп, нарықта негізсіз алыпсатарлықты жою бойынша жүйелі жұмыстар басталды.

– Тұтынушы құқығын қорғау саласына келетін болсақ, басты назар азаматтардың өтініш үлгілеріне салынады. Биылдың бірінші тоқсанында департамент мамандары 632 өтінішті қарап, әр тұтынушының нақты сұранысына тиісінше түсініктеме берді. 119 тұтынушы, жеке мәселелері бойынша қабылдауға келді. Тұтынушыға қайтарылған қаражат көлемі 12 752 159 теңгені құраған. Шағымдардың көп бөлігі электронды сауда саласына тиесілі, – деді спикер.

Негізгі мәселелердің сап басында тауар сипаттамасының нарыққа сәйкес келмеуі, сатушы турасындағы дәйекті мәліметтің жоқтығы және қаражатты қайтарудағы қиындықтар жайттары тіркелген. Бөлшек сауда секторы шағымдар саны бойынша екінші орында. Иә, нарықтағы тәртіп – тек бақылау мен айыппұл арқылы емес, кәсіпкерлердің жауапкершілігі мен тұтынушы мәдениетінің қалыптасуы арқылы орнығары аян. Мемлекет шекті сауда үстемесін заңмен реттеп, әкімшілік шараларды күшейтті. Бұл – сайып келгенде, нәтиже беретін нақты қадам. Бірақ, баға тұрақтылығы мен әділ сауда жүйесі ұзақ мерзімді реформалар мен ашық бәсекелестікке негізделеді. Тұтынушылардың белсенділігі, құқықтық сауаттылығы артқан сайын нарықта да әділеттілік салтанат құрады. Қайтарылған қаражат тек қаржылай көрсеткіш емес, азаматтардың өз құқығын қорғауға деген талпынысының айғағындай. Электронды саудадағы заңсыздықтар, сатушы туралы анық ақпараттың жоқтығы – нарықтың цифрлы сегментінде шешімін күткен мәселелер легінен. Бұл бағытта да нақты реттеу, сапалы бақылау, және ең бастысы – тұтынушы сенімін сақтау негізгі басымдыққа айналады. Бақылау бар жерде тәртіп орнайды. Ал, тұрақты тәртіп үшін – нарық қатысушыларының өзара сенімі мен ортақ жауапкершілік мәдениеті қалыптасады.
2023 жылы өтпелі кезеңге қарамастан, осы бағытта алғашқы нәтижелер көріне бастады. Жыл қорытындысы бойынша 848 әкімшілік іс қаралып, оның 51-і бойынша 7 млн теңге көлемінде айыппұл салынса, 797 жағдайда ескерту берілген. 2024 жылы бақылау тетіктері толық іске қосылған соң, бұл көрсеткіш бес есе өсіп, 4 384 қаулы шықты. Оның ішінде, 284 айыппұл (16 млн теңге) және 4 100 ескерту тіркелді. Ал, осы жылдың 20 наурызына дейін 1 189 іс қозғалып, 70 айыппұл (5 млн теңге) және 1 119 ескерту рәсімделді. Бұл деректер мемлекеттік бақылаудың жүйелі жұмыс істеп тұрғанын және қабылданған шаралардың тиімділігін айғақтайды. Ал, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 1 сәуірдегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасы бір аптада орта есеппен 0,3%-ға қымбаттады. Дегенмен, қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда баға өсімі баяулады. Өткен аптада нан, қарақұмық, күнбағыс майы, айран және тұз бағасы өзгерген жоқ. Сиыр еті, қырыққабат пен картоп бағасы көтерілді. Көкөніс құнының өсуі маусымаралық кезең, қойма мен тасымал шығындары, сондай-ақ, коммуналдық тарифтердің көтерілуімен байланысты.
Бүгінде нарық – жай ғана сауда алаңы емес, елдің тамыры, қоғамның тыныс-тіршілігінің айнасы. Баға саясаты – осы жүйенің соғып тұрған жүрегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұтынушы құқығын қорғау, әділ бәсекені қалыптастыру және цифрлы сауда алаңдарын ашық ету – басым бағытқа айналды. Қабылданған шаралар, айыппұлдар мен қайтарылған қаражаттар – алып нарық жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне арналған нақты қадамдар. Президенттің бастамасы әділеттілік пен тәртіпті нығайтуды көздейді. Тұтынушының даусы естілген жерде – заң үстемдігі орнайды. Кәсіпкерлердің жауапкершілігі артқан сайын, нарық тазарып, сенім бекиді. Цифрлы сауда көлеңкесіндегі заңсыздықтар да кезең-кезеңімен ашық алаңға шығып, әділ шешімін табады. Бұл – қоғам тұрақтылығы мен әділеттігінің негізі. Мемлекет басшысы қойған міндеттер – уақыт талабы ғана емес, ел болашағының берік кепілі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button