АймақШет

Бұлақ көрсең, көзін аш

«Жаңбыр жауса – жер тоқ, егін ексе – ел тоқ. Бұлақ ақса – көл тоқ. Еңбек етсе – ер тоқ» дейді дана қазақ. Шет ауданына қарас­ты Үңірек ауылында осы аттас өзен өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін буырқанып ағып жататын. Кейін тартылып, ағыс бәсеңдеп қалғаны тағы бар. Ауыл тұрғындары игілікті істі қолға алып, өзен бойындағы бұлақ көздерін ашты.

Өткен сенбіде Үңірек ауылына бір қауым ел жиналды.

– Ауылымыздағы бұл өзеннің бойында бұлақ көзі жетерлік. Әрине, тіршілік көзі болғандықтан сақтап қалуымыз керек. Бұрындары өткел бермей ағып жатқан өзеннің кенезесі кеуіп тұр. Алдағы бес-он жылда мүлдем айырылып қалуымыз да мүмкін. Сондықтан, Жер-Ананың бізге берген сыйы – мөлдір бұлақтарды ашып, өзен-көл арнасын кеңейтуіміз керек, – дейді осы ауылда тұрған, қазір Қарағанды қаласының тұрғыны, ұстаз Қорлан Молбасова.

Аталмыш шараны өткізуге ұйытқы болған бірнеше жыл Шет орта мектебінде мұғалімдіктен зейнеткерлікке шығып, Астана асқанымен, туған жерге деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған Бақыт Жолдыбайқызы.

Арнайы ат басын ауылға бұрғандар ішінде ауыл мектебінде директор болған Дәмеш Көкіжанова, оқушыларды білім нәрімен сусындатқан Руслан Ашықов, Аман Шілікбаев, Дәурен Көшенова, сонымен қатар, Шет ауданында бірнеше жыл полиция бөлімін басқарған Мәлгәждар Даданбаев болды.

Ауыл ақсақалдары, жастарымен қатар Шет орта мектебінің директоры Асылан Сұлтанұлы бас болып, оқытушылар мен оқушылар қуана кіріскен іс болды. Үңірек өзені бойындағы бір бұлақтың көзі ашылып, жағасы таспен қоршалды. Мөлдір де таза су арнасын өзенге бұрды.

Бүгінде Үңірек өзені бойында тоған бар. Мал суару, балық өсіруге қолайлы. Дегенмен, 90 жылдарға дейін көктемде дамба ашылып, су ағып жатса, қазір тоқтап тұр. Оған да бет бұрса деген тілек айтылды. Арнайы келген ауыл азаматтары «Бұл шара жалғасын табады, әлі талай бұлақтың көзін ашамыз» деп тарқасты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button