Рухани жаңғыру

«Бұл – Қазақ ұлттық сахна өнерінің құбылысы еді…»

– Кеңес аға, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрында еңбек еткеніңізге 49-50 жыл болыпты. Сіз келгенде театр қандай еді?

– Мен  Сәкен театрының дәуірлеп тұрған (1968 ж.) тұсында келдім. Мен келгеннен 5-6 жыл бұрын ғана театр 30 жылдығына орай тұңғыш рет «Алматы көктемінде» декада өткізіп, лауреат атанып келген. Неге десеңіз, 1959 жылы театрға кәсіпқой режиссер Мұрат Қосыбаев келді. Аталған фестивальда ол өнер ордасының атын республикалық деңгейге бір-ақ көтерді. 1965 жылы келген Мұхтар Қамбаровтың тұсында театр ұжымы бүкілодақтық фестивальдан І орын алып, басты рольді сомдаған Қарғаш Сатаева республикалық І дәрежелі диплом алса, Әсия Абылаева І дәрежелі бүкілодақтық диплом иеленіп, өнер қайраткерлерімен 15 күнге Германияға барып келді. Бұл – театрдың бүкіл Одақ көлеміндегі үлкен табысы еді. Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалімі» қойылған сонда. Мен дәл осы деңгейге көтерілген 1968-1969 жылдары келдім. Сол кездегі Ж.Медетбаев, Қызылорда театрының қазіргі көркемдік жетекшісі Әмір-Темір Құсейін, белгілі киноактер, кинорежиссер Амангелді Тәжібаев, тағы басқаларының бейнесі көз алдымда әлі… Одан кейін театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер болып 1972 жылы келген Жақып Омаров өз әртістерімен жаңа жастық леп алып келді. Бұл кісі – Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрын құрған адам. Сол кезде жастармен жұмыс жасағаны үшін бүкілодақтық І дәрежелі дипломмен Қызыл Туды жеңіп алды.

– Мәселен, сол тұста Әуезов, Айтматовтардан басқа, бүгінгі «Король Лир» сияқты әлемдік репертуардан спектакльдер қойылды ма?

– Күллі Қазақстан шегінде 1978 жылы тұңғыш рет Шекспирдің «Макбеті» Қарағанды театрында қойылды. Бұл – сол кездегі Қарағанды театрының ғана емес, Қазақ ұлттық сахна өнеріндегі құбылыс еді… Оны орыс тілінен аударған – академик Евней Бөкетов. Қойған – Омаров. Және бір ерекшелігі – басты рольді сомдаған – атақты Нұрмұхан Жантөрин. Бейбарыс, Шоқан рольдерін ойнаған қазақ кино өнерінің Орта Азия бойынша мықты киноактері. «Макбет»! Тұңғыш рет Қарағандыда! Сәкен театрының шырқау биікке көтерілген кезінің бірі – осы еді!

– Сөзіңіз аузыңызда, қазір сол деңгей бар ма? Осындай рухани биіктікті ұстап қала алды ма театр?

– Жасыратыны жоқ, салыстырмалы түрде қазір ол деңгейден сәл төмендедік. Неге? Өйткені, бұрынғыдай мықты режиссер жоқ. Жазушының жазғанынан әрі асып шығарып әкететін талантты режиссерлер керек-ақ! Есесіне, бізде талантты актерлар көп. Өкініштісі, соларға қоятын режиссер жоқ. Режиссер дипломы бар мамандар жетеді. Бірақ, режиссер деген – Алланың берген дарыны ғой! Қойылымға келгенде, драматургтың шеңберінен шыға алмайды. Ал, режиссер деген жылт еткен ойды дамытып, бұзып-жарып алып кетуі керек. Біздікілердің көбі драматургтың артынан ілесіп қана отырады…

– Театр өнері тарихында өзіндік қолтаңба қалыптастыра алды ма?

– Қалыптастырғанда қандай?! Жақып Омаровтан кейін театр тағы өрлей түсті және қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Өте талантты режиссер Ерсайын Тәпеновтің кезінде. 1986 жылы Сәкен Жүнісовтің «Өліарасымен» облыстық театрлар ішінен тұңғыш рет Мемлекеттік сыйлыққа ие болдық. Автор, режиссер, суретші Мұрат Мақсұтов, актер Сердеш Қажымұратов пен мен – бесеуміз бірдей Мемлекеттік сыйлықты иелендік. Дулат Исабековтің «Әпкесі», Чеховтың «Чайкасы» қалай қойылды сол жылдары?!

– Тәуелсіздік жылдарында ше?

– Театрды тәуелсіздік жылдарында әлемдік сахнаға шығарған режиссер – Әлімбек Оразбеков. Оның қойған 8 спектаклі республикалық, халықаралық, әлемдік фестивальдарда лауреат атанды. Осының бәрі – театр қолтаңбасынан емес пе? Көштің соң­ында ілбіп қана жүрсе, ел Сәкен театрын қайтсін?

