Бөкетовке қатысты бір естелік
Атақты адамдардың көзін көргендердің естелік жазуы және сол естелігін дәлелмен, куәлармен бекітіп беруі орынсыз көрінбесе керек. Елімізге есімі кеңінен таныс Евней Арыстанұлы БӨКЕТОВПЕН тілдесіп, бірге істеген шаруамыз туралы «Орталық Қазақстан» газетіне бірер мағлұмат бергіміз келеді…
Ол кезде редакцияның мәдениет және өнер бөлімін басқарушы едім.
1981 жылдың қазан айының ортасында редакторымыз Рамазан Сағымбеков шақырып алды да: «Саған бір жауапты әрі маңызды тапсырма берейін деп отырмын. Мынау – Евней Бөкетовтің қолжазбасы. Өзі беріп жіберіпті, жаңа телефон соқты. «Бір дұрыс адамыңа тапсырып, қазақшаға аудартып, үзігін жариялай алсаң…» деді. Мен уағда бердім. Барлығы жүз беттен асады, осыдан газетке 10 бет дайындап бер», – деді. «Арыстанов деген псевдониммен береміз. Ағаң жүдеп жүр ғой. Басқаларға көрсетпей-ақ қой, екеуміз ғана білейік».
«Неге? Қалай?» деп сұраған мен жоқ. Тапсырманы алдым да шығып жүре бердім. Машинкаға сауатты басылған орысша мәтінді толық оқып шықтым. «Святое дело Чокана». «Не жаңалығы бар екен, өзім білетін Шоқаннан басқа?» деген оймен шұқшия үңілдім. Бәлендей жаңалық таба алмадым. Жинақтарда жазылып жүргендер, Г.Н.Потаниннің айтқандары, тағы сол сияқты өмірбаяндық деректер ауызекі әңгіме стилімен, жатық баяндалған. Түсіндім. Ғылыми мақала емес, Шоқан бейнесін қалың оқырманға байыптап түсіндірудің жолын іздегендей әсер қалдырды. Автордың ниетін түсініп, сол сарынмен қазақшалай бастадым. Аудардым десем, келіңкіремейді. Жүз беттен он бет жасау басқа шаруа. Яғни, автордың деректерін алып отырып, шамам келгенше автордың баяндау мәнеріне жақындатып, ауызекі стильге жақындатып, жаңа мақала жазып шықтым.
«Тұлпар тұяғының іздері» деп бас тақырып қойдым. Менің бұл әдіс-амалымды түсінесіздер. Орысша түпнұсқасы «Святое дело Чокана» жарияланған. Музейде тұр. Ал, менің аударғаным өзімде де жоқ, музейде де жоқ. Евекеңнің жинақтарында да жоқ. Және ол туралы, «Е.Бөкетовтің сондай шығармасы «Орталық Қазақстанға» шығып еді деген дерек те жоқ. Кезінде Хамзабай ақсақалға айтқанмын, «өзімде жоқ, Евекеңнің өз архивінде болуға тиіс, жоқ болса «Орталықтың» жігіттеріне айтсаңыз, тауып береді» деп…
Хош. Жазғанымды редакторыма апарып көрсеттім. Рамазан ағамыз парақтап төңкеріп көрді де: «Евекеңнің өзіне апарып, мақұлдатып ал», – деді, үйінің телефон номерін берді. «Алдын ала хабарласып алғаның жөн шығар», – деді. (Естеліктің жауапкершілігі ауыр. Сөзбе-сөз келтіріп отырмын. Әрі қарай да солай – З.Т.).
