Ғибрат

Бөрі ене

Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!
СҮЙІНБАЙ ақын

Көк бөріні емген, Көк түріктің ұрпағы едік. «Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен» Бөрі ене адалдықтың айнымас кесімі еді. «Өлім егетін емес, өмір егетін ұрпақ  әкелдім» деп қарс-қарс шайнап қалжа жеген. Енді, кеудеңе мұз қатып, бармағыңды шайнап, балаларыңды бар жүрегіңмен жек көріп, көзіңе қан құйылды ма? Өйткені, саған балаларың найза  ауырып, сойыл сілтеді. Жүрегіңе қорғасын атып, қанға суарылған қанжарды қадады. Немесе өзіңнің баурыңнан тараған бөлтіріктеріңді бөктергенде, «аяшы» деп оң жағына бір, сол жағына бір шыққанда сәуледей болсын мейірім танытпай, қабағынан қар емес, қан жауған тіршілік иесін көргенде мына жалғаннан безініп, тітіркеніп кеттің бе екен?

Бауырыңа балаларыңды сыйғызбаған «азап» ғасырға лағынет айтып, терің үшін тебінгісін үзген тентекке теріс батаңды бердің бе, әлде ана екендігіңді қайта есіңе алдың ба?

Бірақ, сен ана екеніңді ешқашан ұмытқан  емессің. Боз далада босанған ананың кіндігін тісіңмен қиып, күшіңді жиып, сезім сауып, жалаңаш жан иесін жалап жылыттың. Бұл сенің Ұлы-Ана екендігіңді танытты.

«Бөрі тектес» еліңнен бөлінбедің, қасыңдағыға қас қылмадың. Қырықтан аса қасиетіңді қанымызға сіңіріп, бауырыңа басып, жылылық шуағын төктің. Апаныңа кіргенге айбат  көрсеткеніңмен, азуыңды салмадың. Апаныңда қайырымды болдың. Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығаратын қонақжайлықты қазақ өзіңнен үйренгенге ұқсайды. Керемет тектілік, темірдей төзімділік емес пе?!

Ал, қазіргі жағдайың қасіретке толы. Қатыгездер төбеңнен тікұшақпен төніп, суық қарумен сұлатып, көз жасыңды көл етті. Тірідей теріңді сыпырып, меруерт жасыңды барлап ағызды. Оны интернетке салып, асқан айуандықты көрсететіндігін қайтесің?

Болған оқиға. Бөріге тиген аңшы өлер алдында жаны қатты қиналыпты. Тәңірі бір, рухы үндес абаданға суыққолдық жасағанына өкініп, өкіріп жылап, тіпті, бөрі кейпіне еніп ұлып, көзіне қан толыпты. Терісін тон, етін ем қылған бөрі өз бауыры екендігін соңғы демінің алдында ғана түсінген екен пәтшағар. Қазіргі интернетте жүрген батырсымақтар бөріні  шірмікпей, шілдей қырып жатқанда осыны ойлады ма екен?

Бізді «бөрі тектес ел» деп бекер айтпаған шығар.

***

Түз тағысының жақсылықты түсініп, қайтарым жасап, қайғыға қайғырып, бір-біріне деген адалдығын сақтап, екінші жұп құрмайтындығы да қасиет емей немене? Бөтен бөлтірікті жетімек етпей, жалғыз тастамай, бауырына басып, жатқа, жауға қалдырмай асырап бағатындығы бауырмалдық емей немене?

Қоғамдағы кездесетін жарына адалдық танытпай, бір емес, бірнеше жұп құрған аналарды және ішінен шыққан баласын қоқысқа қалдырған безбүйректерді көрген сайын бөрі құрлы болмағанымызға қапаландым. Түз тағысының бойынан дарыған тектілік, бауырмалдық, мейірімділік бүгінгі кейбір жанның бойынан табылмағаны жүрегімді жаралайды.

Қақтығыстан қайтпайтын, не жеңіп, не өліп тынатын. Өзінің жарғанын, өзінің олжасы болмаса, өзгенің өлексесін татып алмайтын тағының қасиеті таудай биік қазаққа дарыған еді.

Ал, бүгін бізге не болды? «Қасқыр да қастық қылмас жолдасына» деген елдің баласына «қасқыр ішігі бар кісі жолдасының тоңғанын білмес» деген мақал жақын болғаны ма?

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button