АймақҚарағанды

Баға – әлеуметтік әділдік көрінісі

Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды рөл атқаратын құрылымдардың бірі – «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Ол – кәсіпкерлікті қолдайтын институт қана емес, сонымен қатар, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы негізгі оператор. Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов бастаған облыстық мәслихаттың бюджет және жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері арнайы баспасөз-туры барысында корпорацияның негізгі бағыттары, іске асырылып жатқан жобалары және қоғамдық маңызы зор механизмдерімен егжей-тегжейлі танысты.

Мақсат – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру

«Сарыарқа» әлеуметтік-­кәсіпкерлік корпорациясы қызметінің басты мақсаты – мемлекеттік және жекеменшік сектор арасындағы өзара ықпалдастықты арттыру арқылы өңірлік экономиканы дамыту, инвестициялық климатты жақсарту және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Корпорация өндірісті және қайта өңдеуді дамыту, жер қойнауын пайдалану, инновациялық жобаларды қолдау, инфрақұрылымды жақсарту, инвестициялар тарту және әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бағасын тұрақтандыру сынды өзекті мәселелерді жүзеге асырады. Осы қызметтерді атқару үшін корпорация арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы құралдарын пайдаланады.

Тұрақты комиссиясының мүшелері Қарағандыдағы көкөніс һәм азықтүлік сақталатын қоймаларды аралап, сақтаулы тұрған азықтүлік қорымен және әлеуметтік павильондардың жұмысымен танысты.
Жұмыс сапарына облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, облыстық мәслихаттың депутаттары Рысқали Әбдікеров, Аян Әбдікәрімов, Абсалям Карин, Александр Куприенко Жан Серікұлы және мемлекеттік органдар өкілдері, «Сарыарқа» ӘКК ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жаров қатысты.

– Бүгінде азықтүлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, қоймаларда 560 тоннаға жуық түрлі ауыл шаруашылығы өнімдері сақтаулы. Фермерлермен 2025 жылғы егін есебінен форвардтық келісімшарттар жасалды, олар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері ең төменгі үстеме бағамен сатылатын болады. «Сарыарқа» ӘКК-нің мәліметіне сүйенсек, Қарағанды облысында қолда бар қорлар жылдың соңына дейін жеткілікті. Тауар интервенциясын бағаның күрт өсуіне және тұрақтануына жол бермеу үшін маусымаралық кезеңде жасау жоспарланып отыр. Әлеуметтік павильондарда әлеуметтік маңызы бар азықтүліктің 19 түрі сатылады. Жергілікті өндірушілерге тауарларды белгіленген бағамен босату міндеттемесінің орнына жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі берілді. Әлеуметтік павильондардағы, мысалы, картоптың сату бағасының нарықтық бағадан төмен екенін атап өткен жөн. Тұрақтандыру қорының ресурстарын ұтымды пайдалану және азықтүлік бағасының күрт өсуіне жол бермеу мәселелері облыстық мәслихаттың бейіндік комиссиясының алдағы отырысында қаралады, – деп атап өтті Нұркен Сайфиддинұлы.

Қазыбек би ауданы мен Әлихан Бөкейхан ауданында орналасқан әлеуметтік павильондарға арнайы ат басын тіреген депутаттар мұндағы бағалардың тұрақты екендігіне көз жеткізді.
Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру, жергілікті кәсіпкерлікті қаржыландыру сынды бастамалар – облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізуде.
Депутаттық корпус тарапынан бұл бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, тиісті бақылау жүргізілетінін атап айту керек.
Мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен жұмыс топтары осы бағыттағы әрбір жобаның орындалуын, қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын назарда ұстап отыр. Сонымен қатар, ауылдық округтерден келіп түсетін ұсыныстар мен өтініштер негізінде бағдарлама құралдарының өңірлік ерекшеліктерге бейімделуіне де ықпал етуде.
Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында «Сарыарқа» ӘКК-нің жұмысы – сенімді серіктестік пен нақты нәтижелердің көрінісі.