Телефон соқтым. Ертеңіне, әлі есімде, сенбі күні сағат онға келістік. 1981 жылғы ноябрьдің бесі мен алтысының біреуі. Қырбақ қар түскен екен. Екі қабатты үйдің ауласына, мәшинемді әрірек қойдым. Сыртқы есікке таядым. Сағат он болса да, сыртқа кіріпшыққан із көрінбейді. Қоңыруды бастым. Үрген иттің жуан даусы шықты. Жасымнан иттен қорқатыным бар. Есіктен қиыстаңқырап тұрдым. Әйел адам жөнімді сұрады. Айттым. Ашты, Евекеңнің бәйбішесі екен. Қазақ «тайыншадай» десе дегендей, тұлғасы кесек итке орысша басу айтып еді, қоя қойды. Ішке өттім. Евекең алдымнан шығып, кабинетіне алып кірді. (Ит екі көзін менен алмайды. Сол үйден щыққанша көзін алған жоқ. Сол үрей әлі көз алдымда. Ұмытқан жоқпын – З.Т.).
Маған «кітап қарай тұрыңыз» деді де Евекең қолжазбаны оқуға кірісті. Әрине, қалам алып отырып, іштей оқыды. Тез оқыды. Бір-екі жеріне бөгеліп, болар-болмас белгі қойды.
Есімде қалғаны: «Шоқан айтады…» деп бастап, сөйлемді бұзыңқырап, ауызшаға жақындатқан жерімді көрсетіп, «осылай дұрыс па?» деп сұрады. «Дұрыс, ол былай…» деп түсіндірген жоқпын, «қате кетіпті» дегенім де жоқ. «Түзетейін» дедім. Сол сөйлемді түзеткен-түзетпегенім есімде қалмапты, қазір көріп, тексеруге болады.
«Жарайды, баса беріңіздер» деп келісімін берді. Басқа артық-ауыс сөз болған жоқ. Әңгімелескен де жоқпыз. Нағыз «іс үстіндегі» тіл қатысу болды. Мен қолжазбаны алып, редакторыма тапсырдым. «Нендей әңгіме?» деп ол сұраған жоқ. Тек, «Аударған пәленше» деген жазусыз апарғанмын. Мүмкін, «автор қазақша жазып берген» деп түсінсін» деп ойладым. Редактор Рамазан Сағымбековке солай деп айттым-ау деймін. Бірақ, оныма жауап берген жоқ, «Аударған З.Тайшыбаев» деп өз қолымен қосып жазды. Солай газетке шықты.
Евней Бөкетовтің өмірбаяны, шығармашылық деректерінде 1983 жылдың күзінде «Орталық Қазақстан» газетінде «Қабыкен Арыстанов» деген лақап атпен басылған «Жылымғұрт» деген әңгімесі «автордың көзі тірісінде баспа бетін көрген соңғы шығармасы» деп аталып жүр. Медеу Сәрсекеев солай жазыпты да. Осы оқиға туралы менің білетінім: 1983 жылдың жазында авторы беймәлім қолжазбаны («Червь зависти» деп орысша жазылған) редактордың орынбасары Өтен Ахметов маған тапсырып, «оқып көрші» деді. Екі күннен кейін қайтарып бердім. «Ештеңе түсінген жоқпын» дедім. Расы керек, көлемі үлкен, мазмұны бұлыңғыр, орысша жазылған материалды не істеу керек екендігін Ө.Ахметов маған ашып айтқан жоқ. Тек, бір-екі апта өтті-ау деймін, қазақша әңгіме жасап, бас тақырыбы жөнінде ақылдастық. «Оқып шығыңыз да, газетке беріңіз, редактордың тапсырмасы», – деді. Әлі есімде: «Пәлен деген орыстың пәлен әңгімесіне ұқсайды» дегені. Мен көңіл қойған жоқпын. Орынбасар қолы болса, нем бар. Оның үстіне қолжазба қазақша болмаса, көлемі келмесе, әдебиет газеті болмаса дегендей…
Бұл жағдайды жазушы Өтен Ахметов те ұмытқан жоқ шығар, көзі тірі. Ал, автордың қолжазбасының «жауапты хатшы Рымқұл Сүлейменовтің үстелінің суырмасында сегіз ай жатыпты, ол баспай қойыпты» дегенді де оқыдым.
Дүниеде жоқ адамдардың жоғын жоқтағанда, марқұмдардың бірін-біріне қарсы қойып, бірін оздырып, бірін мұқатқанды мүлде қолдамаймын. Көргенбіз, білгенбіз, шынында, мүлде олай емес.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ.