«Бүлдіршінге жыр арна» байқауы өтеді

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облысы бойынша филиалының қолдауымен «Тіл-қазына» әлеуметтік жобасы аясында балалар әдебиетіне қалам сілтеп жүрген қаламгерлер арасында «Бүлдіршінге жыр арна» атты облыстық әдеби-шығармашылық байқауы өтеді.

Балаларға арналған шығармаларды насихаттау арқылы жас ұрпақтың тілін дамытып, кітап оқуға деген құштарлығын ояту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, адам бойындағы ізгі қасиеттер тәрізді тәрбиелік мәні бар тақырыптарға жазылған шығармаларды насихаттауды мақсат тұтқан байқау 2 номинация бойынша өтеді.

3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған өлеңдер номинациясына ұйқасы жеңіл, бала тіліне ыңғайлы, Отан, туған жер, тәуелсіздік, туыстық атаулар, (әке, ана, ата, әже, бауыр, бөле және т.б.) салт-дәстүр, (көкпар, алтыбақан, асық ату және т.б.) ұлттық тағамдар, (бауырсақ, құрт, қымыз, қаймақ және т.б.) үй жануарлары, түрлі мерекелер, жыл мезгілдері тақырыбындағы өлеңдер қабылданады. Қатысушы әр тақырыпқа кем дегенде 8 жолдан тұратын 2 өлеңнен, жалпы саны 20 өлең ұсынуы тиіс.

6-10 жас аралығындағы балаларға арналған әңгімелер номинациясына бала дүниетанымына сай, тәрбиелік мәні зор түрлі тақырыптарды қамтитын кем дегенде 5 әңгіме (ертегі, мысал және т.б.) ұсынылуы тиіс.

Бір үміткер екі номинацияның (өлеңдер немесе әңгімелер) біріне ғана қатыса алады.

Байқау жүлдегерлері әр номинация бойынша (өлең және әңгіме) арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Байқауға қатысатын үміткерлердің шығармалары 2023 жылдың 1-қыркүйегіне дейін bala-baiqau@mail.ru электрондық поштасы арқылы қабылданады.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,

ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.