Екі негізгі тетік не?

Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бағасын ұстап тұру – корпорацияның басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта екі негізгі тетік іске асырылады. Ол – тұрақтандыру қоры арқылы өнім сатып алу және интервенция жасау, айналым жүйесі бойынша кәсіпкерлерге қарыз беру.
Осы механизмдерді іске асыру үшін жалпы сомасы 2,674 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, 740 млн теңге тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, 1,934 млрд теңге – кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге бағытталған.
Корпорация директорының орынбасары Еркінбек Абдыханов қоймадағы азықтүлік қоры мен павильондардағы бағаның жай-күйі туралы кеңінен айтып берді.

– Бүгінде тұрақтандыру қорының қоймасында 310 тонна қант, 68 тонна күріш, 50 мың литр күнбағыс майы, 80 тоннадан астам картоп, 54 тонна қарақұмық жармасы және 20 тоннаға жуық орамжапырақ сақтаулы. Бұл өнімдер белгіленген кесте бойынша облыс тұрғындарына төмендетілген бағамен жеткізіледі. Картоптың бағасы базарда 220-280 теңге аралығында. Біз бұған дейін келісімшарт негізінде «Шахтерское» ЖШС-нен 100 теңгеден 1000 тонна сатып алдық. Қазір қорда 800 тоннадай бар. Қазір баға көтерілгенде 110 теңгеден қаладағы 22 павильонға таратамыз. Олар 126 теңгеден сатады. Бұл – тұрақты баға. Біз осылай бағаны тұрақтандырып, бір қалыпта ұстап отырмыз, – деп атап өтті корпорация директорының орынбасары Еркінбек Аманбекұлы.

Кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы көпір

Айналым жүйесі – бұл кәсіпкерге жеңілдікпен берілген қаражат есебінен нарыққа арзан бағамен өнім жеткізуді міндеттейтін жүйе. Осы тетік арқылы 10 кәсіпкерлік субъектісі қаржыландырылған. Мысалы, «Қарағанды-Нан» ЖШС 5 475 тонна нан және 274 тонна макарон өнімін арзан бағамен сату міндетін алды. «Қарағанды мелькомбинаты» ЖШС – 1 200 тонна ұнды нарыққа шығарды. Бұдан бөлек, көптеген фермерлік шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлер жұмыртқа, көкөніс өнімдері мен май өнімдерін қолжетімді бағамен жеткізуде.


Тұрақты азықпен қамтамасыз ету мақсатында «Сарыарқа» ӘКК отандық өндірушілермен форвардтық шарттар жасасып келеді. 2025 жылға арналған өнім көлемі бойынша жасалған келісімдер 3 000 тоннадан астам көкөністі жеткізуді көздейді. Атап айтқанда, «Азамат» агрофирмасы, «Астра-Агро LTD» және «Дарас ЛТД» кәсіпорындары картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз жеткізумен айналысады.
Корпорацияның тағы бір маңыз­ды бағыты – ауылды елдімекендердің тұрғындарын микрокредиттеу арқылы табысын арттыру. 2023 жылы 3,4 млрд теңге бөлініп, 456 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде, 385 жоба мал шаруашылығына, 47 жоба техника алуға, 23 жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған. Бұл жобалар аясында 639 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

Қазіргі таңда микронесие беру процесі amanatnesie.kz платформасы арқылы цифрландырылып, өтінімдер онлайн қабылданады. Бұл тәсіл үдерістің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға сеп болды. Сондай-ақ, агент ретінде жұмыс істейтін корпорация өтінімдерді өзектендіріп, жергілікті ерекшеліктерге қарай жобаларды іріктейді.
Мысалы, мал шаруашылығы бойынша 352 жоба, өсімдік шаруашылығы бойынша 37 жоба, ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерлік бойынша 315 жоба ұсынылып отыр. Сонымен қатар, шамамен 60 ауыл шаруашылығы кооперативін қолдау жоспарланған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен қатар, агроөнеркәсіптік кешендегі ірі жобаларды бюджеттік несие беру арқылы қолдау жалғасуда. 2024 жылы осы мақсатқа 8,8 млрд теңге бөлініп, 10 жоба 7,4 млрд теңгеге қаржыландырылған. Олардың қатарында суармалы жерлерді игеру, сүт-тауар фермасын салу, көкөніс сақтау қоймаларын тұрғызу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бар.

