Ұлытау

Бүкпесіз әңгіме – кемелдену кепілі

           Ұлытау ауданының әкімі Әнуар ОМАРДЫҢ жыл қорытындысы бойынша өткен тұрғындармен есепті кездесуі екіжақты түсіністік орныққан сындарлы әңгіме алаңына айналып, бүкпесіз пікір алмасуға мол мүмкіндік берілді. Соның нәтижесінде даму үдерісіндегі күрделі жайттар екшеліп, оларды елдік мұрат жолында еңсерудің алғышарттары айқындалды. Жылдың басты жиынына облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Саяш АХМЕТОВ қатысып, сөз сөйледі.

Көшелі істерімен көпке үлгі болып, сөйлеу мәнері тыңдарманды тамсантатын Әнуар Серікбайұлы өзінің мазмұнды һәм нәрлі баяндамасында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы айқындап берген бірегей міндеттерді ауданның өткені және келешегімен сабақтастыра отырып, салмақтап берді. Жүзеге асырылған жүйелі жұмыстар лайықты аталып өтіп, қолға алынған істерге тежеу болған керітартпалықтар түбегейлі таразыланды.

Ұлытау ауданы жер көлемі жағынан облыста ғана емес, республика аумағындағы алып аудандардың қатарында екендігі белгілі. Әрине, елді мекендер аралықтарының алшақтығы, кенттер мен ауылдарды аудан орталығымен жалғастыратын көлік жолдарының сапасыз деңгейі, ауа-райының қолайсыздығы оралымды істерді ұтымды ұйымдастыруға қолбайлау болып жататыны жасырын емес. Соған қарамастан, бекем бірлігі берекесіне негіз қалаған елдің «жұмылған жұдырықтай» қалпы қарымды істерді қалыпты арнада жүргізуге дәнекерлік етіп келеді. Міне, сол себепті, жетістіктер – жүйелі. Әлеуметтік-экономикалық даму үдерісінде әлеуетті әрекеттер баршылық.

Мәселен, экономиканың нақты секторындағы қорытынды көрсеткіштер көңілге шуақ ұялатады. Шағын кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі 1 млрд. 125,8 млн. теңгеге жеткен. Тауар айналымының жоспары 312 млн. 200 мың теңгеге орындалып, 107,1 пайызды құраған. Белсенді кәсіпорындардың өсіп-өркендеу қарқыны – 100 пайыздық деңгейде. Бұл бағытта 354 жеке және 38 заңды тұлға, сондай-ақ, 918 шаруа қожалығы қызмет көрсетуде. Мал тұқымын асылдандыру, соған орай, мемлекет тарапынан субсидия алу жайы да біршама жолға қойылған. Ветеринария саласын жетілдіру, жер ресурстарын ұтымды пайдалану шаралары ширай түсуде. Тіршілікті қамтамасыз етуге қатысты салаларда орын алған кемшін тұстарды ретке келтіру мен тиімділігін арттыру жұмыстары да пәрменді сипатты иелене бастады. Әлеуметтік саладағы әлеуеттілікке ерекше мән беріліп келеді. Білім беру, денсаулық сақтау, еңбекпен қамту, мәдениет, жастар саясаты және спорттық-сауықтыру бағытында қолға алынған жұмыстардың қарқынын арттыра түсуге айрықша көңіл бөлінуде. Автокөлік жолдарын жөндеу мен елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына жүйелілік тән. Осы мақсатта атқарылған шаралар – нәтижелі, ал, биылғы жылдың жоспары – айқын әрі қомақты. Жылу беру маусымына мұқият әзірлену мен оны талапқа сай өткеру, қоғамдық тәртіпті сақтау саласында қапысыз қимылдар жасау жайы – қатаң бақылауда.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында атқарылған жоспарлы жұмыстар – бұқара көңіліне қонымды. Жоспарлы іс-шаралар мен олардың тиімділігі ішкі саяси ахуалды тұрақтандыра түсуге берік негіз қалап келеді.

Мемлекеттік деңгейдегі жоспарлар бойынша Ұлытау – ұлттық туризмнің басты тіректерінің бірі. Болашақта солай болары күмәнсіз. Осылай мәлімдеуге құзырлы жоғары органдар тарапынан бөлініп отырған көңіл мен мақсатты түрде қарастырылған қаражаттың қомақтылығы – басты себеп. Өзінің шежірелі тарихы, көнеден жеткен құнды жәдігерлері талайды қызықтыратын Ұлт бесігінде алыс-жақыннан келетін туристерге қолайлы жағдай тудыру үшін қонақжай-орталығы (визит-орталық) құрылысы салынбақшы.

Кездесу барысында жоғарыда аталған және осынау жазба аясына сыйдыру әсте мүмкін емес өзге де өзекті мәселелер егжей-тегжейлі қаузалды. Тұрғындар тарапынан қойылған түрлі сипаттағы сауалдарға толыққанды жауаптар берілді. Осы орайда, аудан әкімінің жиынға қатысушылардың ашық үн қатуларына ықыласты болғанын айрықша атап өткен жөн. Пікірлерді жинақтау жәшіктеріне салынған жекелеген азаматтардың мемлекеттік құрылымдар мен олардың басшыларына, село әкімдеріне және өзіне бағытталған сыни сипаттағы, алайда, авторы белгісіз хаттарын жасырмай жария етуі, сонымен қатар, «Көкейлеріңізді тескен, тікелей аудан әкіміне «қатты тиетін» сұрақтарыңыз болса, бүгіп қалмаңыздар» деп ашық мәлімдеуі кездесуге қатысушылардың риясыз ризашылығын туындатты. Әнуар Серікбайұлы сондай сипаттағы жекелеген сауалдарға сараптамалық тұрғыда орнықты жауаптар қайтарып, жылдың басты жиынының мәні мен маңызын мейлінше арттыра түсті.

Бұқараның талап-тілегін ескеру мен зерделеу – қай басшы үшін де қайтарымы мол қажетті шаруа. Біз аудан әкімінің тұрғындармен кездесу кезіндегі өзгелерге үлгі болар ұстанымдары мен парқы биік әңгімесінің ұстынын ой елегінен өткізе отырып, халық пен билік арасындағы екіжақты терең түсіністік ахуалына ерекше тәнті болдық. Түптеп келгенде, бұл жағдай – Ұлт ұясының келешекте кемелдене түсуінің кепілі. Лайым, солай болғай!

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button