– Сәкен театрының мақтанышы не?

– Мақтанарлықтай, айтарлықтай ак­терлардың жеке-жеке рольдері бар.

Атап айтқанда?

– Мәселен, Жансүгірованың «Қаракөз» спектакліндегі Мөржанын, Бек Киікбаевтың Ричерды, классикалық спек­такльдерде, заманауи тақырыптағы қойылымдарда болсын әсіресе, «Досымның үйленуінде» Биғанымды үздік сомдап жүрген Кемалова, Несиннің «Өлтірші мені, көгершінім» сатиралық комедиясында Сансызбай жақсы ойнап жүр. Гүлсара мен Асылзада, Шәйза мен Бижамал – бұлардың бәрі актерлық ойынды төмендеткен емес. Бастысы, бүгінгі таңда біз мақтануға тұратын жас актерлар бар. Соларға талантты режиссер болса, шіркін! Облыстық деңгейді ғана емес, үлкен академиялық сахналарды құлпырта алатын актриса Дина Заитова. Әлемдік сахна өнерінде бар, бір театрдан екіншісіне барып ойнап кету. Қайрат Кемалов – қай театрдың болсын сахнасын көркейтетін актер ғой. Сәкен театрының 85 жылдығында қазақ ұлттық өнерінің тарихына алтын әріппен жазылатын актер саусақпен санарлық қана: Жәмилә Шашкина, Мұздыбек Әбдікәрімов, Әсия Абылаева, Қарғаш Сатаева, Рамазан Аймағанбетов, Қайрат Кемалов – бұлар Сәкен театрының имиджін қалыптастырушы актерлер десе болады. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың жазғаны бар: «Әлемдік сахнаға Отелланы, Петрющаны, Абайды, Фабусовтарды алып шыға алатын Қарағанды театрындағы бірден бір актер – Қайрат Кемалов», – деп. Кезінде Асқар Тоқпанов: «Әсия Абылаеваның Медеясы әлемдік дәрежеге шыққан, Анжафричи ойнаған биіктікке қатар қоюға болады. Әттең, сондай әлемдік фестивальдар жоқ», – деген. Міне, Қарағанды театрының актерлары! Әттең, режиссер тұрақтамай кетіп қалатыны – өкінішті.

– Сәкен театры болашаққа қандай құндылық апара алады?

– Актерлік шеберлік. Үлкендерден қалған мектеп. Жәмилә Шашкинаның мектебін Әсия Абылаева алып қалса, оның мектебін Жібек Жансүгірова, ал, Жансүгірованың мектебін Заитова алып қалып отырғаны қандай сабақтастық?!

– Қазақ театр өнеріне қосқан үлесі не?

– Бәрі керемет демеймін. Тамаша-тамаша спектакльдер бар. Мұрат Қосыбаев қойған «Қара қыпшақ Қобыланды», бұл – кәдімгідей қазақ өнерінің алтын діңгегіндей. Жақып Омаров қойған «Макбет» пен «Ай тұтылған түн». Ерсайын Тәпеновтің «Медеясы» мен «Чайкасы». Әлімбек Оразбек сахналаған «Қиямет-қайым киотасы» ал, «Домалақ анасы» – ұлттық классиканың ғажабы ғой!

– Мемлекеттік сыйлықты кезінде Ленин ролін сомдағаныңыз үшін алғаныңызға өкінбейсіз бе, қазіргі көзқараспен қарағанда?

– Жоқ. Актер ретінде алып шығып, көрсете алатын он ролім бар. Жас кезімде мені жарқ еткізіп көрсеткен – Мұзтай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» Ақжігіт ролі. Одан кейін республикаға танытқан Сәкен Жүнісовтің «Өліарасындағы» Ленин ролі. Оған өкінбеймін. Өйткені, мен оның қателігі – қатыгездігін алып шыққан екенмін. Оны маған жазушы Жайық Бектұров ақсақал мен Асқар Тоқпанов айтып еді. Алдыңғы ақсақал бірде үйіне шақырып алып, Ленин туралы кезінде Ресейден шетелге жер аударылған орыс ғалымы дәлелдеп жазған журналды беріп еді. Дәлелдегені – Лениннің қатыгездігі. «Сен осыны аша алдың» деп қолымды алды Жәкең. Ал, Асқар Тоқпанов болса, «мен жылауық Ленинді көріп едім, бірақ, мына баланың Ленинін қарсы алдым, қабылдадым» дегені әлі есімде…

– Уақыт қиып, осындай әңгіме айтқаныңызға рахмет, аға!

Сұхбаттасқан

Жәнібек ӘЛИМАН. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button