Әлеуметтік павильондар – қолжетімді бағаның кепілі

Облыс аумағында ұйымдастырылған әлеуметтік павильондарда төмендетілген бағамен сатылатын 19 атаулы азықтүлік бар. Бұл тізім Сауда және интеграция министрлігі бекіткен әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары реестріне сәйкес қалыптастырылған.

Олар – қант, бірінші сұрыпты бидай ұны, қарақұмық жармасы, ұнтақталған күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, бірінші санаттағы тауық жұмыртқасы және ас тұзы сынды өнімдер.
Бұл санаттағы өнімдерді тұрғындар күнделікті тұтынатындықтан олардың бағасын ұстап тұру мемлекет тарапынан ерекше бақылауда тұр.

Қарағанды қаласы аумағында 22 әлеуметтік павильон бар. Бұл павильондар әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің нақты үлгісіне айналып отыр.

– Айына 150-200 тоннадай картоп жеткіземіз павильондарға. Қаладағы түгел дүкеннің бағасына жауап бере алмасақ та, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған павильондардағы бағаны қадағалап отырмыз. Апта сайын рейд жүргіземіз. Қазан мен сәуірге дейін «Азамат» ЖШС келісім бойынша 19 тауар түрінің ішіндегі – картоп, пияз, сәбіз, орамжапырақпен қамтамасыз етіп, бағаны бір қалыпта ұстайды. Қазір картоптың бағасы тұрақты. Статистикаға сүйенсек, елімізде ең қолжетімді баға Қарағандыда. Жаңа картоп шыққанша қорымыз жеткілікті. Пияздан мәселе туындаған жоқ. Павильондар арнайы бекітілген тәртіп бойынша жалға беріледі. Жалға берудің шарты бойынша павильонда бекітілген 19 тауардың бәрі реттелген бағада тұруы керек. Егер баға көтеріліп жатса, бізге тұрғындар хабарласады. Мониторинг жүргізіліп, баға қайта тұрақталады, – Еркінбек Аманбекұлы.

– Мен үнемі осы павильоннан азықтүлік сатып аламын. Бағалары базар мен кәдімгі дүкендегіден әжептәуір арзан. Қалтаңа салмақ салмайды. Тауарлары сапалы, мерзімі сақталған. Сатушылар да өте сыпайы. Қарапайым халыққа осындай жағдай жасаған Үкіметке алғысымыз шексіз. Оның үстіне, мұндағы бағаны депутаттар үнемі қадағалап отырады екен. Бұл жұртшылық үшін жасалған нағыз жанашырлық. Бүгін де азықтүлік алуға келдім, – деп ризашылық білдірді қала тұрғыны Қанат.

Ал, павильонды жалға алып, өз ісіңді дөңгелету үшін gosreestr.kz сайтына қойылған жарнама негізінде баға ұсынасыз. Ең жоғары баға берген үміткер жеңіп алады. Жалға алу бағасы қолжетімді. Және оның бағасы да бекітілген нормадан аспауы шарт. Одан бөлек, қалаған тауарды әкеліп сатуға рұқсат етілген. Негізі азықтүлік түрлерінен басқа тауарлар тексеруге жатпайды.

Күнделікті қажетті азықтүлік бағасының өспеуінен бастап, ауылдағы жұмыс орнына дейінгі аралықта «Сарыарқа» ӘКК-нің үлесі бар екенін осы баспасөз туры аясында көз жеткіздік. Әлеуметтік маңызы зор міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан құрылымның жұмысы тұрақты бақылауда.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Back to top button